Жаңалықтар

Түкірік жерге түспейін деп тұр

Тақырыпты тура мағынасында түсініңіз. Енді, қоғамдық орында түкірсеңіз, айыппұл арқалайсыз. «Шырт-шырт» түкіруді әдетке айналдырғандар шығынға батады, демек. Бұл шешім бізге әлдеқайда ерте керек еді. Өйткені, біздің ішкі мәдениетіміз әлі қалыптаса қоймады. Мұны көше тазалығына жауаптылардың жанайқайына сүйеніп айтып отырмыз. Күнделікті тіршілікте де жиі ұшырасатын жәйт болған соң…

Түкірік жерге түспейін деп тұр
Коллаж авторы: Шынар Адамбекова

Әңгімеміз айқайға аттан қосқандай құрғақ қалпында қалмау үшін «Тазалық-Эксперт» ЖШС компаниясында ұзақ жыл жұмыс істеген Рамазан Нысанбаев есімді ағамыздың уәжіне жүгінейік…

– Біз жиі ұшырасатын бұл жүгенсіздіктің енді жөнге қойылатынына сенгіміз келеді. Қала тазалығына күндіз-түні біз жауап беретіндіктен айтайық, 45-орам мен базар маңындағы аялдамалар жиі ластанады. 45-орамдағы жылы аялдамаға көбіне ішімдікке сылқия тойғандар түнеп шығады. Қоғамдық орын болған соң, мұны назарға алса деген тілек бар құзырлы органдар. Өйткені, былғап кетеді. Белгілі бір аумақты тазалап кетеміз, ертеңінде келіп қарасақ, тағы шашылып жатады. Темекі қалдығы, түрлі қоқыстарды арнайы жәшікке салмайды. Соның бәрін үйлеріндегі ата-анасындай адамдар жуып, тазалайды. Біздің қызметкерлер урна сыртын да жуып, тазалайды. Осыны түсінсе ғой қала тұрғындары, – дейді әдеп сақтамайтындардың әрекетіне әбден қынжылған Рамазан ағай.

Айтпақшы, жылдың аяғына дейін тағы 13 жылы аялдама салады деген ақпаратты оқып, қуанған едік. Бірақ, сол қала тұрғындары үшін жасалған қамқорлық көшеде түнейтіндерге шынымен қор боп жатқан жоқ па?

Тақырыпқа ойысайық. Енді, қоғамдық орында қақыратындардың қалтасы қағылатын болды. Бұл ақпарат тарағанда, әрине, ең алдымен көше тазалайтын қауым қатты қуанды. Тәртіп сақтамайтындардың тиын-тебенін есептегені емес, есіл еңбектерінің ескерілгендігі деп ұқтық біз.

Сонымен, әдеп сақтамайтын азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-қосымшасына сәйкес «қоғамдық аумақтардың ластануы» бойынша жауапқа тартылады. Қазіргі уақытта Қарағандының тәртіп сақшылары осы бағытта жұмысқа кіріскен.

– Қоғамдық тәртіп – басты назарымызда. Біздің тәртіп сақшылар бұған дейін де көше тәртібін бұзатындарға шара қолданып келді. Күні-түні қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау үшін полиция қызметкерлері қырағылық танытып, қызмет атқарады. Енді, бірден 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл саламыз. 15 900 теңге. Бұл ауланы, көшені ластайтындарға да қатысы бар. Темекі тұқылын тастайтындар да жауапкершілікке тартылады. Бейнебақылау камералары арқылы да мұндай келеңсіздіктерді анықтаймыз, – дейді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.

Басқарма бастығының сөзіне сенсек, қоғамдық орында тек урнаға түкіруге рұқсат етілген.

– Урнаға түкіру – тәртіп бұзу болып саналмайды. «Урнаға түкірген едім, қисық кетті» деп ақталатындар кездесуі мүмкін. Дегенмен, урнадан тыс түкірудің бәрі заңды бұзу болып есептеледі. Сылтау айтып, сөзбұйдаға салудың қажеті жоқ, – дейді Шахназар Абдашимұлы.

Егер, аталған айыппұл түрін арқалағандар бір жыл ішіндегі осы бір әдетін тағы қайталаса, онда екі есе қалтасынан қағылады. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Хабарлама алғаннан кейін 7 күннің ішінде төлесе, сома 50 пайызға қысқарады. Қарағандының полиция басқармасының мәліметінше, дәп осы бап бойынша іс жиі тіркеледі. Жыл басынан бергі уақыттың өзінде 3500-нан аса құқық бұзушылық тіркеліпті. Бұл – қала бойынша.

Озық елде көше тазалығы қатаң қадағаланады. Түкірсеңіз де, қоқыс тастасаңыз да, қомақты айыппұл төлейсіз. Мысалы, Сингапурде әдеп сақтамасаңыз – 1000 доллар айыппұл. Мұнымен қоса, бұл елде сағыз шайнамақ түгілі, оны басқалармен бөліссеңіз де дәл осы сомма көлемінде айыппұл төлейді екенсіз. Неге десеңіз, есірткімен деңгейлес екен.

Полицейлердің сөзінше, көшеде түкіргендерге айыппұл 2019 жылдан бері қарастырылған. «Мұны көпшілік біле бермейді» дейді. Тәртіп сақшылары енді бақылау күшейтілген соң тұрғындар ережені ескереді деген үмітте.

Әрине, әлеуметтік желіде бұл мәселе қызу талқыға түсті. «Жұрттың түкірігін аңдып, ел қазынасын қампайтпақ па?» деген сыңайдағы пікірлерді де көзіміз шалды, рас. Әйтсе де, қоғамдық орында әдеп сақтау – айналамыздағы адамдарға құрмет екенін әсте естен шығармағанымыз жөн…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button