КоронавирусПікірлер

Ертеңгі күнге үміт зор

Елімізде карантин шектеулері біршама жеңілдетілгелі жұқтыру жағдайлары көбейіп кеткеніне бәріміз куәміз. Қарапайым санитарлық нормаларға құлақ аспай, індетті елемей кеткен тұрғындардың өздері аурумен бетпе-бет келгенде өкініштен бармағын шайнады. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер шағында Үкімет мүшелерімен жиналыс өткізіп, бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алып, кінәлілерін жазасыз қалдырмауы қарапайым халықтың індетті бірге жеңеміз деген сенімін күшейтті.

Әрине, індет ел шетіне келгелі тыным таппаған дәрігерлердің еңбегі ерен. Бірақ, әртүрлі, әсіресе, елді арандату, халықтың толқынысын тудыру мақсатында жасалған жалған ақпараттар біздің денсаулығымыз үшін жанын шүберекке түйген жандарға деген наразылықты да күшейтті. Өзі, жақыны үшін қорыққан халықтың жан толқынысын да түсінуге болады. Күн сайын дәрінің жоқтығы, ауруханалардағы орын санының жетіспеуі, қараусыз қалған науқастар жайлы жалған ақпараттар әлеуметтік желіде құртша өріп кетті. Нақты талдау жасап, істің байыбына барудың орнына іштегі ашу-ызасын осылай шығарған қарапайым халықтың көңілі Президентіміздің Үкіметке, жергілікті жерлердің басшыларына нақты тапсырмаларын бергеннен кейін орнына түскендей.

Президентіміздің зертханалар санын арттыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тәрізді кейінгі кезде бас ауруына айналған мәселелерге дөп түсіп, нақты шешімдер айтуы да оның жағдайдан толық хабардар екенін көрсетті. Ал, сөзін «Біздің күш-жігеріміз еліміздің басты байлығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған» деп аяқтауы, оның елінің ертеңін ойлаған басшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, ертеңгі күніміз үшін алаңдауға еш негіз жоқ екенін көрсетті.

Шолпан ИСАТАЕВА,

3 емхана директорының орынбасары.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button