Руханият

Мереке өтті, мәселе қалды…

Ұлттық Домбыра күні өткені кеше ғана. Көкейді әртүрлі ой түртіп, санада түрлі сұрақ түрегеледі. Бақсақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ту көтерген таңғажайып дүние – осы, меніңше. Ұлттық Домбыра күні! Рухани жаңғырудың кең өрісі немесе алтын арқауы. Ұлттың рухани тамыры іспетті домбыраның маңызы қандай болса, рухани жаңғыру да сондай қадір-қасиетті қуаттайтын байыпты бағдарлама. Бірін-бірі қуаттап, бірін-бірі толықтыра түсуі тиіс құстың қос қанатындай бітісіп кететін дүниелерді қазіргі қазақ қоғамы қабыстыра алып жүр ме осы деген сұрақ тууы заңдылық шығар…

 

Не десең о де, Қадырдың «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегені – «мың жыл жүрсе дәмі кетпес сөз». Домбыраның артында қазақ, қазақтың артында домбыра тұр. Қайқы қылыш, ақ найзадан айрылып, аттан ауып қалған қазақтың қолында жалғыз домбыра қалды. Халқымыздың күллі құндылығы мен бар асыл қасиетін алмастыра алған да осы аспап қана. Қазақ бес қаруынсыз жаяу қалғанда ел мен жер үшін күресті домбыра жалғастыра берді. Сөйткен домбыра әлі күресіп келеді екен ғой… Тіпті, Қазақ тәуелсіздікке жетіп, ұлттық Домбыра күні белгіленіп, рухани мұрасын сақтау жобалары қолға алынса да солай. Домбыра тартып, ән салатын немесе күй шертетін қазақ баласының ұлттық құндылық, ұлттық мүдде дегенде ұшып тұратынын айтса да жеткілікті шығар мысалға. Соның бірі – осы Жаңаарқаның тумасы, қазақ өнерінің жұлдызы, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай ұлдарыңыз екенін айтса да жеткілікті.

Ғаламтор көзіне «Рухани жаңғыру» деп салып келіп жіберсеңіз, осы бағдарламаның эмблемасынан басқа сурет шықпайды. Сонымен бірге әртүрлі мазмұнда өткен науқандық шаралардың хабары ілігеді көзге. Әрине, біз бұл салада жұмыс істелмей жатыр деуден аулақпыз. Бірақ, ұлттық Домбыра күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленген соң, оны бірден-бір қолдап, қуаттайтын «Рухани жаңғыру» сынды бағдарлама айналыста тұрған соң, науқандық өтті-кетті шаралардан гөрі маңыздырақ, жүйелі жобаларды күтеріміз анық қой. Өткенде Домбыра күні қарсаңында тікелей репортаж беруді мұрат тұтқанымызбен, Қарағандыдан домбыра шеберханасын таппай қалдық. Біз білетін домбыра шебері Аман Сәдуақасов ағамызға хабарласу мүмкін болмады. Ол кісіден басқа домбыра шеберін таппай қалдық. Мәселе осы жерден құлағын қылтитпай ма? Қазір Қазақ даласында домбыра шеберлері көп емес, осы Қарағанды өңірінің өзінде саусақпен санарлық қана, білем. Және бұл – атадан балаға қанмен берілетін өнер. Ал, олардың шеберханасы, оның жұмысы көбіне өзіндік қана. Жарнамалары да жоққа тән. Тек өз қазандарында қайнап жатқаны байқалады. Шама келсе, жағдайларын шешіп, жандандырып жіберсе, нағыз рухани жаңғыру сол емес пе? Аты аталған Аман ағадай атақты шебер туралы әңгіме басқа, әрине. Бара-бара бұл кісі де шеберханасын дамытып, мектеп ашқысы келмейді дегенге мен сенбес едім. Өңірдегі домбыра жасаушы басқа да шеберлер осындай «мен» деген шеберлердің алдынан іс-тәжірибеден өтсе, өнер сонда өседі. Ондай өнер мектептері жүзеге асып жатса, талағында биті бар жастар көптеп шықпай қоя ма түбінде? Сөйте-сөйте бәсекелестік болған жерде өнердің де бәсі биіктеп, өрісі кеңи түспей ме? Мәселен, кеше Домбыра күні қарсаңында осы газетте шыққан Қызғалдақ Айтжанның «Ішек пен шындық» мақаласындағы мәселе – домбыраның ешкінің ішегінен есілетін баяғы ішегін қолданысқа енгізу. Жасауын білсе, ондай табиғи ішектен шыққан үннің бояуы ғажап болатын көрінеді ғой. «Қойдың ішегі бір тойлық, Ешкінікі – бір айлық» дейді екен баяғы сал-серілер. Домбыраға мұндай ішек тағылса, үні баий түсетіні туралы пікірді мен кезінде Қазақ радиосынан, Таласбек Әсемқұловтың аузынан естігем. Кейін ол пікірді әнші Ерлан Құжиман да қуаттаған. Ерлан ағаның анасы жасайды екен. Бұрын тек қана сондай ішекпен тартқан атам қазақ жер бетінде домбыраны шебер сөйлетуді әбден меңгерген жалғыз халық болса, оған күмән болмауы тиіс қой. Ал, азғантай ғана домбыра шеберлері бар, шеберханалары жоққа тән мынадай жағдайда әлгіндей ішек туралы әңгімені қалай қозғайсыз? Дегенмен, «айтпаса сөздің атасы өледі». Тақырып қозғалып, мәселе көтерілу керек. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бар. Бұл салаға беті бұрылу керек ол бағдарламаның.

Біз хабарласқан тағы бір домбыра шебері Хайролла Малик – Қарағанды гуманитарлық колледжінің оқытушысы екен. Бұл кісінің де шеберханасы – үйі. Әзірге шебер сырттан ешқандай қолдау жоғын айтады. «Бәрі жағдайға қарай шешіледі ғой. Ісімізді дамытуға тырысамыз. Негізі, домбыра жасайтын шеберлер даярлайтын өнер мектебін ашқым келеді» дейді ол.

Қалай десек те, қазақ домбыра жасау технологиясының тамырына қан жүгіртіп, жандандыру қажет-ақ. Бүгінде жер-жерлерде жеке шауып жүрген шеберлер жоқ емес. Олардың қолы ортақ болғанымен, өнерлерін көпке үлгі етпесе, ел қайдан өседі? Домбыра ісіне дем берсек, қазақылық та соғұрлым жанданары сөзсіз ғой.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button