Жаңалықтар

Тарланбоз

Өзінің 75 жылдық мерейтойына орай жоспарланған іс-шаралардың бірі Беларусь драматургі Алексей Дудараевтың «Кеш» спектаклінің басталар сәті. Залда ине шаншар орын жоқ. Мұның өзі қарағандылық көрерменнің талантты актер Кеңес Нарымбайұлы Жұмабековке деген құрметі мен махаббатының өлшемі еді. Санасы сергек, қимылы ширақ Кеңкеңнің ескі әдеті сол – сахна шымылдығының саңылауынан залды бір бақылап келмесе, көңілі көншімейді. Бүгін де солай жасаған. Көрермен залы гүлмен көмкеріліп тұр. Зал емес, гүлзар дерсің…

Кеш кейіпкерінің көңілі толқып, жүрегі атша тулап сала берді. Жанарына жас үйіріліп, көңіл шіркіннің көк дөнені сонау алыс жылдардың қойнауына ала шапқаны. Бәрі де дәл бүгінгідей көз алдына келе қалсын. Кешегі бабам «қамшы сабындай» дейтін мынау жалғанның сөресі мен мәресінің арасы шынымен-ақ қас-қағым сәт екен ғой. Бірақ, Кеңес аға секілді сахна саңлағының мәресі алыс. Елдің сүйікті ұлына деген ыстық ықыласы мен ақ тілеуі – бұл.

Аты аңызға айналған театр тарланбозы адымын ширақ басқан күйі гримдеу бөлмесіне кірді де, ормандай ой құшағына сіңіп кетті.

 

***
…1968 жыл. Осыдан тура 55 жыл бұрын.

Қолына дипломымен бірге Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің жолдамасы да тиген. Мұхтар Әуезов атындағы драма театры жанындағы студияның бәкене бойлы түлегі Кеңес Жұмабековті болашақта Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болады, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген артисі атанып, қазақ театр өнерінің тарланбозына айналады деп ешкім де ойлаған жоқ.

Өзіне салса, Алматыда қалғысы бар. Алматыда қалу мүмкіндігі болмаса, жаңадан ашылған Атырау театрына аңсары ауады. Ұстаздары Нұрмұхан Жантөрин мен Әнуар Молдабеков «Қарағандыға бар» деп қолқа салып отыр. Әсіресе, Қарағанды театрында төрт жылдай еңбек етіп, өзін шыңдап келген Әнуар ағасы:

– Алматыда қалсаң, көптің бірі болып жүре бересің. Ал, Атырау театры әлі қалыптаса қойған жоқ. Кәсіби актер емес, көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі болып, шалғай ауылдарды аралаумен діңкелейсің. Қарағанды театры – қалыптасқан ұжым, үлкен мектеп. Сонда барғаның жөн болады, – деді де, ойының аяғын сыбырлай жеткізіп: – Онда кешегі Алаш ардақтыларының рухы бар. Өнерге рух керек! – деді.

Ұстаз уәжі жас шәкіртті ұлы мұратқа жетелеп тұр. Келісті. Жолға жиналды.

Ұшақтан түскен. Қабағы түксиген сұр қала қарсы алды. Шашырай орналасқан кеншілер қаласын көріп, Кеңестің көңілі қоңылтақсып қалсын. Туған, өскен жері – Орал, Ақ Жайықтың жағасы. Оқыған жері – ару Алматы. Сондай жасыл желекке оранған жердің жәннатынан кейін мына Қарағандың көзге қораш, көңілге олқы көрінеді екен, тәйірі.

– Апыр-ай, кешегі ұлы нағашым Әділгерей мен өз әкем Нарымбайдың болған, жетілген, білім алып, толысқан Қарағандысы осы ма? Жетіскен екенмін. Жарайды, үш жылға шыдасам – болар. Бәлкім, адамдары жақсы шығар, – деді де, шабаданына қол созды.

Таксимен келе жатыр. «Қаздрамтеатр» деп, мекенжайды көңілсіз айта салған. Өзі – қалың ойда. Көңіл көкжиегіне нағашы әжесінің (Әділгерейдің анасы) «Қарағанды деген айналасы жағалай түрме мен шахта деуші еді. Әділім бір шұңқырға түсіп кетпей, аман келсе жарар еді» деген сөзі қонақтай қалған. Әжесінің бұл сөзі өз құлағымен естімесе де, әкесінің жиі айтуымен санасына сіңіп қалған екен. «Мен қайда келдім? Ұстаздарым мені қайда жіберді?» деген сауалға жауап таппай келеді.

Ұлы нағашысы Әділгерей соғыс жылдарында осындағы ФЗО-да оқыпты. Әкесі Нарымбай елуінші жылдары байланыс қызметкерлерін даярлайтын алты айлық курста оқыған. Қарағанды Жұмабековтер әулетіне мүлде бейтаныс өңір емес. Талай естіген. Халқының дені өзге ұлт өкілдері екенін де әкесінің айтуымен білетін-ді. Сонда өзі келе жатқан қазақ театры кімдерге арнап қойылым қояды?

