Руханият

Алаштың адуынды ақыны

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫНЫҢ жырларымен жастайымнан таныспын. Өлеңдерін сүйіп оқимын. Туындыларында шынайылық бар. Оқып отырып, төгіліп түскен жыр екенін сезесің. Күшенбей жазады, оқырманын сендіре алады, ойландырады. Әлі күнге сарқылмай келе жатқан бірегей ақын. Өмірге өлердей ғашық. Өзі айтпақшы өзегінің үнемі өртеніп жүретініне қалың оқырманы куә.

Жалпы әр ақынның оң жамбасына келетін тақырыбы болады. Оның көбіне жырға қосатын тақырыбы – түркілік төкпе сарын. Жырауларша боздағанда өзіңді қоярға жер таппайсың. «Тақырыбы жоқ болса, ақын да жоқ» деген екен Олжас Сүлейменов. Осы жағынан Секең өз сарынымен айтарын ағыл-тегіл айтып жүрген шайыр. Биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» атты жыр кітабын оқып отырып, оның алапат таланты мен өткір жырларына тамсандым. Мәселен, мына бір екі-ақ шумақтан тұратын өлеңін оқып көрейік:

«Алтайдан –
Көз жетпейтін көкжиектегі Еділге,
Үйір-үйір көкаланың тұқымы өрлей жайылып;
Құраулап құлын қайырып;
Адамзатта алғаш атқа мінген адам мен едім,
Ауыздығын айырып!

Қанша менің Құлагерім,
Батыраштың балтасынан,
Қара жерге басын сүзе құлады?
Қанша, қайран, Ақан серім қан уыстап, жылады?!
Сұраусыз қап Құлагердің құны әлі, –
Қазақ неге әлі ішінен тынады…»

Байқасақ, осы қысқа өлеңінің өзінде қазақтың қатпарлы тарихын көз алдыңызға елестетеді. Ұлттың тереңде жатқан тамыры мен оның қасіретін де қанын сорғалата айтады.

Сонымен қатар, ол кез келген тақырыпты шебер жырлай алады. Айтар ойын ашық-шашық бере салу оған жат. Гүлге орап, оқырманын ойландыратындай етіп береді. «Поэзия – ой айту емес, ой салу» деп Темірхан Медетбек ағамыз айтқандай, әр өлеңі терең ойға құрылады. Өз дәуірінің шындығын тап басып айта алады.

«Қасиетті латын» деген өлеңінде алғашқы шумағынан-ақ,
Ару Латын, әлі он сегіз жасында.
Жақсы менен Жайсаң соның қасында.
Ғаламзатты қартайтты да ғашық қып,
Кербез Сұлу келді біздің ғасырға» деп, айтқысы келгенін ақтарып тастайды. Мәймөңкелеп отыру деген жоқ. Бұл жырдан бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселені көре аламыз.

Серік Ақсұңқарұлының азаматтығы бір бөлек. Ел тағдырына қатысты әр мәселеге өз азаматтық үнін қосып жүргенін ел біледі. Биылғы жылдың басында Қарағандыдағы «Достық» үйінде өткен қаладағы бірнеше ескірген көшенің атауын ауыстыру жөніндегі қоғамдық тыңдауда да өз биігінен көрінді. Ленин көшесін ауыстыруға қарсылықты көріп, тыпыршып отыра алмады. Сахнаға атып шығып:

«Ленинді керек қылмай жатқан тек біз емес. Оны орыстардың өздері бастаған. Кеңес үкіметі тараған тұста, Ленинградтың атауын Петербург деп ауыстырып тастаған өз жұрты. Орыстың өзіне керегі жоқ Ленин бізге де керек емес. Оның көшесінің орнында «Адамзатты бауырым деп сүюге» шақырған Абайдың есімі тұруға тиіс» деп кесіп айтты. Жұрт тік тұрып қол соқты. Сол сәтте оның арда азамат екеніне, ұлты үшін қажет болса отқа да түсуге дайын қайсарлығына риза болдым.

Өзім Секеңді аға деп сыйлап, үлкен құрметпен қараймын. Жүрген жерімде өлеңдерін жатқа оқып, азаматтық болмысын аңыз қылып айтып жүремін. Ассамблеяның ұйымдастыруымен өтетін шараларға да белсенді қатысып, ел тыныштығы үшін бар күшін салып жүреді.

Оның бойындағы тағы бір жақсы қасиеті – өте білімділігі. Қазір елді бірдеңемен таң қалдыру қиын екендігін жақсы түсінеді. Үнемі ізденісте жүретіні шығармаларынан байқалып тұрады.

Өзі үнемі: «Ақын деген көп ізденуі керек. 1% талант болса, 99% ізденіс болуы қажет. Ақын оқырманнан оқ бойы озық болуы тиіс. Салпақтап, оқырманының артында жүретіндерден түк шықпайды» дейді. Сондықтан да, оның жырларын бір оқығанда қарапайым адам түсінбей қалуы ықтимал. Мысалы, «Рух» деген өлеңін:

Мысалы, «Рух» деген өлеңін:
«Жаным, менің жайымды түсінер ме ең,
Түнде ұйықтап жатсам да түсіме енген, –
Өлең деген – Рухты іздеп өттім,
Өмір деген кітаптың ішінен мен» деп бастап,
астан-кестен күйге қалдырады.

«Хан Кенеге ілесіп, қия шалдым,
Қарлығашпен бірге ұшып ұя салдым.
Ұлттық рух – жыр екен, уыстап ап,
Ақ парақтың бетіне құя салдым…» деп оқырманның санасына жырдың, рухтың қуатын құйып береді.

Жырларымен жастарды еңбекқорлыққа баулып, бағыт-бағдар береді. Ұлтты сүюге, ірі, рухты болуға үндейді. Жазушылар одағының облыстық филиалын басқарған жылдары қаншама шара өткізіп, аймақтағы әдебиеттің қазанын қайнатты. Бірнеше жас ақынның кітабына алғысөз жазып, батасын берді. Әдебиет әлеміне жол ашты. «Қарағандыда Ақсұңқарұлының соңынан ерген 40 ақын бар» деген сөз бекер емес. Секеңнің жанашырлығының арқасында барлығы қанаттанды бүгінде. Жақсылыққа жаны құмар, қасына игі-жақсыны жиып жүреді. Дәуітәлі Стамбеков, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сынды алдыңғы буын ағаларынан көрген жақсылығын да аузынан тастамай айтып, жастарды бауырмалдыққа баулыйды.

Аудармалары бір төбе. Евтущенко, Вознесенский сынды үлкен ақындардың жырын тамылжыта қазақы қалыпқа салып аударғанда тәнті боласыз.

Серік ақынның «Қасқырдың монологы», «Адасқан ұлдың ата жұртына оралуы» сынды отты өлеңдерін өлеңсүйер қауым жатқа соғады. Әр ақын қай елдің ғұламаларын оқыса да өз негізінен ажырамау керектігін үнемі айтып жүреді. Өзі де сол ұстанымға берік.

«Қазақ еді – Қаз Үнің.
Жазығы – не?
Менің қандай жазығым?!

Көнбе ешкімге, Көк Бөрі,
Сөнбе, Темірқазығым!
Көк Тәңірі Көктен Жерге сауып Нұр,
Еділ Патша елге келді шауып бір!
Қайда жөнеп барасыңдар ауып бұл?!
…Қазақты қайырып Түркіге,
Төбемнен жауһар жауып тұр…» деген өлең жолдарынан оның азаматтық, патриоттық ұстанымын анық көре аламыз.

Абайды сүйеді, хакімге арнаған да жырлары бар. «Балуанға оңы да, солы да бір» демекші, арнау өлеңдерінің өзін мөлдіретіп жазады.

«Алашсыз Абайдың, Абайсыз Алаштың
жоқ күні,
Қара өлең екен ғой қазақтың биік шоқтығы.
Дипломсыз Абай аспанға жөнеп жұртында,
Абдырап қалды қаптаған ғылым докторы» дейді Секең. Ал, Абай жайлы жыр жазғысы келген ақын осылай жырлап көрсін шамасы келсе…

Есенғали Раушанов «Арамызда Серік Ақсұңқарұлы деген жас ақын бар» деп әзілдесіпті, бір жиында. Онысы Секеңнің 70-ке келсе де, махаббат майданын жырлайтын шеберлігін меңзегені болса керек. «Шайтанкөлде бір қыз бар Ләйлә деген», «Біреудің әйелі» сынды жырларын жастар сүйсіне жатқа оқып жүр. Жүрегі әлі жас, асау көңілі үнемі аласұрып тұрады. Мына жырына қараңыз:

«Барады уақыт зыр қағып,
Зырладық бірге өзіміз.
Сонау күндерден ұрланып,
Қарайды сіздің көзіңіз» деп бастап,
«Ұйықтаппыз. Көкте жүзді Күн.
Көңілде сол бір жыл ояу.
Келіншек бопсыз Сіз бүгін,
Мен де әке боппын, құдай-ау?» деп ынтықтыра
түсіп,
«Пәк махаббатсыз не тірлік?
Пенделік ғұмыр – құнарсыз.
Кейде… Сіз мүмкін өтірік,
Жылайтын-дағы шығарсыз?» деп қалғанын оқырман еншісіне қалдырады. Кейбір жас ақындардың өзі махаббатты Секеңше жырлай алмайтынын көріп жүрміз. Секең әлі бабында, күнде ғашық болады. Күні-түні өлең жазады. Өмірін өлеңге арнаған, әдебиетке адал ақын.

Серік Ақсұңқарұлы – халқына әлі де берері көп ағып тұрған шайыр. Нені жазса да, таусыла, егіле жырлайды. Оқырманға барын ақтарып салады, сырын бүкпейді.

Өз буынының көш басында тұрған, ешкімге ұқсамайтын, жеке мектеп қалыптастыра алған дара талант иесі. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып алар орны бар классик ақын. Халық Секеңнің жырларына деген шынайы бағасын баяғыда-ақ берген. Ал, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ақсұңқарұлының рухты поэзиясын мойындап, өз пікірлерін үнемі айтып, жазып та жүр. Оның жырлары ғасырдан ғасырға жететін туындылар. Мөлдір, табиғи, төгіліп түскен – таза поэзия. Балталасаң бұзылмайтын – қуатты, шаһқар поэзия.

«Көкейімде Күлтегіннің жазуы» атты бірыңғай тегеурінді жырлардан тұратын жыр кітабы мемлекеттік сыйлыққа бірден-бір лайық туынды деп білеміз. Қазақстанның, әлемнің түпкір-түпкіріндегі оның талғампаз оқырмандары бұл сөзімізді құптары анық.

Алла алқасын Сізді, Алаштың адуынды ақыны!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі.

Басқа материалдар

Back to top button