Елі үшін туған ер
Қабырғалы қоғам қайраткері
Жанайдар Сәдуақасов – 1898 жылы Омбы губерниясының Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Төссаз (қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен елді мекені) деген жерде дүниеге келген. Әкесі – Сәдуақас ел арасына беделді, құрметті адамдардың бірі болған. Ол молда ұстап, ауылдағы балалардың діни сауатын ашуына көмек жасаса, ал анасы Сара Матайқызы парасатты, мейірімді жан еді.
1912 жылға дейін ауыл молдасынан хат таныған Жанайдардың білімге деген ынтасын байқаған әкесі Сәдуақас Ақмолаға оқуға апарады. Жанайдар діни мектепке емес, Приход мектебіне түседі. Мектепте 1913 жылдың қыркүйегінен 1915 жылдың мамыр айына дейін оқиды. 1915 жылдың қыркүйегінде Ақмоладағы Жоғары Бастауыш мектепке оқуға қабылданып, оны 1916 жылдың мамыр айында бітіреді.
Ж.Сәдуақасовтың қайраткер ретінде қалыптасуына достық қатынаста болған жерлестері С.Сейфуллин, Бәйсейіт және Дінмұхамед Әділовтер, А.Асылбеков сияқты азаматтар ықпал етті. Ол қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап Ақмола уездік Қазақ комитетінде болыстық және ауылдық комитеттерді ұйымдастыру жөніндегі инспектор болып қызмет атқарады. 1917-1919 жылдары Омбыдағы ересектерге арналған гимназияда оқиды. Осы жылдары қазақ жастарының басын қосқан «Бірлік» ұйымына мүше болып, Смағұл Сәдуақасов және Ғаббас Сәдуақасұлы Тоғжановпен танысады. Қазақ мемлекетінің саяси өмірінде елеулі орын алған үш танымал тұлғаның өмір жолдары осылайша Омбы қаласында түйіседі. Аталған азаматтардың шығу тегін білмейтін қала тұрғындары оларды «Сәдуақастың ұлдары» деп те атаған. Жанайдар кейін Смағұл мен Ғаббасты «Бірлік» ұйымының мүшелігіне тартқан.
Бүгінде Жанайдар Сәдуақасовтың өмірін, істеген істері мен еңбегін бірнеше бағытта қарастыруға болады. Жанайдар Сәдуақасовты ірі саяси қоғам қайраткері ретінде дәріптеуіміз керек. Оның саяси қайраткерлігі мемлекеттік қызметтегі еңбектері мен қазақ елінің тұтастығы жолындағы ерлік істерінен көрінді.
Реттеп айтсақ, Кеңес үкіметінің саясатына сенімді Ж.Сәдуақасовтың алғашқы қоғамдық қызметі 1919 жылы шілдеде Омбы қаласынан Сарысу бойындағы ауылына оралғанда басталды деуге болады. Елге оралғанда оның өмірлік ұстанымы да біршама айқын еді. Әрине, оған Омбы және оның алдындағы Ақмолада оқыған жылдары жинаған білімі және өмірден алған тәжірибесі де әсер етті. Ең бастысы ол патша үкіметінің отаршыл саясатының түпкі мақсатын түсініп, орыс ұлты мен жергілікті халық арасындағы әлеуметтік теңсіздікті, келіспеушілікті көзімен көрді. Бұл оның ұлтжандылық сезімінің оянуына ықпал етті. Осы оқиғалар оның азамат соғысы жылдары кезінде, Торғайдағы Бәйсейіт әскер жинап жатқанын естігенде, көп ойланбай оның қолына барып қосылуына, Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысуына түрткі болды. Ол қазақ халқының 1916 жылы патшаның отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтеріліске шығуын Қазақстан тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі ретінде жоғары бағалады.
1920 жылдың басында Ж.Сәдуақасов большевиктер партиясы қатарына өтіп, қыркүйек айында Ақмола уездік партия комитетінің нұсқаушысы, қараша айында Ақмола уезінің Халық ағарту бөлімінің саяси-ағарту меңгерушісі қызметін атқарды.
Ақмоладағы қызметі қауырт жұмыстарға толы болған Ж.Сәдуақасов 1922 жылдың наурыз айынан бастап қыркүйек айына дейін Ақмоладағы Черлок селосында уездік революциялық комитетінің (уревком) төрағасы қызметін атқарады. Ол Ақмолада қызмет істеген жылдары мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге атсалысып, халықпен етене жұмыс істей алатын тәжірибелі қызметкер ретінде танылады. Осы жылы қазан айында Орынбор қаласында өткен III Бүкілқазақтық Кеңестер съезіне Ақмола губерниялық Кеңестер съезі атынан шешуші дауыспен қатысады. Аталған съезде аймақтағы жұмысында жоғары жауапкершілік пен басқару шеберлігін таныта білген Ж.Сәдуақасов Қазақ Орталық Атқару Комитетінің (ҚОАК) жауапты хатшысы болып тағайындалады. Ол бұл қызметті 1924 жылдың қыркүйек айына дейін атқарды. Осы аралықта елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, мәдениеті мен әдебиетін қолдауға, заңнамалық базасын нығайтуға атсалысады. ҚОАК жауапты хатшысы Ж.Сәдуақасов қызметтік міндеттеріне сәйкес бірқатар заңнамалық күші бар қаулылар мен ережелерді әзірлеуге қатысады. Сонымен қоса, ҚОАК жанынан құрылған бірнеше Комиссияның төрағасы, әрі мүшесі болады. Соның бірі – ҚОАК жанындағы әскери бөлімдердің жұмысын үйлестіретін Шефтер Комиссиясына, сондай-ақ «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссияға» төрағалық етуі. Ол қазақ тілін өміршең етіп, іс жүргізуге енгізуге, мемлекеттік аппаратты қазақ мамандарымен жасақтауға және заңнамалық актілерді қазақ тіліне аударуға күш салады.
1924 жылы Ж.Сәдуақасов Түркістан Республикасына бағынышты Сырдария мен Жетісуды Қазақ АКСР-не қосу және Түркістан АКСР Красноводск түрікмендері арасындағы қарым-қатынасты реттеуге қатысты мәселелерді шешуге атсалысады. Осы мақсатта Мәскеуге барып, Жетісу-Сырдария облыстарының Түркістан Республикасынан Қазақ Республикасына қосылуына күш салады.
Жалпы, Түркістан кеңестік федеративтік республикасы – 1918 жылы Ташкентте 20 сәуір мен 1 мамыр аралығында болып өткен кеңестердің Бүкілтүркістандық 5-съезінде жарияланды. Онда «Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы ережесі» бекітілді. Съезде: «Түркістан Кеңестік Федеративтік республикасы автономиялы түрде басқарылып, Ресей Кеңестік Федерациясының орталық үкіметін мойындайды және оның бағытын ұстанады» деп жазылды. Оған Каспий өңірін, Самарқанд және Ферғана облыстарын қамтитын Түркістан өлкесі кірді. Астанасы Ташкент болды. Мұның құрылуына Ташкентте Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі басталған табан тірескен қиян-кескі күрес себеп болды. Бұл Федерация өз аттас өңірдің бір бөлігінде құрылды. 1918- 1920 жж. азамат соғысы кезінде Түркістан Республикасының Орталық Ресеймен байланысы өте төмен болды.
Қазақстан мен Түркменстан арасындағы шекараны анықтау да оңайға түспеді. Бұл үдеріс тек 1925 жылы ғана аяқталды.
