Қоғам

Әдеп – басты талап

Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясында ұзақ мерзiмдi басымдықтардың бiрi – кәсiби мемлекеттi құру екені мәлім. Бiздiң мемлекетiмiздiң алдында тұрған стратегиялық мiндеттердiң сапалы iске асырылуы қай саланың болмасын дамуы мемлекеттiк қызметтің кәсiптiлiгiне негiзделедi. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік келбетіне зор мән берілуде.

Мемлекеттік қызметші қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. «Өзі жақсы адамға, мың кісілік орын бар» дегендей, құрметтеп төбелеріне көтереді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киім кигені де әдептің ауылынан ұзамағаны жөн. Қалай болса, солай киіну, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ.

Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқына, қызметтік міндетіне, мемлекет пен оның азаматтарының өзара қарым-қатынасына қатысты моральдық талапты білдіретін неғұрлым жинақты принциптер мен нормаларды білдіреді. Мемлекеттік қызметші үшін өзіне шектен тыс сенімді болу, қызметтестеріне, бағыныштылары мен келушілерге шыдамсыздық көрсету – үлкен қателік.

Мемлекеттік қызметшінің шыншыл болуы оның маңызды моральдық қасиеті болып табылады. Мемлекеттік қызметшіге жалпы қабылданған әдепті сақтау өте маңызды. Себебі, ол адаммен тікелей жұмыс жасайды және әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы қызмет атқарады. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл-әрекеті, сөйлеу мәнері, ой-пікірі, жеке қасиеттерінің барлығы да адамға нұқсан келтірмейтіндей болуы керек. Осы аталғандардың барлығын сақтау үшін этикеттің принциптерін ұстану қажет.

Мемлекеттік қызметшілерге интернет кеңістікте және әлеуметтік желілерде қымбат тұратын автокөлік немесе яхта жанында түсірілген фотосуреттер, ойынсауық мекемелеріндегі немесе эротикалық сипаттағы түскен фотосуреттер, аңшылықта немесе қолына мылтық алып түсуге, заңбұзушылық сипаттағы фотосуреттер, сондай-ақ шет елде түсірілген фотосуреттерді орналастыруға тыйым салынады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің басты қызметі болып табылатын адамдармен қарым-қатынастағы басшылық – қоғамның басты өндіруші күші адамдармен «адам факторымен» жұмыс істей білуі. Мемлекеттік қызметші болу – адамдармен тең қарым-қатынаста болу, кез келген жағдайдан жол таба білу, өз сезімін, эмоцияларын басқара білу болып табылады.

Б.ҚАНАТОВА,

ҚР ҰЭМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі.

Басқа материалдар

Back to top button