Біздің сұхбатСұхбат

Назира БАЙЫРБЕК: «Америкада қалғысы келетіндерді кінәлай алмаймын»

«Болашақ» бағдарламасының аясында дәл қазіргі таңда 1199 стипендиат әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқып жүр. Солардың бірі – «Дарын» сыйлығының иегері, бірнеше кітаптың авторы, көпбалалы ана, белгілі журналист Назира БАЙЫРБЕК. Бүгінде ол отбасымен АҚШ-қа қоныс аударып, Нью-Йорк қаласында білім алып жатыр. Оқырмандарға, әсіресе жастар қауымына шетелде білім жетілдірудің қыр-сыры туралы ақпарат беру мақсатында әріптесімізді әңгімеге тартқан едік.

ЕЛДІ ОЙЛАМАЙТЫН КҮНІМ ЖОҚ

– Назира, елден жырақ кетіп, шетелде тұрып жатқандарыңызға, білуімше бір жылдай болыпты. Жақында өзіңізбен тілдескенде үніңізден сағыныш лебін сезгендей болдық. Елді, туған-туысты сағынған боларсыздар…

– Жастау кезімде Шерхан Мұртаза ағамыздан сұхбат алып отырып, жазушымен «Ай мен Айша» кітабын оқығанда туған ойларым жөнінде әңгіме өрбіткенім есімде. Сонда Шерхан ағамыз «туған жерін аңсамайтын, сағынбайтын адам болмайды» деп еді. Айтылған сөздің бәрін санамнан өткізіп барып қабылдайтын әдетіммен, іштей өз сезімімді сынап көрдім де:

– Аға, сіз елдің бәрі туған жерін аңсайды дейсіз. Мен туған жерімді көп ойламайды екем. Бұл қалай сонда? – дедім.

Шер-аға:

– Сен еліңнен ертерек кетіп, оның қасиетін сезініп үлгермеген боларсың, – деп еді.

Қазір Америкаға келгелі елді ойламайтын күнім жоқ. Таңертең ұйқыдан тұрғанда кеудеме сағыныш толып оянамын. Кейде Нью-Йорктің әдемі көшелерімен келе жатқанда да ішімдегі сол сағыныштың күңіренген қобыз үні құлағыма келетіндей. Аздап мұңайып қаламын. Шер-ағамен алғаш сұхбат құрғанда өз жанымдағы, жүрегімдегі осы бір ғаламат сезімді әлі тани алмай жүрген екенмін ғой деймін өзімше. Адам өз ішіне үңілгенде ғана өзінің кім екенін, жүрегі не деп жатқанын түсінеді екен ғой.

Америкадағы өмір соншалықты қарбалас, қауырт болса да мен елді сағынбай жүре алмайтынымды түсінгенмін. Есейгенімнен шығар.

– Әңгімеміз оқырмандарға түсінікті болуы үшін сәл шегініс жасасақ. Жалпы, Америкаға білім іздеп кеткеніңізден хабардармыз. Соның жай-жапсарын толығырақ айтып берсеңіз? Қазір қайда, қай бағытта білім алып жатырсыз? Қанша уақытқа бардыңыздар?

– Оқу бұрыннан арманым еді. Негізі, Түркістандағы ХҚТУ-ды бітірерде «Қытайдағы қазақ басылымдары» тақырыбында ізденіп жүріп диплом жұмысын жазғанымда маған университеттегі үлкен ғалымдар әрі қарай оқы деп, батасын беріп қойған. Бірақ, әкем қайтыс болған соң анама, өзімнен кіші бауырларыма қарасып, одан тұрмыс құрып, ана атанып, оқу жайлы арманымнан қол үзгендей болып едім.

Бірақ, уақыт өткен сайын журналистикада өзімді артта қалып бара жатқандай сезіне бастадым. Содан, өткен жылы ерімнің қолдауымен тәуекел етіп «Болашақ» бағдарламасымен оқуға ұмтылдым. Жолым болып кетті, Аллаға шүкір!

Қазір Нью-Йоркте тіл курсын аяқтап, журналистика бойынша магистратура оқитын уиверситетімді таңдап отырмын. Оқу басталғанша осында өзімді дамытатын, әртүрлі қабілетімді жетілдіруге ықпал ететін курстарға барып жүрмін.

