АймақҚарағанды

11 мыңнан астам жас домбырашы бір мезгілде танымал күйлерді орындады

Қарағанды облысындағы республикалық домбырашылар челленджіне 11 мыңнан астам оқушы қатысты. Олар бір уақытта атақты композиторлардың күйлерін орындады. Наурыз мейрамына арналған челлендж бір уақытта еліміздің барлық мектептері мен қосымша білім беру орталықтарында өтті. Қарағанды облысында № 2 оқушылар сарайы орталық өткізу пункті болып таңдалды. Сондай-ақ, ансамбльдер өңірдің оқу орындарында өнер көрсетті.

Сурет ұйымдастырушылардан

– Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақ үшін өте маңызды. Олар рухани-адамгершілік мәдениетті, эстетикалық, патриоттық сезімдерді тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтау, домбыраны дәріптеу үшін ұйымдастырылған. Біздің сарайдан челленджге «Ата толғауы» үйірмесінің тәрбиеленушілері қатысты, сондай-ақ оларға Қ.Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің домбырашылары қосылды. 50-ге жуық жас күйші «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» күйін орындады, – дейді № 2 Оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова. 

Сондай-ақ, челлендж қатысушылары «Тепен көк», Н.Тілендиевтің «Әлқисса», А.Желдібаевтің «Ерке сылқым», Д. Шығайұлының «Көроғлы», Байжігіттің «Көксерке» халық күйлерін орындады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Наурыз мерекесі 10 күнге жалғасады. 14–23 наурыз аралығында өңірде тақырыптық челлендждер, жалпыұлттық экологиялық акция және ұлттық ойындардан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

Әділет ШОПЕН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button