Руханият

«ҚҰНАНБАЙ» кітабының құндылығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында хәкімнің 175 жылдығын «ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін» лайықты атап өтуді айтқан болатын. Бұл бастама Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығымен ұштасып жатқандығы белгілі. «Той атымен тон пішіледі» демекші, айтулы мерейтой қарсаңында қазақ әдебиетінің қоржыны бірнеше құнды дүниелермен толықты. Солардың бірі – Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» («Жизнь замечательных людей») сериясымен шыққан белгілі тарихшы, академик, Ерлан СЫДЫҚОВТЫҢ «Құнанбай» атты кітабы.

Даңқты сериямен шыққан кітапта хәкім Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының өмірбаяны және ол өмір сүрген заман қамтылған. Кітаптың құндылығы Өскенбайұлының тұлғалық айналасын жаңа қырынан ашқандығымен ерекше.

«ЖЗЛ» – негізінен атақты тұлғалардың ғұмырбаянын насихаттайтын серия. Автор кәсіби тарихшы болғандықтан «Құнанбай» кітабының тарихи бояуы қанығырақ көрінеді. Қазақ халқының өткеніне өшпес із қалдырған белгілі тұлғаның өмірбаяны деректік түрде баяндалып қана қоймай, оның өмір жолы мен тағдыры аясында сол заманның тынысы, тарихы тұтастай қарастырылған. Кітапты көркем тілмен жазылған танымдық-тарихи зерттеу деуге негіз бар.

Автор алғашқы беттен бастап, М.Әуезовтің роман-тетралогиясының жоғары көркемдігін мойындай отырып, ақын әкесінің бейнесін сомдауда сол жағдайларға байланысты жазылған сюжет желісі – әке мен бала арасындағы қақтығысқа қатысты ой өрбітеді. Осы тұста М.Әуезовтің 1930-1932 жылдарға дейінгі публицистикалық және ғылыми мақалаларына ретроспективті талдау жасалғаны кітап құндылығын арттыра түскен.

«Құнанбай» еңбегінің материалдарды ұсыну тәсілі ерек. Құнанбайдың туу дерегі мен шежіресіне арналған бірінші тарауда «би» және «шежіре» категориялары сараланған. Тобықты руы қоныстанған Шыңғыстау жері мен жалпы қазақ халқының тарихы біртұтас баяндалуы сәтті шешім. Сондай-ақ, ру тарихындағы Қараменде, Кеңгірбай, Ырғызбай, Өскенбай сияқты рубасыларының өмірбаяны қатар баяндалса да, басты назар Кеңгірбайдай биден бата алған негізгі қаһарман – Құнанбай ғұмырнамасынан алыстап кетпеген.

Кітапта Құнанбайдың замандастары – Н.Аристов, С.Броневский, А.Янушкевич сияқты белгілі тарихшылар мен саяхатшылардың естеліктерінен сілтемелер келтірілген. Автор Құнанбай білімінің тереңдігін осылай аңғартқысы келген деп түсіндік.

Елеулі еңбектен Е.Сыдықовтың қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын, этнографиясын, этимологиясы мен антропологиясын терең және жан-жақты білетінін айқын байқаймыз.

Тұлға мен оның дәуірін зерттеуде тек жалпы тарихи әдістері ғана емес, сонымен қатар жүйелі және өркениетті деп аталатын жаңа әдістер қолданылған. Айталық, аға сұлтан Құнанбайдың істерін әңгіме еткенде, зерттеуші оны қазақ халқының, жалпы адамзат өркениетінің тарихына ретроспективті шолу жасай отырып тарқатады. Маңызды деген тарихи оқиғалар талданған кезде автор тиісті параллельдер жасап, салыстыру негізіндегі лайықты қорытындылар жасайды. Бұл қорытындылар нақты фактілерді қаз-қалпында айтып беру негізінде ғана жасалмайды, шынайы тарихи және архивтік құжаттар негізінде, оларды жан-жақты түсіндіру және талдау арқылы айқындайды.

Тарих ғылымының танымал теоретигі Энтони Смит қазіргі заманғы ұлт пен ұлтшылдық теорияларын зерттей келе: «Айталық, қалың бұқараның баяулығы элиталардың іс-амалдарымен толығу керек деген долбар айтатын болсақ, онда сол иін бұқара элиталардан әлеуметтік инженирия жоспарларының аясында оны оятып, белгілі бағытқа беттеу манипуляцияларымен толығу керек» деген. Осы тұрғыдан келгенде, Е.Сыдықов «қазақ элитасы жалпыға ортақ парадигмалардан гөрі, колониалдық билік жағын неге ұстанды?» деген сұраққа тарихи оқиғаларды терең талдап, ұлт тұлғаларының мақсаты елдің бірлігін, ұлттық бірегейлікті сақтау арқылы мемлекетті жаңғыртуды ойлағанын жан-жақты түсіндіре алған. Бұдан аға сұлтан Құнанбайдың өз уезінде атқарған реформалары басты мақсат ретінде ұлттық рухани құндылықтарды сақтап, оларды нығайтуға бағытталғанын аңғаруға болады.

Бүгінгі таңда академик Ерлан Сыздықовтың ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстары елдің ыстық ықыласына бөленуде. Солардың ішінде тікелей редакторлығымен жарық көрген «Абай академиясы» сериясының көптомдығын ерекше атап өткім келеді. Бұл тарихи маңызды еңбекті Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай – рухани реформатор» мақаласында атап көрсеткен болатын. Ғалым Ерлан Бәтташұлының Абай мерейтойы аясында атқарып жатқан орасан зор еңбектері бүгін де, болашақта да жоғары бағасын алатынына кәміл сенімдіміз.

Жансая ЖАРЫЛҒАП,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Басқа материалдар

Back to top button