Азаматтық қоғамның айтары бар, берері көп
«Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда үкіметтік емес сектордың қызметі айтарлықтай жанданды. Үкіметтік емес ұйымдар сан түрлі саланы өркендетуге атсалысып келеді».
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев
Жыл сайын 27 ақпанда алты құрлықтың біраз елі Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күнін атап өтеді. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Халықаралық деңгейде атап өтілетін мерекеде мемлекеттік жүйеде «үшінші сектор» аталып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси салада дамуына үлесін қосып келе жатқандар марапатталады. Елімізде үкіметтік емес ұйымдардың даму тарихы беріректе болса да, олардың дәуірі артқан. Қоғам мен билікті жалғап қана қоймай, мемлекеттік қызмет саласына жүктелген ауыр жүктің бір бөлшегін өзі көтеріп, талай әлеуметтік жобаларды лайықты алып жүрген еліміздің үкіметтік емес ұйымдары – бүгінде оң өзгерістердің бастамашысы. Бұл ретте азаматтық қоғамды дамытуда Президент Жарлығымен бекітілген Азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы ерекше серпін бергенін де айта кету керек.
Бүгінде облыста азаматтық сектордың барлық саласын қамтитын 1251 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты ықпал етіп жүрген ұйымдар мемлекеттік органдармен ынтымақтаса жұмыс жасауда.
Үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктірген «Қарағанды облысының Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті Дмитрий Полтаренко аталған ұйымда 46 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін айтады.
– Бір ғана саламен шектелмей, қарапайым халыққа қажетті іспен айналысатын үкіметтің емес ұйымдардың қоғамдағы ролі қашан да жоғары. Мәселен, қауымдастық құрамына кіретін ұйымдар барлық саланы қамтиды. Өз кезегінде мемлекеттік тапсырысты табысты орындап қана қоймай, олар азаматтарға мемлекет істерін басқаруға мүмкіндік береді, – дейді Дмитрий Полтаренко.
Айта кетерлігі, облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері консультативтік-кеңесші органдар – қоғамдық кеңестердің, комиссиялардың, жұмыс топтарының құрамына кіреді.
Облыстық мәслихат депутаты Ләззат Қожахметова да үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына ерекше баға береді.
– Облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдар – өте белсенді. Әлеуметтік салаға қатысты мемлекеттік тапсырысты игеріп жүрген ұйымдар бар. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты нақты жұмыс істеп отырған үкіметтік емес ұйымдарды айтуға болады. Мәселен, «Батыл жүрек» ұйымының жұмысы. Олар өздерінің бастамасы бойынша Қарағанды қаласында мемлекеттік тапсырыс негізінде мүгедек балаларға арналған бассейн ашты. Одан бөлек, дәл осындай балаларға арналған жеке балабақшаның, оңалту орталығының бар екенін білесіздер. Мұның барлығы – үкіметтік емес ұйымдардың еңбегінің жемісі, – дейді Ләззат Таймырқызы.
Депутат үкіметтік емес ұйымдар керек екенін де айтады. Себебі, мемлекеттік орган барлық салаға бірдей үлгере алмайды. Сондықтан, екі сектор да бірлесе жұмыс атқарған кезде бір мақсатқа жетуге болады. Ал, мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту.
Расында, халықты мемлекеттік басқару жүйесіне тартпайынша, қоғамдағы түйткілді мәселелерді оңтайлы шешу мүмкін емес. Мемлекет пен халық арасында делдал болған үкіметтік емес ұйымдардың ролі жыл өткен сайын қажеттілігін дәлелдеп, жұмысының жемісін көрсетіп келеді. Өзінің емес, қоғамның мүддесін көздеген ұйымдардың жұмысына да елімізде лайықты баға берілуде. Оған өткен жылы Астана қаласында ел бойынша үкіметтік емес ұйымдардың ғана емес, Орталық Азия елдерінен келген делегаттардың басын қосқан Қазақстанның ХІ Азаматтық форумы дәлел.
Айта кету керек, 2015 жылғы 27 ақпаннан Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні атап өтіледі. Аталған күнді мерекелеу Қазақстанның Азаматтық Альянсы қызметінің имидждік бағыттарының біріне айналған. Осы күні түрлі форматтағы шаралар өтіп, ел мен қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін жетекші үкіметтік емес ұйымдар марапатталады. Бұл қатарда коронавирус індеті кезінде ерен еңбек үлгісін көрсеткен еріктілер де бар. Азаматтық пайым мен көзқарас азаматтық қоғам құрудың алғышарты. Ондай азаматтарды қолдау қашанда маңызды.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz