Руханият

РУХАНИ КЕЛІСІМ – бірлік пен тұрақтылық кепілі

1992 жылы Алматы қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен рухани келісімнің Бүкіләлемдік Бірінші Конгресі өтті. Бұл жиын көптеген шет мемлекеттердің тарапынан үлкен қолдау тапты. 18 қазан – Рухани келісім күні ретінде еліміздің атаулы күндерінің қатарына қосылды. Осы уақыттан бастап бұл мереке елімізде жыл сайын лайықты деңгейде аталып өтуде.

Қарағанды облысында да бұл атаулы күн өз сән-салтанатымен мерекеленеді. Өйткені, аймағымызда бүгінде 34 діни бірлестік пен 15 конфессия бір шаңырақ астында ғұмыр кешуде. Облыстық дін істері басқармасы Рухани келісім күніне арналған шараларды бастап кетті. Алғашқы іс-шара Теміртау қаласында өтті.

– Елбасымыздың еңбек отаны атанған Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына келуіміздің басты мақсаты Қарағанды облысының діни конфессия өкілдеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі татулық пен ынтымақ, толеранттылық пен ізгілік идеясының жаһандану кезеңіндегі жетістіктерін таныстыру, түсіндіру болып табылады. Сонымен қатар, биыл Теміртау қаласының 75 жылдығы. Бұл атқарылып жатқан жұмыстарымыз осымен тоқтап қалмайды. Әр қала, аудан, ауылдарда шаралар өткізу жоспарланып отыр, – дейді, облыстың дін істері басқармасының басшысы Дулат Қанышұлы.

Осы жиынға келген 11 діни конфессияның өкілдері Теміртау – Елбасының өмір жолының маңызды бөлігі болып табылатынына, сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының осында орналасуы өте символикалық маңызға ие, әрі оның негізгі міндеті Президенттің тұлғасымен, оның қызметі мен Қазақстан Республикасының дамуына қосқан баға жетпес үлесімен танысуға бағытталғанын көңілдеріне түйді.

«Уақыт ағымында», «Қазақстан жолы», «Қазақстанның құрыш келбеті», «Тұлғаның ерен қабілеті», «Тәуелсіз Қазақстан», «Өз заманының перзенті» атты залдарды тамашалаған меймандар ерекше әсер алып, өз ойларымен бөлісті. Мысалы, Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Талғат Маратұлы:

– Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарай ажыратып бөлмейді. Алла Тағаланың алдында ешкім ешкімнен артық емес, егер қандай да бір артықшылық болатын болса, ол тек тақуалықпен ғана өлшенеді. Діни бірлігіміз, ұлтаралық татулығымыз дами береді деп ойлаймын. Тұңғыш Президенттің мұражайындағы тарихтан сыр шерткен жәдігерлерді көрдік. Көргеніміз де, көнілге түйгеніміз де көп болды. Басқа да дін өкілдері келгені қуантады. Әрине, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөзі татулық пен бауырластықтың айғағы іспетті. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы бірнеше жерде баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер» деп әмір етсе, Оның Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар» деп жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген. Олай болса Қазақстан бірлігінен айырылмасын дегім келеді, – дейді.

Теміртау қаласының тұрғындарына да, қонақтарына да ұялмай көрсететін тағы бір ғажап орны бар. Ол – «Қысқы бақ». Діни конфессия өкілдерінің келесі аяқ басқан жері де осы жабық ғимарат болды. Айта кету керек, ашылғанына 27 жыл болған қысқы бақтың көлемі 2 мың шаршы метрден асады. Оның жобалық орындалуы күрделі етіп жоспарланған. Арка түріндегі биік ғимарат шығыс стилінде салынған. Келген қонақтарды қызықтырған сұрақтарға жауап берген «Қысқы бақ» қызметкерлерінің айтуынша, мұнда отаны тропикалық, субтропикалық және әлемнің шөлді аймақтарында өсетін көптеген ерекше өсімдіктің жүзден астам түрі жайқалып өсіп тұр. Мұнда пальма, фикустың бірнеше түрі бар, бигускусты да осы жерден көресіз, негізінде халық оны қытай раушаны атайды. Каркаде, құрма ағашы Қарағанды және Алматыдағы ботаникалық бақтардан әкелінген.

Шара соңында сөз алған миссионерлік «Грейс» шіркеуінің пасторы Алексей Сорокопуд:

– Рухани келісім күні жыл сайын осылай жиындар өткізу дәстүрге айналған. Бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан ұлттар арасындағы бірлік – біздің басты мемлекеттік құндылығымыз. Біз осындай құндылықтың әр кез сақталуына мүдделі болып, сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Қазақстанда конфессияаралық негізде қайшылықтар, түсініспеушіліктер жоқ деп айта аламын, – дейді.

Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. 130 ұлт қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі екендігіне шара барысында тағы да бір көз жеткіздік.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button