Санасын шырмап алған мың сан ойдан арылмаған күйі діттеген жеріне жетті. Бұл сол күні діттеген жеріне ғана емес, өмірлік мақсатына жеткенін сезбеген де еді.

 

***
Жұмбақ ақын Жұмекеннің:
Қарағанды бір қараған секілді,
Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.
Сонан кейін менің қоңыр бетімді,
Сүйді желі күн нұрымен таласып, – деп басталатын өлеңі бар еді ғой. Әйгілі шайырдың дәл осы шумағында кемел өнер иесі Кеңес Нарымбайұлының бүкіл тағдыры тұр. Алғашында «күйе басқан кірпіктерін сәл ашып», қолындағы шабаданына сәл қалқыңқы сары балаға түнере бір қараған Қарағанды кейін кие қонған құшағына алды. Алақанына салды. Көмірлі қалаға алғаш табан тиген күнгі «Бәлкім, адамдары жақсы шығар» деген болжамы дөп шықты. Арқаның желі «күн нұрымен таласа» маңдайынан өпті. Ара-тұра елге – Ақ Жайыққа бара қалса, Сарыарқаның самалын сағынатын болған. Арқаға деген ықыласы алауға айналып, мұндағы жақсы адамдарға деген құрметі тауға деңгейлесіп қалды.

Иә, түсі суық, райы салқын Қарағандының іші жылы шықты. Ұлттық театр өнерінің ұлы тұлғаларына айналған Аманжол Сәлімбаев, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпенов сынды режиссерлердің қарамағында шыңдалып, аңыз-актерлер Жәмила Шашкина, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева, Қайныкен Әлімбаева, Мұздыбек Әбдікәрімов, Мекен Қисықов, Сердеш Қажымұратов, Рамазан Баймағанбетов, Қайрат Кемалов, Нұржібек Жансүгіровалармен қатар ойнады. Арқа мәдениетінің абыройын көтерген іскер ұйымдастырушылары Мақат Рымжанов пен Рымбала Омарбековадан да үйренгені көп.

Ол кезде театр көрермені деген ат төбеліндей аз ғана еді ғой. Көбіне залды студенттер толтырады. Алдыңғы қатарда тұрақты түрде академик Ебіней Бөкетов, жазушы Жайық Бектұров, рес­публикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің сол кездегі меншікті тілшісі Ақселеу Сейдімбек отыратын еді. Бұл үшеуі әр қойылымнан кейін театр директорының кабинетіне кіріп, премьераны талдайды. Кем-кетігі болса – ашық айтып, көңілі толған жерлеріне арнайы тоқталады. Шебер ойнаған актерлерді шақыртып алып, тілектерін айтады, бағасын береді. Жас актер Кеңес Жұмабеков осындай бейресми шығармашылық кеңеске жиі қатысатын актердің бірі болған.

Әсіресе, Кеңкеңе Ебіней ағасының пейілі ерекше болды. Ал, тарихи шығармалардағы рөлдеріне байланысты көбіне Жайық ағасы бағыт-бағдар беретін. Ақаңның ұлттық құндылықтар жайындағы ордалы ойлары да сағынышқа айналды.

«Өмір дегенің – осы». Оңаша ой құшағында отырған Кеңес Нарымбайұлы күбір ете қалды. Сынаптай сырғыған жүйрік уақыт өзін де жетпіс бестің белесіне алып шықты. Әлгі ағаларының ішінде Жайық Бектұров болмаса, Ебіней ағасы мен Ақселеу замандасы тым ерте кетті ғой. Бірі алпысқа да жете алмады. Ақаң болса, алпыстың ауылынан сәл ұзап шыққанында келмеске аттанды.

– Шүкір, – деп, қос алақанымен екі тізесін уақалаған күйі айнаға қараған. Қарсы алдында – Василий ақсақал. Қазір сомдайтын бейнесі. Өзінің өткен өмірін өзі болып ой елегінен өткізіп отырған кәнігі актер қазір, санаулы минуттардан кейін мүлде басқа әлемге аттанады. Мүлде басқа адамның тағдырын арқалап, мынау жалған өмірге мүлде басқа адам болып үн қатады.

***
Өткенде ғана белгілі қаламгер Құлтөлеу Мұқаштың өзіне арнаған «Қарағанды күліп тұр» атты хикаят-эссесін оқып шыққан. Өзін қолайсыз сезінді. Сыйлас, сырлас бауыры тым асыра мақтап жіберген секілді ме?.. Бірақ, Кеңес Жұмабеков – сахнадағы рөлдерін кәсіби тұрғыда шебер, өмірдегі өз бейнесін адами тұрғыда шынайы ойнап келе жатқан тарланбоз!

Осы 55 жылда 350-ге жуық рөлді сомдапты. 350 тағдыр. 350 болмыс. 350 түрлі әлем. Әрқайсысының болмысын терең танып, әрбірінің тағдырына мойынсыну. 350 тағдыр иесінің дара қасиеттерін жеткізе білу… Қанша жігер, қаншама білімді сарп етуге болады?! Тіпті, әр қойылымнан кейін театр сыншыларынан 350 түрлі пікір естіді.

Осынша рөлдердің арасында Кеңес ағаны кемеліне келтірген Сәкен Жүнісовтің «Ажал мен Ажарындағы» Олжатайдың бейнесі еді. Қойылымда анасы болып Жәмила Шашкина, әкесі болып Мұздыбек Әбдікәрімов ойнаған. Осы қос саңлақтың арасында Олжатайдың бейнесін сомдау жас актер үшін оңайға түспеген. Қиналды. Ізденді. Алайда, мүйізі қарағайдай театр сыншылары жоғары бағалаған-ды.

Жалпы, Кеңес аға өзін жолы болған актерлер қатарына қосады. Бұл студия бітіріп келгенде Сәкен театрының репертуарындағы көп қойылымда жастар рөлін егде тартқан актерлер ойнап жүр екен. Соның бәрі режиссердің ұйғарымымен өзіне ауысты да, ол ұстазы Нұрмұхан Жантөрин айтқандай, өзінің «коронкасын» Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Жапалдың бейнесінен тапты. Студент кезінің өзінде Нұрағаң «Түбі сенің коронкаң Жапал болады» деуші еді ғой. Тұлпарды тай кезінен таныған ұлы ұстаздың айтқаны бұлжымай келді.

Кеңес Жұмабеков – Сәкен Жүнісовтің «Өлара» пьесасындағы Ленин рөлі үшін облыс театрлары арасында Мемлекеттік сыйлықты алған тұңғыш актер. Сондықтан, актер Жұмабековтің облыстық театрлардағы әріптестері арасында бір бәсі жоғары. Сол «Өліара» қойылымынан кейін академик Ебіней Бөкетовтің: «Мен Кеңестің Ленинін көріп, Ленин қазақ па деп қалдым. Мен Ленинді ойнағандарды Мәскеудің, Ленинградтың, Харьковтің театрларынан көрдім. Дәл Кеңестің Лениніндей Ленин кездестірмеппін» дегені әлі есінде. Тіпті, Мәскеу театрының актері, Ленин бейнесімен әлемге танылып, «тірі Ленин» атанған әйгілі Юрий Каюровтің өзі Кеңес Жұмабековті көргенде:

– Мына қазақтар Ленинге гримсіз ұқсайтын актерді қайдан тауып алған? Жұмабековтің сырт бейнесі, болмыс-бітімі Ленинге қатты ұқсайды екен. Тек қана, көсемнің ішкі жан дүниесін меңгеріп алса, болғаны, – депті, таңданысын жасыра алмай.

Осылайша ой құшағында отырған Кеңес ағаның аңсар көңіл жетегіндегі алаңсыз сәтін режиссердің дәлізден шыққан «Бастаймыз!» деген дауысы бөліп жіберді. Аядай ғана гримдеу бөлмесінен сыртқа ұмтылған тарланбоз ойына әлдене түсіп кетті ме, ширақ қимылын тежей қалды. Иә, есіне өзінің бақытты тағдыры мен шынайы болмысын осы жерде қалдырып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған Василий қарттың әлеміне аттанып бара жатқаны түскен. Қам көңіл Вася шалдың сұрықсыз өмірі, талайлы тағдыры алып-ұшатын әлем емес. Өмірдің өзі осы емес пе?! Бағанадан бергі тәтті қиялын, сағыныш бесігіне тербелген ескі күндердің елесін әлдебір тағдыр теперішін көрген бақытсыз қарияның өмірі үзіп жіберді.

…Кеңес аға өнерге жаяу келген. Алматыға оқуға аттанар күні ауылдан аудан орталығына қатынайтын жалғыз автобустан қалып қойып, 25 шақырымдық жолды жаяу жүріп өткен. Ақ Жайықтың аңғары ғой, ескі сүрлеу ылғалды келетін. Бір қырға көтеріліп, артына қараса сор­таңдағы сорабы сайрап жатыр. Бүгін де асқар биікке көтеріліп отыр ғой. 75 жас! Тағы да артына көз тастаған. Алпыс жыл бұрынғы сүрлеуінде ұлы мұрат жолына өзін шығарып салған ардақты әкенің сұлбасы бар-ды. Бүгін ше? Бүгінгі шыққан белесі де биік, соңына ерген қарасы да қалың. Отбасы мен шәкірттері ізгілік ізінен жаңылмай ілесіп келеді.

Әкесі аттанған әлемге дейінгі жол әлі ұзақ секілді. Лайым, солай болғай!

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button