1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР-і ОАК төралқасы О.Исаевтың баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарылды. 1925 жылдың бірінші жартысында республиканың негізгі мемлекеттік мекемелері Қызылордаға көшірілді. Қазақ жерінің қайта бірігуі өте маңызды оқиға болып табылады. Коммунистік идеология үстем Кеңестік қазақ мемлекеттілігі аясында жүргізілгенімен, ол өңірдің тұрғылықты халықтарының, оның ішінде қазақтардың ұлттық ұйысуының жаңа кезеңіне жол ашты. Әрине Орынбор РФ құрамында қалды.
1925 жылғы 15–19 сәуірде республиканың жаңа астанасында Кеңестік Қазақстанның V съезі өтті. Съезд байырғы халықтың – қазақтардың тарихи атауын қалпына келтірді, Қырғыз АКСР-інің аты Қазақ Автономиялық Кеңес Республикасы деп өзгертілді. Съезд, сонымен бірге республиканың жаңа астанасының атауын да өзгертті: Перовск қаласы Қызылорда деп аталатын болды. Осылай Қазақстан аумағы және қазақ халқының тұтастығы қайта қалпына келді.
Қазақ АКСР-інің әкімшілік бөлінісі 1925 жылы аяқталды. Ол Адай уезі (губернияға теңестірілген), Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу, Сырдария губернияларын және Қарақалпақ автономиялық облысын біріктірді. 1925 жылы ақпанда Төркүлде өткен І Құрылтай съезінде Қарақалпақ автономиялы облысы құрылып, 1930 жылға дейін Қазақ АКСР-інің құрамында болды. (1930-1936 жж. РКФСР құрамында, ал 1936 ж. бүгінге дейін Өзбекстан құрамындағы автономия). Сонымен Қазақ АКСР-іне жаңадан:
- Жетісу губерниясына енген Алматы, Жаркент, Лепсі, Талдықорған уездері;
- Сырдария губерниясына енген Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Ташкент, Мырзакөл уездерінің бір бөлігі;
- Самарқан губерниясының Жизақ уезіне қарасты 6 болыстық;
- Әмудария өңірі түгелімен;
- Хорезмнің Қарақалпақ-Қырғыз автономиялы облысы қосылды.
Ж. Сәдуақасов осы 1925 жылы БОАК-нің Орынбор губерниясын Қазақ АКСР құрамынан бөлу, ал оған Қазақ АКСР құрамынан Илецк уезі мен Ақтөбе губерниясының жартысын беру туралы шешіміне қарсылық білдіреді. Ол Орал мен Ақтөбе губернияларының жартысын беру – шұрайлы жерлерден айырып, губерния бюджетін азайтады және қазақ жерінің бөлшектенуіне әкеп соқтырады деп санайды. Сонымен қоса, Торғай жерінің Орынбор губерниясымен революцияға дейінгі ескі шекараларындағы территорияларды қайтаруды талап етеді. Орталық Комитетке қазақ елінің Орынбор губерниясымен шекаралас жерлерін беру туралы мәселеде ең алдымен, ҚКСР-ның ұлттық республика ретінде дербестігін ескеруді ұсынады. Ж.Сәдуақасов дәл осы кезеңде саяси шыңдалған, кемеліне келген, білімі толысқан байыпты басшы, шешендік сөздің шеберіне айналады.
1932-1933 жылдары голощекиндік асыра сілтеу саясатының салдарынан республиканы аштық нәубеті жайлап, халық аштық пен жұқпалы аурулардан қырыла бастайды. Аштық нәубетімен күресуге, туған ұлтына жәрдемдесуге алғашқылардың бірі болып ұмтылған басшылардың бірі – Ж.Сәдуақасов. Оның аштық жайлаған аймақтарды аралап, халыққа материалдық және медициналық көмек көрсетуі және азаматтық қасиеттерінің жоғары болғандығы жайлы Д.Шалқарбаевтың, А.Мұстафаевтың естеліктерінде айтылған.
Оның мемлекеттік қызметтегі ерен еңбегі 1933 жылы Ф.Голощекиннің орнына Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшылығына Л.Мирзоян тағайындалғанда көрінді. Ж.Сәдуақасов жаңа басшының Қазақстанда болған асыра сілтеу зардабын тез жойып, көптеген түбегейлі іс-шараларды жүзеге асыруда сенімді серігіне айналады. Ол 1933 жылы шілдедегі Қазақ өлкелік партия комитетінің VІ пленумында асыра сілтеушіліктер мен келеңсіздіктерді, мемлекет басқарып отырған басшылардың жіберген саяси қателіктерін қатаң сынға ала отырып, өз жауапкершілігі мен қателіктерін азаматтықпен батыл мойындайды.
Ж.Сәдуақасов 1933 жылдың шілде айында Қазақ өлкелік комитетінің көлік жөніндегі хатшысы қызметіне ауыстырылып, бұл қызметті 1934 жылдың ақпан айына дейін атқарады. Ал, 1934 жылдың ақпан айынан бастап 1936 жылдың тамыз айына дейін Қазақ өлкелік комитетінің сауда кеңесі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Сонымен қатар, 1934 жылдың қаңтар айынан бастап «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы қызметін қоса атқарады. Ж.Сәдуақасов 1934 жылы 8-16 қаңтар аралығында өткен Б(б) КП Қазақ өлкелік VIII конференциясының Президиумына сайланады.
Осы отырыста партияның өлкелік органдарына сайлау нәтижелері жарияланып, Ж.Сәдуақасов Б (б) КП Өлкелік комитетінің мүшелігіне, 1934 жылы Б(б)КП ХVІІ съезіне шешуші дауыспен делегат болып сайланады. Ал, 1934 жылы 2-7 наурыз аралығындағы ҚОАК V сессиясының қаулысымен Президиум мүшелігіне өтеді.
Мемлекеттік маңызды істерді шешуде белсенділік танытып, іскер басшы ретінде танылған Ж.Сәдуақасов 1936 жылы 16 тамызда Қазақ өлкелік комитетінің сауда бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылып, ҚКСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1937 жылдың сәуір айына дейін атқарады. Бұл жауапты қызметте аштық салдарынан ойсырап қалған ауылдардың ахуалын жақсартуға, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға күш салады. Сондайақ, мал және егін шаруашылығын дамыту, мемлекет қаражатының тиімді игерілуіне баса назар аударады. Ол құрылыстарды қаржыландыруға бөлінген қаржының дұрыс игерілуін бақылауында ұстайды. Байланыс құрылыстарын дамыту, байланысты іске қосу, әсіресе телеграф, радиотелефон жұмыстарын жақсарту, байланыс органдарын білікті ма мандармен жасақтау және оларды дайындау туралы мәселелерді жанжақты қарастырып, нақты шешімдер қабылдауға басшылық жасайды.
Ж.Сәдуақасовтың соңғы атқарған мемлекеттік қызметі Алматы қалалық және облыстық партия комитетінің хатшысы болуы. Оның 1937 жылдың 27 сәуірінен бастап 17 қыркүйегіне дейін атқарған хатшылық қызметі Алматы қалалық партия ұйымдарына сайлау және саяси қуғын-сүргін науқанымен тұспа-тұс келді. Мамыр айында қалалық партия ұйымдарына сайлау аяқталып, қалалық аудандарда аудандық партия конференциялары өтеді. Алматы қаласындағы партиялық-саяси жұмыстарды жүзеге асыру барысында Б(б)КП Орталық Комитеті Пленумының тарихи шешімін зерделеу және меңгеру жөнінде партия конференцияларына қатысып, баяндамалар жасайды.
Ірі мәдениет қайраткері
Ж.Сәдуақасовтың мәдениет пен өнерге деген жанашырлығы оның барлық өміріне тән. Дегенмен, оның бұл салаға деген қомақты үлесі 1929 жылдан бастап 1933 жылға дейінгі аралықта Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметі кезінде ерекше байқалды. Елдің осы сәттегі мәдениет саласындағы артта қалушылықтарымен күресу зор еңбекті және табандылықты талап етті. Сондықтан, Ж.Сәдуақасов алдымен кітапханаларды, мәдениет үйлерін, театрды, сауатсыздықпен күресу пункттерін, оқу-ағарту ұйымдарын көбейтуге күш салады.
Сонымен қоса, мемлекеттік баспалар бірлестігі өлкелік редакция алқасының мүшесі және Қазақ про летарлық жазушылар ассоциациясы ұйымдастыру бюросының төрағасы болып істеді. «Жаңа әдебиет» журналының редакциялық алқасының мүшесі, «Қазақстан большевигі» журналының редакторы қызметін қоса атқарады. Аталған басылымдарда ол қазақтың танымал ақынжазушылары Ғ.Мүсірепов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Тоғжановтармен бірлесіп еңбек етті. Ж.Сәдуақасовтың мәдениет пен қазақ өнерін дамытудағы еңбегін М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов секілді атақты жазушылар жоғары бағалады. Жазушылармен жиі болып тұратын кездесулерінде Ж.Сәдуақасов қазақ әдебиетінің даму барысына үнемі көңіл қойып, жаңа шығармалармен танысып, оған өз пікірін білдіріп отырды. Ол Қ.Қуанышбаев, Ж.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Ж.Елебеков және т.б. театр және өнер жұлдыздарымен үнемі шығармашылық қарым-қатынаста болды.
Ж.Сәдуақасовтың Қазақ ұлттық театрының негізін қалауға атсалысқандығы туралы Социалистік Еңбек Ері С.Қожамқұловтың естелігінде жақсы айтылады. Ол Қазақ Ұлттық театрының құрылуын ұлт тарихындағы өте маңызды оқиға ретінде жоғары бағалайды. Сонымен қоса, Қыз Жібекке арналған халық әнін өзі орындап, А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні мен күйі» жинағына «Қарашаш» атауымен енгізеді. Кейін Ж.Сәдуақасовтың пәрменді қолдауымен «Қыз Жібек» жырының әуені бойынша композитор Е.Г.Брусиловский «Қыз Жібек» операсын жазып шығады. Ал, Ғ.Мүсірепов халық эпосының негізінде оның либреттосын әзірлейді, режиссер Ж.Шанин сахналайды.
Ж.Сәдуақасов ұлттық баспасөзді дамытудың бастауында тұрған тұлғалардың бірі. Ол әсіресе, баспа өнімдерін шығару, баспа жұмысын жолға қою және қазақ басылымдарының санын арттыруда елеулі жұмыстар атқарады. 1930 жылдары жарық көрген Ф.Голощекиннің, И.Сталиннің, өлкелік партия комитетінің қаулылары және т.б. саяси маңызды басылымдар Ж.Сәдуақасовтың жауапты аудармасымен және редакторлығымен жарық көреді. Ол Қазақстанның саяси және мәдени өмірінде маңызды орын алған Ғылым Академиясының филиалы мен ауыл шаруашылық академиясын ұйымдастыруға үлес қосады. Алғашқы Қазақ Академиялық ғылыми орталығының мүшелері – А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Асфендияров, Х.Досмұхамедовтардың еңбектерін жоғары бағалап, әйгілі В.И.Вернадский, Н.И.Вавилов, А.Е.Ферсман, Н.Ф.Гамалея сынды академиктермен шығармашылық байланыста болады.
КСРО Ғылым Академиясының Қазақстанның келелі ғылыми-зерттеу мәселелерін шешу, ұлттық кадрлар дайындау және республика ғылымының келешегін дамытудағы рөлін жете түсініп, барынша қолдау көрсетеді.
