1 наурыздан бастап депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме жойылады
1 наурыздан бастап барлық қазақстандық банк үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер алып тасталады.

Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қызметінің басымды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл шара бастапқыда халықты банктердің депозиттерді жоғары мөлшерлемелер есебінен басқыншылықпен тартудан қорғауға бағытталған еді. Сонымен бірге қазақстандық банк секторының дамуына және бизнесті жүргізу стандарттарының жоғарылуына қарай, ҚДКБҚ депозит нарығын реттеуді ырықтандыру жағына қарай бағыт ала бастады.
Мөлшерлемелерді шек қою арқылы тікелей шектеу – халықаралық тәжірибеде қолданылатын, ең кең таралған және ең қарапайым құрал болып табылады. 2008 жылдан бастап, ҚДКБҚ барлық банктер үшін шекті мөлшерлемелерді бекітті. Банктер өздерінің депозиттік өнімдерінің мөлшерлемелерін сол деңгейден асырған жағдайда, ҚДКБҚ-ның кепілді өтем төлеу үшін құрылған арнайы резервіне айтарлықтай көтеріңкі жарна төлеуге міндетті болды. Мөлшерлемелердің шекті мөлшері банктердің басқыншы депозиттік саясатын тиімді шектеді, бірақ соған қарамастан бұл нарықтың жұмыс істеуіне тікелей араласу еді.
ҚДКБҚ нарықтық реттеуге алғашқы қадамды 2018 жылы жасады: теңгелік және валюталық депозиттер бойынша екі шекті мөлшерлемені белгілеудің орнына Қор нарықтық мөлшерлемелер негізінде шекті мөлшерлемелерді салымдардың топтары бөлінісінде ай сайын белгілеуді бастады. Сонымен бірге нарықтық және шекті мөлшерлемелер арасындағы уақыттың едәуір кешеуілдеуі депозит нарығына ақша-несие саясатының трансмиссиясын баяулатты, сондықтан тетік бұрынғысынша директивті араласуды талап етті.
Бұл тәжірибеден бас тартып, нарыққа бейімделген икемді механимздерді енгізу үшін ҚДКБҚ 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, банктердің көпшілігі үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуді жойды.
Шекті мөлшерлемелер ҚДКБҚ әдістемесі бойынша капиталдануы жақсыдан төменірек деп аталатын санатқа жатқызылған санаулы ғана банктер үшін сақталды. Мұндай тәжірибе АҚШ-та ойдағыдай қолданылып келеді. Онда депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер сондай-ақ жеткілікті капиталдандырылмаған банктер үшін де белгіленеді. Бұл ретте мөлшерлемелердің айтарлықтай құбылуын және салымдардың депозит нарығында бір банктен екінші банкке ағылуын болдырмау мақсатында барлық банктер үшін жүйелік тәуекелге арналған жарна енгізілді. Оның мөлшері олардың мөлшерлемелерінің нарықтық деңгейден қаншалықты ауытқығандығына тәуелді. Бұл тиімді шара болды және депозит нарығында нарықтық механимдерді іске қосты – барлық банктер баға белгіленіміне саналы түрде және байыппен қарап, нарықтық деңгейді ұстана бастады.
Ырықтандыру жағына қарай жасалатын келесі қадам – капиталдануы жақсыдан төмен банктер үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді жою. 2025 жылдың 1 наурызынан бастап, ҚДКБҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілемейтін болады. Капиталдануы жақсыдан төмен банктер сондай-ақ өздерінің депозиттік саясатын басқа банктер секілді нарықтық жағдайға сай белгілейтін болады. Сонымен бірге егер капиталдануы жақсыдан төмен банктер өздерінің депозиттері бойынша мөлшерлемелерді айтарлықтай өсіретін болса (нарықтық мөлшерлемеге қарағанда жоғары+спред), бұл банк жүйесіне қосымша тәуекелдер болып тиеді. Осыған байланысты мұндай банктер жүйелік тәуекел үшін төлейтін жарнаға қосымша ретінде мөлшерлемелердің шектен тыс асырылу дәрежесіне және депозиттерді тарту көлеміне қарай көтеріңкі жарна төлейтін болады.
Атап өту керек, депозит нарығындағы мөлшерлемелерді реттеу реформасын жүзеге асыруға байланысты 2025 жылдың ақпан айынан бастап, ҚДКБҚ сайт бетінде теңгелік депозиттер бойыша шекті мөлшерлемелер туралы ақпаратты жариялауды тоқтатады. Оның орнына 2025 жылдың наурыз айынан бастап, ҚДКБҚ өзінің ресми сайтында бөлшек саудалық депозит нарығында қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялайтын болады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер әлі де барлық банктер үшін белгіленеді.
– Біз жүргізілген реформа банктерге өздерінің депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу барысында көбірек еркіндік береді деп күтеміз. Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелер нарықтық факторларды ескере отырып белгіленетін болады. Ал енді банктер үшін мөлшерлемелерді белгілеу барысында ұстанатын басты бағдар – нарықтық мөлшерлеме. Оның көлемін нарықтың барлық қатысушылары белгілейді. Бұл банктер арасында адал бәсекелестіктің дамуына жағдай жасайды және бөлшек саудалық депозит нарығының, әсіресе санаулы банктер ғана қатысатын сегменттің дамуына жаңа серпін береді, – дейді ҚДКБҚ басшысы Әділ Өтембаев.
Айталық, мысалы, қазіргі уақытта мерзімі 12 айдан асатын мерзімді және жинақ салымдарды тарту көлемі мардымсыз, бірақ молайтуға әлеует жеткілікті. Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелердің шегі жойылғанымен, жүйелік тәуекел үшін төленетін жарна мен көтеріңкі жарна теңестіруші қызметін атқарады және банктерді депозиттер бойынша мөлшерлемелерді шектен тыс көтеру ниетінен бас тартқызады. Бұл ҚДКБҚ-ның қаржылық тұрақтылыққа жәрдемдесу бойынша міндеттерімен үйлеседі.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА