Приозерск

Шынайы қамқорлық

Приозерск қаласында халықтың жағдайын жақсартып, оның ішінде, әлеуметтік әлсіз топтар өкілдерінің әл-ауқатын көтеруге бағытталған шаралар ойдағыдай жүргізілуде. Әзірленген бағдарламалар, әлеуметтік бастамалар мерзімді әрі сапалы жүзеге асырылуда. Халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдау көрсету жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылдың бес айында 105 отбасының 515 мүшесіне 12058,6 мың теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек берілген. Бұл туралы Приозерск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сағынбек БЕЙСЕКЕЕВ мәлімдеді.

– Бір жастан алты жасқа дейінгі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарынан 114 балаға, оның ішінде, 45 балаға – бір жастан үш жасқа дейінгі, 69 балаға – үш жастан алты жасқа дейінгі кепілдендірілген әлеуметтің пакет берілді. Наурыз айында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі 184 балаға жалпы сомасы 1024,3 мың теңге көлемінде қаржы төленді. Мамыр айында бес санаттағы 651 адамға азық-түлік жиынтықтары үшін жалпы сомасы 3624,1 мың теңге көлемінде қаржы берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар жүзеге асуда, – дейді Сағынбек Жаңбырбайұлы.

Бөлім басшысының айтуынша, мұнымен қоса, қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек балаларға және жалғызбасты қарттарға үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Аталған көмек түрлеріне жергілікті бюджеттен 6784,4 мың теңге қаржы қарастырылған. Сондайақ, көмек алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін, олардың жұмыс іздеуде және өзін-өзі қамтамасыз етудегі уәждемелерін арттыру, ел экономикасы мен қоғам өміріне қатысу дәрежесінің ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұрғыда азаматтардың әрбір өтінішін қарап, олардың тарапынан туындайтын көптеген мәселелерге жауап беретін әлеуметтік сала қызметкерлері де маңызды роль атқарып отырғандығын Сағынбек Бейсекеев атап өтті.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button