Осы күзде оқуға құжат тапсырсам, алдағы екі-үш жылда магистратурамды тәмамдап, елге оралатын шығармыз.

«МӘДЕНИ ШОКТЫ» ЖЕҢДІК

– «Көрмеген жердің ой-шұқыры көп» демекші, сырт елде жүріп мұндай істі жүзеге асыру оңай емес. Отбасымен барудың жүгі де салмақты болар. Дегенмен, тәуекелге бел буып, Мұрат (жолдасы) екеуіңіз үлкен ерлік жасап отырсыздар. Ол жақтағы тұрмысқа үйреністіңіздер ме?

– Отбасымен келудің қиын жағы, балаларды мектепке орналастыру, емханаға тіркету, сабаққа барып-келгенін қадағалау, оларды ара-тұра қыдыртып, яғни, балалардың талабына көңіл бөлу секілді қосымша міндеттерің болады. Ал, жақсы жағы, отбасымен, бала-шағамен келгенде, жалғыз келгенге қарағанда көбірек тәжірибе жинайсың.

Біз Нью-Йоркке келгелі тоғыз айдан асыпты. Әлі де адаптациядан өтудеміз. «Мәдени шок» дегенді жеңдік. Бірақ, мұнда жүре келе үйреніп жатқан нәрселеріміз өте көп. Бұл ел бұрыннан нарықтық сана қалыптасқан, демократия, адам еркіндігі үстемдік ететін ел ғой. Бұл қоғамның құндылықтары басқа. Осы елде жүрген соң, біз де сол құндылықтарды сырттай болса да қабылдап, үйренісіп қалдық.

– Америка қоғамындағы, оның ішінде өздеріңіз тұрып жатқан Нью-Йорк қаласындағы тұрмыс-тіршілік­тің елімізбен салыстырғанда қандай өзгешеліктері бар? Баспана, балалардың оқуы, медициналық қызметтерді алу мәселелері қалай екен?

– Америкада әр азаматқа медициналық сақтандыру алу міндеттеледі. Бірақ, Нью-Йоркте табысы аз азаматтарға ол тегін беріледі. Жалпы, басқа штаттармен салыстырғанда Нью-Йоркте тұру оңайырақ па деп қалдым.

Өйткені, бұл – мигранттар қаласы, «әлемнің астанасы» деген аты бар. Мұнда заңдардың көбі мигранттардың мүддесін қорғайды. Сен бұл қалаға бір ауыз ағылшынша білмей келсең де, өмір сүріп кете аласың. Өйткені, бұл қалада жан-жақтан келген түрлі ұлт өкілдері қауым-қауым болып өмір сүреді. Бір аудандарында орыстар, белорустер, бір аудандарында қытайлар, бір жағында мексикалықтар, енді бір жағында италиялықтар деген сияқты. Менің таңғалғаным, осы елде тұрғанына 20 жылдан асса да ағылшынша білмейтін, ана тілінде сөйлейтіндер өте көп. Көшеде үнді, араб, парсы, тағы басқа өздерінің ұлттық нақыштағы киімімен жүретін халық өкілдері көп. Ешкім ешкімге таңғалмайды. Қыста жаздық туфлимен, жазда қыстық етікпен жүретіндерді де көреміз. Жалпы, бұл мәдениеті, тұрмыс-салты әр алуан, өзінше ерекше қала екен.

АМЕРИКАЛЫҚТАР ТОЙШЫЛ ХАЛЫҚ ЕМЕС

– АҚШ – коронавирустан ең көп зардап шеккен ел. Мәліметтерге қарағанда, бұл елде 6 миллионнан астам адам вирус жұқтырып, 190 мың адам қайтыс болған. Вирустың асқынған кезін қалай өткердіңіздер? Карантин режимі әлі жалғасып жатыр ма?

– Карантин талабы жұмсарып, кезең-кезеңімен көп мекемелер ашылып жатса да, Нью-Йоркте әлі мемлекеттік мекемелер толық ашылған жоқ. Барлық жерде санаулы адам жұмыс істейді. Кейде бір күнде бітетін шаруа он күнге созылып кетеді. Бірақ, басқа штаттарға қарағанда қазір Нью-Йоркте вирустың таралу көрсеткіші төмен. Сондықтан, өзге ел түгілі АҚШ-тың өзге штаттарынан келгендер 14 күн карантинге жатқызылып жатыр. Көктемде бұл эпидемия орталығы болып, күніне 600- 700 адамнан қайтыс болып жатты ғой. Сол оқиғадан кейін штат губернаторы сақтық шараларын барынша күшейтіп отыр.

Тек адамдар көшеде маска кимейді. Көшеде маска ки деп ешкімді зорлаған жоқ, ешкімге айыппұл салып, мәжбүрлеген жоқ. Бірақ ғимараттарда, қоғамдық көліктерде әлі маска тағу талап етіліп жүр.

– Өзіңізге мәлім, Covid-19 біздің елімізге де оңай тиген жоқ. Жұртшылық вирустың бар екеніне сенбей, мұның салдары өте ауыр болғанын білесіз. Бұл тұрғыда америкалықтар қалай екен? Айтылған талаптарды бұлжытпай орындады ма?

– Америкалықтар өзі күліп, көңілді жүруге тырысатын, демалып жүріп өмір сүргенді жақсы көретін ел ғой. Мұнда өз басым өзбектер көп тұратын Филадельфия жақта үлкен тойлар болғанын көрдім. Өзбек тойлары. Ал америкалықтарда қазақтар секілді 200- 300 адам жинап той жасау деген жоқ сияқты. Көп жерде 15-20 адам болып тойлай береді.

Дегенмен, карантиннен кейін көп мейрамханалар әлі де ғимарат ішінде клиенттер қабылдап жатқан жоқ. Тек даладағы орындықтарына отыруға рұқсат береді. Онда да орын санаулы ғана ғой. Сол жерлерде он шақты адам болып жиналып, үйлену тойын атап өтіп жатқандарды көремін.

Кейбіреулер туған күн немесе неке тойларын саябақтарда тойлап жатады. Дастархан жайып, қонағын сонда күтеді. Тым туысшыл болмағандықтан, мұнда елдің жиналуына тыйым салу аса қиын болмаған сияқты.

ЖҰМЫССЫЗДАРҒА АПТА САЙЫН 600 ДОЛЛАР ТӨЛЕНДІ

– АҚШ-та азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қорғалғаны айтылады. Шындығында солай ма екен? Қандай әлеуметтік көмек түрлері бар?

– Америкада, бір таңғалдырғаны, өз азаматтары түгілі осы елде тұратын шетел азаматтарына да көп игілік жасалады. Мысалы, карантин кезінде мұнда әр азаматқа жәрдемақы берілді. Қосымша жұмыс орны жабылып, жұмыссыз қалғандарға да апта сайын 600 доллардан төленіп отырды. Сонда ресейлік бір азамат «мен жұмыс істеп жүріп мұнша ақша таппайтынмын» деп қуанып сұхбат беріп жатты.

Ал, шетелдіктер қалай көмек алады десеңіз, бұл елде тұрғандар бір жыл бойынша салық есебін тапсыруы керек екен. Сонда сіз де осы елдегі салық төлеуші болып шығасыз. Салық төлеуші ретінде елде әлеуметтік игіліктер жасалғанда, сіз де құр қалмайсыз.

Біз әлі салық есебін тапсырып көрмедік. Меніңше, мұнда шетел азаматтарының да салық есебін жасайтыны мынадан болса керек: бұл елде сіз дүкеннен бір зат сатып алсаңыз, қызмет тұтынып, соның ақысын төлесеңіз, негізгі бағаға міндетті түрде 9%-дай салық қосып төлейсіз ғой. Калифорния штатында ол 13%. Монтана секілді кедей штаттарда төмендеу, 7-8%. Мысалы, сіз 40 долларға бірдеме сатып аласыз, кассаға барғанда ол 43.6$ болып шығады. Бірақ, осы салық өз қолыңызбен төленіп жатқан соң, сіз мемлекеттен жақсы жағдай талап ете аласыз. Салық төлеуші халықтың жайлы өмір сүруі үшін мемлекет жақсы жұмыс істейді.

АҚШ-ТА ОҚУШЫЛАР КІТАП ТАСЫМАЙДЫ

– Білім беру жүйесінің ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз. Балалардың білім алуы барысында біздің жүйемен салыстырғанда қандай өзгешеліктерін байқадыңыз?

– Білім жүйесінде сырттан келгенде бірден байқалатын ерекшелік – оқытушы мен баланың қарым-қатынасы. Мұғалім мен бала мұнда тең дәрежелі адамдар сияқты сөйлеседі. Мұғалімдер еркін. Тіпті көшеде қала әкімшілігіне қатысты наразылық шеруіне қатыса береді. Оларға азаматтық көзқарасын білдіргені үшін ешкім қысым жасамайтын секілді.

Мектептерде ақша жинау, сыйлық алу, сыныпты әрлендіруге көмек сұрау деген жоқ. Қайырымдылық жасағысы келгендерге бөлек есік ашып қойған. Бұл балалар арасында алалау болмауына оң әсер етеді.

Балалар жақсы оқып, көзге түссе, мұғалімдері балаға тосынсый жасап, рахмет айтып, үйіне сыйлық жібереді. Біз үшін бұл таңсық болды.

Сабақ пәндері, негізгі бағдарламаның бәрі балалардың ой еркіндігін қалыптастыру, сыни ойлауын дамытуға бағытталған. Тіпті, би сабағында бір биді үйретсе, «бұл биде қай қимыл ең оңайы, қай қимыл ең қиыны болды? Қай жері ұнады, сені не қуантты, қай жері ұнамады?» деп сұрайды. Сонда ойлап қарасам, ешнәрсеге «о, керемет» немесе «не масқара» деп біржақты қарамауды үйретіп отыр ғой. Маған осындай әдеттері ұнайды.

Сосын сабақтар ойын секілді жеңіл өтеді. Жекеменшік мектептерде форма болғанымен, мемлекеттік мектептерде балалар еркін киінеді. Ашық-шашық жүрмесе, қара көзәйнек тақпаса болды. Ең бастысы, балалар омыртқасы қисайып кітап тасымайды екен. Негізінен компьютермен оқиды. Кітап берсе де, ол мектепте қалады. Үй тапсырмаларын А4 қағазына басып беріп жібереді. Осындай-осындай ерекшеліктері бар.

– Карантин кезінде ол жақта да сабақ онлайн жүрді ме? Қазір ше? Онлайн сабаққа қатысты қиыншылықтар бар ма?

– Сабақ сәуір айынан бастап онлайн болған. Балаларға бір-бір iPad таратып берді. Оны интернетпен жабдықтады. Оқу құралын қамтамасыз етіп барып, оқуды талап етті ғой.

Қазір Нью-Йоркте сабақ қыркүйектің 16-сынан басталып отыр. Бізден «100% онлайн оқытасыздар ма, жартылай онлайн, яғни, аптасына екі-үш күн мектепте оқытасыздар ма?» деп сұрады. Біз екінші жолды таңдадық.

Әр сыныпта 10 баладан артық болмайды деді. Балалардың біразы алдыңғы есікпен, біразы жанындағы, енді біразы артқы есіктен кіреді деп бөліп тастады. Сабақ уақыты да қысқартылған. Әр кабинетте санитайзер, маска – бәрі дайын тұратын болды. Балалардан COVID-19-ға тест алып барып кіргізеді.

ОҚУЫМДЫ АЯҚТАҒАН СОҢ ЕЛГЕ ОРАЛАМЫН

– «Америкада қазақтардың не ағылшынша, не орысша сөйлеп жүргенін көремін. Әлеуметтік желілердегі топтарда біреу мәжбүрлегендей бәрі орысша жазады» деп жаздыңыз. Ойландыратын жағдай, әрине. Ол жақта қазақ жастарының басын қосатын орта бар ма екен? Кімдермен араласып тұрасыздар?

– Иә, шет елдерде қазақтардың көбі орысша сөйлейтіні рас. Нью-Йоркте 15 мыңдай қазақ бар дейді, олардың чаттарында 98% орысша жазылады. Оны қойып, Қазтесттен өтіп, «Болашақпен» оқуға түскен жастардың чаттары да солай. Мен шыдай алмадым, көбінен шығып кеттім. Өйткені, «Қазтест орталығының тестінен өттік, бәріміз қазақша білеміз деп дәлелдеп барып оқуға түстік қой, қазақша жазайықшы» дегенімде «Іші пысқан адамдар шықты» деп күлгендер болды. Өзіме ұнамаған соң ол топтардан шығып кеттім.

Бірақ, таяуда Нью-Йоркте бір отбасы бізді қонаққа шақырды. Сол жерде тағы бір отбасы болды. Артынан бәріміз бірігіп, балаларымызды ертіп табиғат аясына бардық. Қарасақ, сегіз отбасы жиналыппыз. «Бұған дейін осынша отбасы жиналмап едік» дейді бәрі. Айтпағым, сол күні бір жігіт «Ұлым орысша сөйлейді, намыстанып кетемін» деді. Оған қуанған мен «Бәріміз орысша қоспай сөйлейікші» деп өтініш айттым. Әзірше, әйтеуір «Балаларым қазақша сөйлеп өсуі керек, тілін ұмытпауы керек» деп ойлайтын біраз отбасы аралас-құралас болып жүрміз. Әйтпесе, мұнда қазір балаларымен ағылшынша сөйлесетін қазақтар да бар.

Қайтеміз енді, өз таңдаулары ғой. Бірақ, жүрегің ауырады екен.

– Шетелде білім алуға аттанған отандастарымыздың сол елдерде қалып қоюға бейіл екені де жасырын емес. Сіздердің алдағы жоспар-мақсаттарыңыз қалай?

– Менің байқауымша, көбі шетелге жағдайын жасап, тұрмысын түзеу үшін кеткісі келеді. Әртүрлі визамен Америкаға келіп, қалып қоятындар да солар. Мен Нью-Йорктегі қазақтардан «осы елдің азаматтығын алғың келе ме?» деп сұраймын. Сонда көбі «біраз жыл жұмыс істеп, кейін қайтқым келеді» деп жатады.

Мен оларды кінәлай алмаймын. Америкаға әлемнің барлық елінен келіп жатқандар көп қой. Келгісі келетіндер де көп. Бірінші себеп жоғары табыс деп ойлаймын. Рас, баспана бағасы өте жоғары, азық-түлік те қымбат. Бірақ, бәрібір АҚШ долларының құндылығының арқасында олар табысқа жете алады. Америкада жүріп айлығының 5-10%- ын жинап отырса да, ол өз елінде айтарлықтай табыс болады.

Екінші себеп – бұл елде адам құқының жақсы қорғалатыны. Адамға адам деп қарайтыны. Мұнда, тіпті, көшедегі қаңғыбастарға да ешкім зекіп сөйлеп жатқанын көрмейсің. Жалпы, алдыңдағы адамға өтірік күліп болса да құрмет танытып отыру бұл елде жазылмаған заң.

Сосын әлеуметтік жеңілдіктері жақсы. Тіпті, әр жерде тұрақты түрде тегін азық-түлік таратылып тұрады. Жалпы өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған.

Бірақ, мұнда қабылдағың келмейтін, көргің келмейтін, қазақ баласы ретінде ішкі құндылықтарыңа, көзқарасыңа жанаспайтын жағдайлар да бар. Бұл елдің де нәсілшілдік секілді өзінің «бас ауруы» бар.

Сондықтан, бәрібір әркім осындай түбегейлі қалуға шешім қабылдайтын кезде бір ойланып алатын сияқты.

Мен, әрине, Америкаға келіп, қалып қойғысы келетіндерді кінәлай алмаймын. Әркімнің таңдау құқы бар ғой. Ал Нью-Йорктегі Чайна-таун секілді бір Қазақ-таун ашылып жатса, Америкадағы қазақтар да өзге ұлттар секілді үлкен бір қауым болып, өсіп-өніп, ұлттық асхана, басқа да бизнестерін ашып, табысқа жетіп жатса несі жаман!

Өзіме келсем, мен «Болашақ» бағдарламасымен оқуымды аяқтаған соң елге ораламын. Алған білімімді, тәжірибемді ел игілігіне жаратқым келеді. Пайдамды тигізгім келеді.

– Назира, уақыт бөліп, сүбелі сұхбат бергеніңізге рахмет.

Әңгімелескен Қамбар АХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button