Елімізде «декретке» шығатын ер азаматтар көбейген
Елімізде бала күтіміне байланысты демалысқа, яғни «декретке» шығуды жөн көретін азаматтардың саны артқан. Соңғы көрсеткіш бойынша әйелінің орнына бала бағамын деп шешкен ерлердің саны 50 мыңға жуықтапты. Мамандардың айтуынша, аталған статистика жыл сайын жаңарып келеді. Бұған не түрткі болып отыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Әйел болсам әйел құсап декретте отырамын өзім. Сен бар жұмысыңа шық! Отырамын, отырамын деп декретке шықтың! Енді істесеңші!»
Әзілге құрылған осындай қойылым алғаш сахналанғанда бала күтіміне байланысты демалыс алған ерлердің саны небәрі 5 мыңдай болыпты. Айналдырған үш жылдың ішінде көрсеткіштің көлемі артқан.
«Соңғы 5 жылда 1 миллион 86 мың адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір жылға дейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді алды. Оның ішінде 50 мыңға жуығы ер азаматтар. Яғни үлестік түрде 4,5 пайызын құрап отыр» – деді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрсұлу Кемел.
Еңбек кодекстінің 99 бабында тайға таңба басқандай анық жазылған. Бала күтіміне байланысты демалысты баланың анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алады. Егер анасының денсаулығы сыр берсе, я болмаса басқа жағдай тіркелсе түсінікті. Бірақ мамандар мұның астарында басқа дүние жатқанын айтады.
«Тұрғындарымыздың есептеуге бейімделе бастауы. Өйткені белгілі нәрсе әйелдердің жалақысы 20 пайызға ерлерден төмен орташа алғанда. Егер де декретке шығатын болса ер адамның жалақысы арқылы оған түсетін декреттік төлемнің де көлемі жоғары болатыны түсінікті» – деді экономист Жангелді Шымдық.
Декретте отырған 50 мыңға жуық ер азаматтың оншақтысына неліктен бала бағып үйде отыруды жөн санағанын білмек болып хабарластық. Дені жүзін көрсетуден ұялса, кейбіріне тіпті әйелдері сұхбат беруге тыйым салды. Ақыры, телефон арқылы тілдестік.
«Өзім істеген жұмысым ұнамайды. Қара жұмыс. Сосын жалақым аз болды. Ал әйелімдікі нормальный зарплатасы. Квартираға соның ақшасынан төлеп отырмыз. Бір жағынан бұл каникул сияқты. Жоқ, камераға айта алмаймын. Таныстар көрсе ұят қой» – деді бала күтіміне байланысты үйде отырған әке Жалғас.
Ал, жалақысы жоғары кей азаматтар “бала қараймын” деп демалыс алып, ай сайынғы балаға төленетін жәрдемақының көлемін көбейтіп алуды көздейді екен. Кейін қайта білдірмей жұмысқа шығып кеткісі келеді. Бірақ, жалақысынан бөлінетін әлеуметтік түсім арқылы құқық бұзғандарды құзырлы органдар анықтап дереу жауапкершілікке тартуда. «Отбасының қамын ойлаған дұрыс қой. Бірақ, азамат деген атқа лайық болуымыз керек» – дейді Жангелді Шымшық.
«Рухани, мәдени тұрғыдан алғанда бұл қолдайтын шаруа емес деп ойлаймын. Өйткені ер адамның аты ер адам. Ер адам майданда, ер адам еңбектің төрінде жүру керек. Ер адам тер төгу керек» – деді экономист Жангелді Шымдық.
Мамандар мәселені ашық айтып отыр. Әйелдердің жалақысын мардымды қылмай, дұрыс әлеуметтік төлем болмайды. Соның кесірінен ер азаматтар бір жыртығын жамау үшін осылай бала бағуға мәжбүр. Гендерлік теңдік деп атойлағанда сондаймыз, бірақ бұл мәселе әлі күнге басы ашық күйінде қалып отыр.