Коронавирус

Байланыс операторлары тегін қызмет ұсынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимі кезінде ел азаматтарына қолдау көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, байланыс операторлары қазақстандық домендік аймақта орналасқан интернет ресурстарға қосымша төлемсіз кіруге мүмкіндік беретін тарифтік жоспарлар ұсынуда.

 Ел аумағындағы білім беру мекемелері қашықтан оқыту форматына көшті. Мұндай кезеңде интернеттің қолжетімді болуының маңызы зор. Сондықтан да, елдегі ірі байланыс операторлары ЖОО сайттарына, электрондық анықтамалық деректер базасына, онлайн күнделік, электронды білім беру порталдарына, Білім және ғылым министрлігі ұсынған ресурстарға тегін қосылу мүмкіндігін ұсынды. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясы туралы ресми ақпарат тарататын  coronavirus2020.kz  интернет-ресурсын,  egov.kz/cms электрондық үкімет порталын және «eGov Mobile» мобильді қосымшасын пайдалану кезінде трафик есептелмейді.

Тағы бір айта кетерлігі, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мақсатында  «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқан барлық дәрігерге тегін ұялы байланыс қызметін ұсынды.

Қазіргі таңда ел аумағында жиырма мыңнан астам дәрігер  ұялы байланыс және интернет пакетін тегін пайдалануда. Сондай-ақ, тұрғындар эпидемиологиялық жағдайдан хабардар болуы 1406 call-орталығына  тегін қоңырау шала алады.  

Төтенше жағдай режимі кезінде «Кар-Тел» ЖШС әлеуметтік тарифтік жоспарын пайдаланатын абоненттеріне, яғни зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мұғалімдерге тегін байланыс және интернет пакеттерін ұсынады. Сондай-ақ, барлық ұялы байланыс операторлары роумингтегі өз абоненттерін бонустық теңгеріммен немесе әлеуметтік желілерге тегін интернет-трафикпен және туыстарымен байланысу үшін тегін мессенджерлермен қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта байланыс операторларының күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін айтып өткен жөн. Коммуникация желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін байланыс арналарына тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, байланыс операторлары 1414 call-орталығының жұмысын күшейту және мемлекеттік қызметшілердің қашықтан жұмыс режиміне көшуі үшін бірқатар ұйымдастыру шараларын қабылдады.

Басқа материалдар

Back to top button