Спорт күні мерекеленді
Спорт күні мерекесіне орай Қарағандыда саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі Достық үйінің алдында қала тұрғындарының қатысуымен өтті.
Спорт күні мерекесімен сала мамандарын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Алмагүл Тайманқызы, облыстық мәслихат депутаты Төлеген Әшімов құттықтап, спорттың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді марапаттады.
Олардың ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен еркін күрестен Қарағанды облысының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Шавкат Мурсалимов, кикбокстан облыстың аға жаттықтырушысы Александр Вакарев, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен Жаңаарқа ауданы әкімінің кеңесшісі Бейбіт Қасенов және бірнеше спорт саласына тер төгіп жүрген спортшылар Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Аталмыш шараға қатысқан спорт саласының қызметкерлері, спортшылар, спорт ардагерлері зор алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, жиын соңы «Аэрофит» фитнес-клубының жаттығуларына ұласты.
Нұрдос КӘРІМ