Қала көркейеді

Қарқаралы қаласында көгалдандыру және абаттандыру шаралары қарқынды жүргізілуде. Қазір Әубәкіров және Сатыбалдин көшелерінде жалпы құны 12 млн. теңге болатын екі балалар ойын алаңы салынуда.

Құрылыс жұмыстарына «Сәуір» және «КазЕвроСтрой КZ» серіктестіктері жауапты. Бүгінгі күні арнайы жабындар төселіп бітті. Заманауи ойын құрылғылары орнатылған соң балалардың игілігіне берілмек.

Орталық саябақта орналасқан «Азалы ана» ескерткіші жөнделіп жатыр. Ескерткішті жөндеу жұмысына аудандық бюджеттен 5,5 млн. теңге бөлінген. Мердігер «Шахмерденов» фирмасының басшысы Еркебұлан Шахмерденов алдағы уақытта ескерткіштің сылағы түскен жерлері қалпына келтіріліп, айналасына қара гранит төселіп, абаттандыратынын айтты. Орындықтар қойылып, жарықшамдар орнатылады. Ескерткіш маңызды тарихи нысан болғандықтан, бар болмысы сақталып, тек, жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Қала ішіндегі Нұрмақов, Жанақ ақын, Бөкейханов, Қазыбек би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынып, жол жиектері ауыстырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы жүзеге асып жатқан бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 90 млн. теңге қаражат бөлінген. Істі қолға алған «Темірзат» ЖШС жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.