Қаламгер мен қалың ел

…Газеттің жаңа сандарын асыға күтіп отырамыз. Сондай бір күйбең тірлікпен ертелетіп Мағауия СЕМБАЙ ағама жеткенімде, хатшы қыз «Орталық Қазақстан» газетінің жаңа шыққан санын ұсынды. Бөлме ішін баспахананың бояу иісі алып кетті. Мағаш ағам «Орталықты» құмарлана бір иіскеп алып, салалы саусақтарымен газетті тарап шыққандай болды да бірден соңғы бетіне үңілді. Үнсіз отырмын. Ұзақ тесілген. «Мен саған газеттің соңғы беті мен ішкі бетінің сырын айтайын» – деді сәлден кейін басын көтеріп. Тұнжырап кеткен.

 

– Ең ардақтыларды «Дүние – дүрмектен» табамыз. Газеттің мәнді беті бұл. Қаздауысты Қазыбек бабамыздың: «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» дегеніне осыдан көз жеткізетін боламыз, – деді күрсініп. Үнінде үлкен зіл бар.

Сол ғибраттың сырын қаламгердің туған күні қарсаңында ашқандай болып отырмын. Айтса айтқанындай-ақ, әр жұмыс күнін дүние – дүрмекпен бастап, ана дүниенің есебімен аяқтап келген екен ғой. Бірлікті насихаттаған қайран Мағаштың ғибраты енді қалың елді қасына жинады. Күйбең тірлікті өлім толтырды. Өлілер тіпті «Дүние – дүрмекке» сыймайтын да түрі бар. Қайран игі жақсылар мен жайсаңдар…

Уақыттың кең кезінде ишарамен ғана «Дүние – дүрмек» сырын айтып еді. Қаншама құпия ішінде кетті…

Сержан СМАХАНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.