Шексіз өмір сценариі
Журналист болу маңдайға жазыла ма?! Жазылатын болғаны. Осыдан-ақ тағдырыңызды кездейсоқ деп көріңіз, қатты қателесесіз. Дүниеге келгеніңнен ата-анаңнан бастап, айналаңдағы жақын-жуықтың өзінің ықпалы бар ма?! Дәл солай. Солай болмаса жасы жетпесе де ерте есейтуді қалаған әкенің ықпалымен өзінен ересек балалармен бір партаға отырып, сауатын орысша ашқан қабілетті ұл үш ұйықтаса түсіне журналист боламын, болғанда да қазақ журналистикасын өрге сүйреген «қара нарына» айналамын деп ойлады дейсіз бе?! Ойлаған жоқ. Ойламаған жерден өмірден де ерте озды. Жазылған, сызылған өмірінің сценариі таусылғанда, артына қарайламай кете барды… Жазары таусылмаған еді, маңдайға жазылғаны таусылды…
Бірақ, өмірде ағасы ретінде де, ұстазы ретінде де қатты қадірлеп өткен, журналист мамандығын таңдауына тікелей ықпалы бар Рамазан Сағымбековті өзі қалай құрметтесе, Мағауия Сембайдың шәкірттері де өзін дәл солай құрметтейтіні оның өмірінің тоқтағанын емес, басқа қырынан жалғасатынын, мәңгі жасайтынын көрсетті. М.Сембаев атындағы «Қолыма қалам алдым айтамын деп… » атты облыстық шығармашылық байқауы – соның дәлелі.
Қаламынан шыққан әр туындысымен бір проблеманы көтеріп, жазғанымен ғана емес, мақаласындағы әр әрпімен ақпаратты бере білмесе, жазып қана қоймай, мәселенің оңтайлы шешілуіне тікелей ықпал ете білмесе, қала берді, қазақтың әр сөзінің дұрыс айтылуы мен жазылуы үшін жаны ауырмаса, өзгенің жанын өзіндей түсіне алмаса ол жақсы журналист бола ала ма? Бола алмасы анық. Мағауия Сембайдың бойында осы қасиеттің барлығы болды…
Содан да болар, байқауға келіп түскен шығармалардың дені оның қаламгерлік қырынан бөлек, адамгершілік қасиетін де көрсетуге арналған. Жары Мейраш Мұқашеваның «Материалдардың барлығы риясыз, шын көңілден жазылған, ағаларына деген сағынышы байқалады» деген сөзі соның айғағы.
«Saryarqa aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен облыстық байқауға 20-дан астам шығарма келіп түскен. М.Сембайдың рухани мұрасын дәріптеу, Арқа жеріндегі журналистика мектебінің өрісін кеңейту, өзекті мәселелерді көтерудегі шеберлігін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 25 пен 64 жас аралығындағы үміткерлер бақтарын сынады. Себебі де жоқ емес. Небары 25 жасында ҚР Журналистер одағының сыйлығының лауреаты атанса, 64 жасында мәңгі сапарға аттанды.
– Бір ай бұрын ҚР Президенті сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, қарымды қаламгер Мағауия Сембай атындағы «Қолыма қалам алдым, айтамын деп…» облыстық байқауы жарияланған болатын. Байқауға төрағалық еткен Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай болса, мүшелері облыс әкімінің шаттан тыс кеңесшісі Рымбала Омарбекова, Халықаралық журналист Сағат Батырханова, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, «Фитохимия» халықаралық холдингінің бас директоры Серғазы Әдекенов, ҚР Журналистер Одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садыханов, – деген «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің бас директоры Қамбар Ахметов байқауға демеушілік еткен Серғазы Әдекеновке және медаль дайындауға қаржылай қолдау білдірген М.Сембаевтың досы Еркін Өкімбаевқа алғысын білдірді.
Мағауия Сембайдың қаламынан шыққан әр туындысы бір әлем болса, ол туралы жазылған дүниенің өзі бір әлем екенін айтады қазылар алқасының мүшесі Сағат Батырханова.
– Байқау шығармаларын оқыған сайын Мағауияның өзін көргендей, көзін көргендей әсерде болдық. Әрқайсы – жылы шуақпен, үлкен оймен, жүрекпен жазылған дүниелер. Айтар ойы, идеясы бар әр туындының. Журналистер өз жүректеріндегі Мағауияларының қандай екенін көрсетті, – деп ағынан жарылған ол байқауға қатысушылар М.Сланбекұлының қаламгерлігімен қатар, адамгершілік қырын, қамқорлығын, көрген тәрбиелерін шынайы көрсеткеніне де тоқталды.
Байқау қорытындысы жарияланған салтанатты шараға М.Сланбекұлының апайы – Мағия Сланбекқызы да қатысты. «Saryarqa aqparat» медиахолдингіне, «Орталықтың» ұжымына Сембай әулетінің атынан алғысын білдірді. «Бауырым өлмеген екен, артында ізбасарлары, жұмысын алға апаратын жолдастары, тәрбиелеген шәкірттері барда бауырым – тірі!» деп, ісін жалғастыра беруге тілектестік білдірді.
Биыл бірінші рет ұйымдастырылған байқау облыстық деңгейде болғанымен, болашақта республикалық деңгейге шығару да жоспарда. Одан бөлек, тақырып аясын кеңейіп, бірнеше жүлде де тағайындалмақ. Ол – болашақтың еншісінде!
Ал биылғы байқауда қазылар алқасының шемімімен М.Сембайдың шәкірті, аға атын дәріптеп, мұрасын насихаттап жүрген «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек М.Сембай атындағы сыйлықтың тұңғыш лауреаты атағына ие болды.
«Ағамыздың аты мәңгі өшпейтінін осындай шаралармен, сөзімізді – іспен дәлелдей бастадық. Байқау болғаннан кейін біреудің озуы заңдылық. Алғыс айту бір бөлек, аға рухының алдында жүлдемен шектеліп, осы жүлдемен тоқмейілсіп қаламын деп ойламаймын. Мағаш ағамның атын дәріптеуге қолдан қаламым түскенше еңбек етемін» деген Ерсін Кәрібайұлының ұстазына арнаған «Мәңгі шырақ» эссесі – шәкірттің ұстаз алдында атқарып жүрген, әлі алда талай атқаратын үлкен еңбегінің бір парасы ғана.
…Мағауия Сембай өмірден өтсе де туындыларымен, қалыптастырған журналистика мектебімен, ісін жалғастырар шәкірттерімен өзінің шексіз өмірінің сценариін жазып кетті.
Салтанат ІЛИЯШ.
Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.