Тұтынушы құқығы басты назарда
Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне кейінгі кезде халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан, зейнеткерлерден, жалғызбасты аналар мен мүгедектерден сапасыз тауар, чек бермеуге қатысты шағымдар жиі түсетін болған. Бұл әсіресе пандемия кезінде дами түскен электрондық саудаға қатысты. Тұтынушылар онлайн сатып алған тауарларға байланысты мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлия Кулагинаның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Жалпы, департаментке жыл басынан 2337 өтініш келіп түссе, оның ішінде ЭҚАБЖ және Е-өтініш бойынша – 432, жедел желі арқылы – 886, басшының азаматтарды қабылдауы кезінде – 355, мамандардың азаматтарды қабылдауында – 525, Telegram бот арқылы – 139 өтініш келіп түскен.
– Департамент 9 айдың аралығында келіп түскен өтініштерді қарастырып, бірқатары қанағаттандырылды. Нәтижесінде, өтініштерде көрсетілген 63 223 041 теңгеден 53 574 818 теңге тұтынушыларға қайтарылды, – дейді Әлия Кулагина.
Сондай-ақ, департамент басшысы тұтынушылар шағымдарының көпшілігі тұрмыстық қызметтер, косметикалық қызметтер, жиһаз және пластикалық терезелер жасау, автокөлік, аяқ киімді, киімді тігу және жөндеу, техникалық тұрмыстық машиналар мен аспаптарды, теле-, видео және радиоаппаратураларды жөндеу бойынша келіп түсетінін айтады. Одан бөлек, ұялы байланыс қызметтерін ұсынушылар тарапынан абоненттік байланыс қызметінің сапасыздығы өз алдына, негізсіз ақша алу да кездеседі. Бұған аталған салада бәсекелестіктің жоқтығы да себеп. «Жаңадан салынған кешендерінде интернет пен теледидар қосу кезінде операторды таңдау мүмкіндігі бола бермейді», – дейді Әлия Қажыкенқызы.
Одан бөлек, департамент басшысы проблемалық салалардың бірі – электрондық және бөлшек сауда екенін айтады. Яғни, тұтынушылар өздері қалаған тауарды немесе қызметті ала алмағандықтан, шағымданады. Бұл көп жағдайда сатушының немесе қызмет көрсетушінің тауарды немесе қызметті ұсынуда жұмысына үстірт қарауынан болады. Ал, тұтынушы көрсетілетін қызмет немесе тауар туралы нақты түсінікке ие емес.
Департамент басшысы Әлия Кулагина кез келген затқа онлайн тапсырыс бергенде оның мекенжайының, өңірдегі өкілінің болуына мән беру керектігін айтады. Бұл – тұтынушының қарапайым құқығы. Мысалы, кейінгі кезде Wildberries интернет-дүкеніне шағым Қарағанды емес, Қазақстан бойынша көбейіп кеткен.
Сондай-ақ, департамент қызметкерлері басқа да түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айту керек. Мәселен, сауда үйлерінде, дүкендерде акциялар өткізіп, сатушылар мен тұтынушыларға олардың негізгі құқықтарын, міндеттерін, заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіреді.
Салтанат ІЛИЯШ