Тіл жанашыры
Ол қазақ тілін мемлекеттік аппараттардың іс жүргізуіне енгізуде және мемлекеттік аппаратты ұлттандыруда зор еңбек сіңіреді. 1923- 1924 жж. қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссияға төрағалық ету барысында, сол кезеңдегі орыстандыру саясатына қарамастан, қазақ тілінің аясын кеңейтуге күш салады. Қазақ тілін әлеуметтік-экономикалық және саяси жағынан кешенді түрде дамыту қағидасын ұстанады. Алайда, сол кездегі саясатқа байланысты, оның кейбір ұсыныстары жүзеге асырылмады. Кеңес үкіметі Қазақ республикасының ұлттық мүддені көздейтін кез келген бастамасына шовинистік саясат ұстанып, оны жүзеге асыруға қарсылық білдіріп, барлық жұмысты тек социалистік идеяны насихаттауға және партиялық позицияны жүргізуге жұмылдырады. Кеңес үкіметі орнаған кезеңдегі Орталық Комиссияның, оған төрағалық еткен Ж.Сәдуақасовтың қазақ тілін мемлекеттік аппараттардың жұмысына енгізу арқылы басқару тіліне айналдыруға тырысқан батыл қадамдары тарихта объективті бағасын алуға тиіс. Бүгінгі таңда тіл саясаты мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Сондықтан, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны Қазақстанның рухани-мәдени өмірінің өзегіне айналдыру мәселесін оңтайлы шешуде Ж.Сәдуақасовтың қазақ тілін сақтап қалуға және дамытуға қатысты ұстанымдары әлі өзектілігін жойған жоқ.
Ж.Сәдуақасов Орталық Комиссияға төрағалық ету барысында «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Декретті» әзірлеуге қатысып, оған қол қояды. Аталған Декрет ҚАКСР территориясында қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік тіл ретінде тану, мемлекеттік, қоғамдық мекемелер мен ұйымдарда орыс тілімен қатар, қазақ тілінде іс жүргізуді, декреттер мен циркулярларды, міндетті қаулылар мен өзге де заңнамалық және үкіметтік актілерді қазақ тілінде шығаруды қарастырды.
Ана тілінің болашағына алаңдаушылық білдірген Ж.Сәдуақасов ең алдымен мемлекеттік мекемелердегі аудармашылар штатын жоюды көздейді. Ол аудармашылар қызметі қазақ тілін іс жүргізуге үйлесімді енгізуге, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін жедел үйренуіне және қазақ мамандарын жоғарғы билік органдарына тартуға кедергі келтіреді деген ұстанымда болады. Ж.Сәдуақасовтың бастамасымен өзге ұлт өкілдерімен жасақталған мемлекеттік мекемелерде қазақ тілі мен жазуын мең герген қазақ мамандарына қосымша штат ашу туралы Мәскеудегі Орталық Комитетке ұсыныс жасалады. Алайда, ұсыныс Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) Президиумы тарапынан қолдау таппайды. Осыған орай, ол штаттағы орыс тілді қызметкерлерді қазақ тілді қызметкерлермен алмастыру арқылы мемлекеттік аппаратты қазақ тілін білетін қызметкерлермен жасақтауды көздейді.
Қайраткердің қуғынға ұшырауы
1937 жылғы барлық қазақ зиялыларын жаппай жоюға бағытталған сталиндік саяси репрессияның қанды құрығы Ж.Сәдуақасовты да сырт айналып өтпеді. Ішкі Істер Халкомы 1937 жылы 17 қыркүйекте оны контрреволюциялық-ұлтшыл элементтермен байланысын анықтау мақсатында қамауға алу туралы ордер береді. 1938 жылы 25 ақпанда Алматы қаласында 13 сағат 30 минутта «халық жауы» ретінде танылған Ж.Сәдуақасовтың қылмыстық ісі бойынша сот ісі басталады. Ж.Сәдуақасовқа 1929 жылдан бастап Қазақстанда әрекет етуші буржуазияшыл-ұлтшыл, террористік және диверсиялық-зиянкес, контрреволюциялық ұйымға басшылық жасады, кеңес билігін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді және Жапонияның басшылығымен буржуазиялық Қазақ мемлекетін құруға әрекет жасады, ҚКСР аудандарында қарулы көтеріліс ұйымдастыруға белсене қатысып, ұлтшылдардың мәскеулік жетекшілері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақовтармен байланыстар орнатты деген айыптар тағылады. Сотқа төрағалық етуші айыптау қорытындысын жариялағаннан кейін, Ж.Сәдуақасовтан үкімде көрсетілген қылмыстарды мойындауын талап еткенде, ол алдын ала тергеу барысында берген жауаптарын растамайтындығын және өзін кінәлі санамайтындығын жеткізеді. Бұл – Ж.Сәдуақасовтың қамауда көрсеткен әр түрлі азаптау мен қинаудың салдарынан тергеу барысында жалған жауаптарға қол қоюға мәжбүр болғандығын дәлелдейді. Ол ажал сағаты жақындаған сәттегі жалғыз ауыз, ақтық сөзінде өзінің кінәсіз екендігін батыл мәлімдейді. Ж.Сәдуақасовты ату жазасына кесу үкімін орындау туралы акті КСРО Ішкі Істер Халкомының Бірінші ерекше бөлімінің Ерекше мұрағатындағы №8 томда, №451 бетте сақтаулы. Ол 1957 жылы 16 сәуірде КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Алқасының шешімімен ақталды.
Cөйтіп, кәсіби-қызметте өсудің барлық сатысынан өтіп, мемлекеттік аппараттың биік шыңына көтерілген Ж.Сәдуақасов мәдениет пен өнерді, ұлттық баспасөзді дамыту, білім беру орындарын ашу, заңдылықты сақтау және нығайту секілді маңызды істерді жүзеге асыруға аянбай атсалысты. Қайраткер өзінің қысқа да мағыналы өмірінде республиканың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосып, зор еңбек сіңірді. Ол 40 жыл жасаған өмірінде өзінің туған халқы үшін, келешек ұрпақтары үшін игілікті өшпес із қалдырып, еңбек сіңірді. Оның 1922 жылға дейін атқарған әр түрлі саладағы қызметтерін есепке алмай, тек ҚОАК жауапты хатшысы қызметіне тағайындалған сәтінен бастайтын болсақ, ол осы қызметте мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге араласқанда небары 24 жаста, ал Қаржы Халық Комиссарының орынбасары және Салық Басқармасының Бастығы қызметін атқарып, мемлекеттегі қаржылық дағдарысты шешуге атсалысқанда – 27 жаста, Әділет Халық Комиссары және Республика Прокуроры сияқты жауапты қызметтердің тізгінін қатар алғанда – небары 29 жаста болған екен.
Қазақстан егемендік алып, тәуелсіздік тұғырын бекіткеннен кейін, қазақ зиялыларының халық таныған абзал ұлдарының есімі халықпен қайта қауышып, олардың рухани мұралары халықтың игілігіне айналуда. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №891 қаулысымен Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен жалпы орта білім беретін мектебі бүгінде «Жанайдар Сәдуақасов» атымен аталды. Бұл бастаманы Жанайдар Сәдуақасовты дәріптеуіміздің алғашқы игілікті істеріміздің бірі деп бағалауымыз керек. Біздің мақсат – Жанайдар Сәдуақасов секілді ұлыларымызды ұлықтау, ұрпаққа ұлағат ету, олардың мұрасын біздің халқымыздың рухани қазынасына айналдыру. Сөйтіп, оның тұғырлы тұлғасы мен жарқын істері тарих төрінен лайықты орын алуы тиіс.
Қанат Өскембаев,
Перизат ҚҰРМАНҚЫЗЫ,
тарих ғылымдарының кандидаттары