Бас тақырыпРуханият

“Көкмайса” кереметі: ұлттық құндылықтар ұлықталды

Саф ауасы саумалдай, салқын суы зәмзәмдай ұлт ұясы – Ұлытауда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл екінші рет елдің басын қосқан, дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі «Едіге тауы — ескі жұрт ескерткіші» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды.

Қара тасына дейін тарихтан сыр шертетін қасиетті Ұлытауды ұлықтау, оның өркениеттен алатын өзіндік орнын дәріптеу, көне дәуірден жеткен бай мұраны, бірегей ескерткішті ел игілігіне айналдыру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қайталанбас бітім-болмысын, ұлттық спорт ойындарының дара табиғатын таныстыру мен насихаттау, тіпті, өңірдің тұма табиғатының, ауасы мен суының дертке дәру, жанға шипа екенін әспеттеу мақсатын алға қойған шырайлы шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көпшілік дән риза болды.

Аудан әкімі Әнуар Омар тізгінін ұстаған, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының кандидаты Өмірбай Бекмағанбетов, жазушы-өлкетанушы Кәмел Жүністегі, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-этногроф Төрехан Майбас қатысқан алқалы жиында Алтын Орда әмірі Ер Едіге жайлы аңыз бен ақиқаттың аражігін ажыратуға талпыныс жасалды.

Бір айдай жаумаған жаңбыр таң сыз бере нөсерлете жөнелгенде «үш күндік іс-шараның берекесін кетіретін болды-ау!» деп, елеңдемеген ел қалмаған шығар? Босқа алаңдапты, конференциядан кейін қонақтар мінген автокөліктер Едіге тауын бетке алғанда көкте жөңкілген қара бұлттың көбесі сөгіліп, күн шайдай ашылды. Биіктігі 1130 метрден асатын шыңның басында да талай әңгіменің тиегі ағытылды. Ырымшыл қазақпыз ғой, ауа-райындағы тосын өзгерісті жақсылыққа жорыдық.

Бұл этнофестивальдің тағы бір көздегені – отандастарды ғана емес, Қазақстанға шалғайдағы шетелдерден келетін туристерді Ұлытаудың тағылымды тарихы мен құнды ескерткіш-жәдігерлеріне қызықтыру арқылы туризмді дамыту. Сондай-ақ, аудан жұртшылығын туризм саласының өзіндік ерекшелігі мен талабын танып, меңгеруге бейімдеу, іскер азаматтарды осы саладағы кәсіппен шұғылдануға бағыттау. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жасалған жоспарға сай жүйелі жүргізіп жатқан басқа да жұмыстар баршылық, – дейді аудан әкімі Әнуар Омар.

Ұлытаудың бөктеріне, табиғаты тамылжыған Қазантаудың қазыналы баурайына қоныс тепкен, ұйымшылдығы уыздай ұйыған ауданның ауылдары, мекемелері, жеке кәсіпкерлері отыз киіз үйді сән-салтанатымен тігіп тастаған этноауыл жан-жақтан ағылған жамағатқа естен кетпес әсерлі сәт сыйлады. Аудан өнерпаздары кең даланы ән мен күйге бөледі. Масасыз мақпал түнде жастар ай жарығымен алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап, мәре-сәре болды. Тауға шығып, атпен серуендеді. Екі күн бойы дәстүрлі әндерді орындаушылар мен бард әншілер байқауы өтті. Қолөнер шеберлері әртүрлі ұлттық бұйым жасаудың құпиясымен бөлісті.

Этнофестиваль қызығына келгендер Мейірімхан Ералиев бастаған жезқазғандық жігіттер ұйымдастырған садақ ату бәсекесінде бақ сынады. Мешкейлер сайысында алты жігіт алты табақ ет жеп, тәмам жұртты таң-тамаша қылды. Он жігіт қымыз ішуден жарысып, өз жанкүйерлерін жанықтырып жіберді. Құлаққа тосындау естілетін «Қатын күресті» тамашалаушылар қатары да қалың болды. «Дабысын естіп, Оралдан арнайы келіп едім, жүлделі қайтып барамын. Амандық болса, келесі жылы сайдың тасындай өнерлі жиырма жігітпен келемін» – деді мешкейлер сайысында үшінші орын алған Мұрат есімді азамат.

Шынтуайтында, өнерін ортаға салып, этнофестивальдің қызықты өтуіне үлес қосқан өрендердің оза шапқаны жүлдесіз қалған жоқ. Түйіндеп айтсам, алған орнына қарай: бард байқауына қатысқаны — 150 000, 100 000, 50 000, дәстүрлі ән салғаны — 100 000, 70 000, 50 000, садақ атқаны — 50 000, 30 000, 20 000, «мешкейі» мен қымыз қотарғаны, аударыспақта айласын асырғаны — 30 000, 20 000, 10 000 теңге көлеміндегі қаржылай жүлделерді иеленді. «Қатын күреске» 150 мыңнан 30 мың теңге аралығында

бес жүлде берілді. Асау үйреткен мен теңге алған да, қыз қууға қатысқан да құр қол кетпеді. Менің ойымша, олжаның «көкесіне» кенелген осыншама қызықты тамашалаған көрермен болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты еңбегінде былай деп жазады: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.

Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды…

Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр — жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі».

Этнофестивальде назарға ұсынылған аударыспақ, асау үйрету, теңге алу, қыз қуу көпшілікті қызыққа кенелтті. Ал, «Бәйгетөбеде» өткен көкпар мен аламан бәйгеге сол төңіректе естіген ел тегіс барған шығар. Көкпарда бес команда бақ сынап, алғашқы екі орынды жаңаарқалық Ерден Жаманов баптаған «Ақжол» (жүлдесі 300 000 теңге) мен «Ақтүбек» (200 000 теңге) иеленді. Кейінгі екі орын жергілікті «Ұлытау» (100 000 теңге) мен «Алғабасқа» (50 000 теңге) бұйырды.

Делебені қоздырған аламан бәйгеде 18 ат әрқайсысы 24 шақырымдық төрт айналымға жіберілді. Нәтижесінде Шет ауданының «Ақой» ауылынан ат әкелген Әлкен Жылтыркөзов 500 000 теңгенің иегері атанды. Ұлытаулық Сұлтан Баймағанбетов меценат жерлесі Ыбырахым Байболов екінші орынға тіккен атты жетектеп қайтты. Қалған үш орынды да ұлытаулықтар өзара бөлісті: Қанат Әбсейітов (200 000 теңге, Қаракеңгір ауылы), Кеңгірбай Қазыбаев (100 000 теңге, Егінді ауылы), Ыбырахым Байболов (50 000 теңге, Ұлытау ауылы).

 Қысқасы, ұлтжанды азаматтар тізгінін ұстаған ауданның атқамінерлері қызығы мен қиындығы қабаттасқан ауқымды іс-шараны абыроймен атқарып, алғыс арқалады.

Әлібек ӘБДІРАШ

 

 

Басқа материалдар

Back to top button