Автобустағы антисанитария
Кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Үкімет мүшелері мен әкімдердің қатысуымен өткен кеңесте елдегі күрделі жағдайға қынжылыс білдіріп, тиісті жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Талап – жалқы. Ол – санитарлық сақтық шараларына салғырттық танытпау. Ашығын айтайық, билікте жазық жоқ. Әу бастан-ақ, қатаң талап қойып, санитарлық талапқа салғырт қарағандарға қатқыл қабақ танытты. Осындайда әлгі бір бабамыз «Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?» депті ғой. Біз көргенімізді айтпақпыз. Сонымен, әңгіме өзегі – Қарағанды автобустарындағы санитарлық нормалардың сын көтермейтін көрінісі.
«МАСКАҢЫЗ НЕ? БАСҚАМЫЗ ОҢЫП ТҰРҒАНДАЙ…»
Кешкілік сағат 18.30 шамасында 45-ші орам аялдамасынан 40-шы автобусқа отырдым. Қарбалас шақ. Аялдамадан менімен бірге 10 жолаушы автобус тепкішегіне аяқ артқан. Екі-үшеуінде бетперде жоқ. Ал, айқара ашылған есіктің шынысында «Covid-19» инфекциясынан қорғану мақсатында қоғамдық көліктерде қорғаныш маскаларын кию МІНДЕТТІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ!» деген «№3 Автобус паркі» ЖШС әкімшілігінің ескертуі баттиып тұр. Оны елеп жатқан жолаушы да, талап етіп жатқан кондуктор да жоқ. Жасы егделеу тартқан маскасыз апайға «Апа, бетперде кимейсіз бе? Жағдай қауіпті ғой» деп едім, ол кісі «Маскаңыз не? Басқамыз келісіп тұрғандай» деп, дік ете қалды. Жанарымен кондуктор мен батпағы баттасып, шаңы аспанға көтерілген автобус еденін сүзіп өтті. Онысы – маған танытқан емеуріні.
Карантин режимі кезінде сақталуы тиіс талаптардың бірі – жолаушыларды алдыңғы есіктен енгізіп, ортаңғы есіктен шығару. Дәл осы автобуста бұл талап та сақталмады. Бәріміз түсетін елмен жағаласып, ортаңғы есіктен мініп алғанбыз. Жүргізушіге жақындап осының мәнісін сұрадым. Жүйкесі жұқарған болуы керек, маған «Аштым ғой. Жолаушылардың өзі…» деген қысқа жауап қайырды.
Көңіл көншітпей тұрған жағдайларға байланысты бірер сұрағымды қояйын деп кондукторға қызметтік куәлігімді көрсеттім. Бірден «И че, пресса тегін жүреді деп кім айтты сізге» деп дүрсе қоя бергені. Қазақтың қызы. «Апай, мен тегін жүруге мұрсат сұрап тұрған жоқпын. Қоғамдық көліктегі санитарлық тазалық мәселесіне неге немқұрайды қарайсыздар?» деп, ықтырып алмақшы болып едім, ол пысқырып та қарамады. «Мне некогда!» деді де, жолақысын жинауға кетті.
Теледидардан көргенімде, дәл осы №3 автопарк автобустарының есік тұтқаларын, таяныш белдеулерін химиялық ерітіндімен сүртіп, тепкішекке дымқыл төсеніш төсеп жатқан еді. Сөйтсем, оның бәрі жай әшейін «жарнама» екен ғой…
ТАЛАПТЫ «ТАЛАҚ» ЕТКЕН…
Аялдама. Аңдығаным – автобус. Бірнешеуі ентіге тоқтап, екпіндей қозғалып кетіп жатыр. Тоқтай салып, ысқырып екі есігін де ашады. Жолаушылар өзіне ыңғайлы есіктен түсіп, жақын есіктен мініп жатыр. Тағы да 40-шы автобусқа жақындадым. Ол артқы есігін ғана ашты. Мен әдейілеп барып, алдыңғы есікті ашуын өтіндім. Кондуктор қолғапсыз ақша сапырып жүр. Жүргізуші бетперде тақпаған. Иін тірескен халықтың денінде маска жоқ. Кондуктор жігітті сөзге тарттым. «Сіздерге ең жауапты міндет жүктелген. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін санитарлық талапқа сай қызмет көрсетулеріңіз керек қой. Жолаушыларды маскасыз кіргізуге болмайды емес пе?» деймін, баяғы. Басын изеумен шектелген кондуктор «Маскасыз кіргізбесең, халық ренжиді» деп ақталды. «Масканы қайтесің, ақша керек» деген қожайынның талабы мемлекеттің талабынан жоғары болып тұрғанын кондуктордың шарасыздық танытқан жүзінен оп-оңай аңғаруға болады.
Келесі мінген автобусымның номерін жазбай-ақ қояйын. Жүргізушісі өтінген еді. Жағдайларын жасырмай, «сырын» бүкпесіз айтқаны үшін мен де уәдемде тұрдым. Жүргізуші мұңын шақты: «Кондуктор екеумізге бір ауысымға екі маскадан – төрт маска береді. Оны қалай жеткіземіз? Баска автопаркте 12 сағатқа 12 маска береді. Карантинді сылтауратып, айлығымызды да кешіктіріп жатыр. Қазіргі жағдайға байланысты күнделікті жоспарды төмендетуге болар еді, оны олай істеген жоқ. Дезинфекция жұмыстарын басында «тексеріп қалады» деп, үзбей жасаған. Қазір бәрі – показуха. Әйтеуір, өзіміз үшін есік тұтқалары мен орындық жиектерін әр айналым сайын ылғал шүберекпен сүртіп аламыз». Міне, автобустағы ахуал – осындай. Талаптың аты ғана қалыпты. Талақ еткен…
«ҚАЙДАҒЫ ДЕЗИНФЕКЦИЯ?»
Әлгі жүргізуші ағайдың әңгімесінен соң, №3 Автопаркке бардым. Жағдайды өз көзіммен көрмек үшін. Автожуу орталығына кірдім. Иығына бөшке асынған жас жігіт өзін әрең сүйретіп жүр. Шамалы айналшақтап жүрген соң, ұялы телефонын шұқылаған күйі демін басып отырды. Сонша автобусты жалғыз өзіне дезинфекциялау оңайға соқпаған сияқты. Мақұл дедім. «45» нөмірлі автобус жуудан шыққаны сол еді, жүргізушісіне барып: «Дезинфекция жасады ма?» дедім. «Иә, жасады» деп қарап тұр. Беті бүлк етпейді жүргізуші ағайдың. «Менің мына жерде тұрғаныма жарты сағат болды. Қай уақытта жасап үлгерді? Бақылап тұрмын ғой» деп едім, жүргізуші абдырап қалды. «Жасамады ма не?» деп, өзімнен сұрады. Сосын барып: «Еууу, дезинфекция» деп әлгі ұялы телефонын шұқылап отқан жігітті шақырып барып, тазарту жұмыстарын жүргізді.
Тағы да өз-өзін алдаған жұрт…
Айтпақшы, өкпесі қара қазандай болған бағанағы ағаны қайта жолықтырдым. Автобусын жудырып шыққаны сол.
– Не болды, аға? Дезинфекция жасады ма?
– Қайдағы дезинфекция? – деп қолын бір сілтеді.
Білуімше, басында дизенфекция жасауға тиіс екі маман болған. Кейін…
Талапты пысқырмайтын, тәртіпті қыстырмайтын автопарктің «показухасы» – осы. Көзіммен көрдім. Жолаушылардың қауіпсіздігі кімге керек, сонда? Кімді алдап жүрміз?
Қасымхан ҒАЛЫМ.