Бас тақырып

Қуатты елдің шуақты мерекесі

Қарағандының орталық саябағында Наурыз мейрамын тойлау­ға мыңдаған адам жиналды. Мерейлі отбасылар ата-бабадан қалған салт-дәстүрді жас ұрпаққа жеткізудің тамаша үлгісін көрсетіп, мерекеге балаларымен келді.

Орталық саябақтағы каскадты алаң көрікті ауылға айналды. Қарағанды қаласының тұрғыны Әбутәліп Есполов мерекеге немересін алып келіп, батырлар мен аңшы құстардың жабдықтарын таныстырды.

– Мереке күні барша қазақстандық­тарға бақыт, денсаулық, бейбітшілік пен амандық тілеймін. Наурыз – ересектер мен балаларды біріктіретін, ертеңгі күнге сенім мен үміт сыйлайтын мереке. Наурыз құтты болсын! – деп құттықтады Әбутәліп Есполов.

«Жыл басы» басты театрландырылған қойылымы Орталық мәдениет және демалыс саябағының жағалауында өтті. Қонақтар драма театрларының әртістері, хореографиялық ұжымдар мен көркемөнерпаздар қатысқан «Арқадағы әз Наурыз» театрландырылған қойылымын тамашалады. Қыдыр ата көктем келгенін хабарлағаннан бұлттар сейіліп, күн шығып, мерекені жылуымен және шуағымен нұрландырды.

 Салтанатты шараға арнайы Zhoshy ансамблі, Әсет Есжан, Ұшқын Жамалбек және би театрлары қатысты. Басты жұлдызды қонақтар қатарында аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі болды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекені тамашалауға жиналғандарды құттықтап, бұл мейрамның маңыздылығына тоқталды.

– Наурыз – ортақ шаңырағымыз­дағы достықты, өзара сыйластық пен ке­лісімді нығайтуға септігін тигізетін бүкілхалықтық мереке. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы бекіткен мерекенің жаңа форматы бірлік рухын нығайтуға ықпал етеді. Наурызнама – ұрпақтарды біріктіретін және еліміздің жаңа мәдени келбетін қалыптастыратын дәстүр мен қазіргі заман арасындағы көпір, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Мерекелік алаң қонақтарды кез келген талғамға сай ойын-сауықпен қуантты. Тұрғындар әр киіз үйде ұлттық жиһаз арасында әдемі суретке түсіп, хош иісті палау, наурызкөже, бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдардан дәм татты.

Қолөнер шеберлері қолдан жасалған бұйымдарды ұсынды. Ал кәсіби бүркітшілер көрермендердің назарын аудара отырып, қырандарын көрсетті. Темірәлі Төлегенұлы жыл сайын мерекеге өзінің бүркітімен қатысып, ежелгі аңшылық өнерімен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Қарағандылықтар мен қала қонақтарын мерекемен құттықтаймын. Әр үйде бақ-береке, әр отбасында балалардың күлкісі болсын! Туған жерімізге бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін, – деді ол.

Мерекеде сондай-ақ, балалар мен жастар алтыбақан тепсе, гір көтеру жарыстарында әркім өз күшін сынай алды. Халықтық серуен ымырт үйірілгенше жалғасты.

Наурыз мейрамы қаланың орталығында ғана емес, Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау саябақтарында және Оңтүстік-Шығыстағы Достық үйінің жанында өтті. «Шахтер» стадионында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Биыл облыс бойынша ұлттық мұраны сақтауға және насихаттауға бағытталған 1000-нан астам іс-шара ұйымдастырылды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button