Руханият

Азамат ақын: Алаш және ақиқат

Қазақ елдігі мен мемлекеттігі жолында Сәкен Сейфуллиннің атқарып кеткен ұшантеңіз еңбегі жөнінде естеліктер айтылғанда, Сәкен Мен Алашордашылар арасына сына қағу – ендігі ұрпақты жікке бөліп, қырылыстырып қою екендігіне көзіміз анық жетті бұл жолы. Үкімет басында отырған қайраткер қатарынан тоғыз мақала жазып, декрет шығарып, кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізетін қылып кеткенін (1924) бүгінде жұрттың біразы біледі. Кеңес үкіметіне тәуелді, бодан кезіміздің өзінде! Бұдан да бөлек қырлары жан-жақты ашылған тұлғаның 125 жылдығына орай, «Сәкен Сейфуллин: ұлттық рух және ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен ҚарМУ-дың бас ғимаратында өтті. Қазақтың ірі ғалымдары ғана емес, мұнда Түркияның ғалымдары да келіп баяндама жасады.

Сәкен мұрасы мен еңбек жолына арналған халықаралық жиынды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кіріспе сөзімен ашып, халықтың назарын бұрды.

«Биыл – Қарағанды халқы үшін Сәкен Сейфуллин жылы. Сәкен – тек мерейтойында ғана дәріптелер тұлға емес. Қазақтың қайсар тұлғасын қалай насихаттасақ та, артық болмайды. Себебі, ұлт бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен тұлғаның еңбегі ұшан-теңіз. Еліміздің мақтанышы, мәңгі өлмес рухы десек болады. Өз шығармаларымен қазақ әдебиетін байытып қана қоймай, ол туралы зерттеулер қалдырған ірі ғалым ретінде де бағалануы тиіс. Мемлекет және қоғам қайраткері тұрғысында да еңбегі ерен. Алғаш үкімет басқарған тұңғыш қазақ және сөйте жүріп, қырғыз аталып жүрген ұлтымызға қазақ атауын әперіп, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуіне жол ашып берген басшы. Бүгінгі конференцияға келген еліміздің зиялы өкілдерін, ірі зерттеуші ғалымдар мен ақындар, Түркия ғалымдарының ісіне сәт сапар тілей отырып, осындағы барша жұртты мерекемен құттықтаймын» – деген аймақ басшысы тізгінді ақын Ұлықбек Есдәулетке ұсынды.

«Бүгінгі лауазымды қызметте отырған тұлғалар қандай болу керек?» дегенде ең алдымен Сәкенді атар едік» дейді зерделі ғалымдардың көбі. Ұлы Мұхтар Әуезовтен бастап бүгінгі зерттеуші ғалымдардың бәрі ақынның асқан шыншылдығы мен халықшыл қасиетіне қайран қалып жазады. Конференцияны жүргізген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек аға Есдәулет те сөз арасында тұлғаның қайраткерлік қасиеті мен шығармашылық артықшылықтарына жете тоқталып отырды. Қазақ ұлтына қызметі өз алдына, Қарақалпақ елінің автономиялы республика мәртебесін алуында да Сәкен бабамыздың қолтаңбасы бар көрінеді. Оны Ұлықбек ағаға кезінде сол елдің бір белгілі тұлғасы айтып, алғысын жеткізген екен.

«1936 жылы 40 жасқа толған мерейтойында күллі қазақ даласында Сәкен аты жаңғырды. Мынау іргедегі Жарық станциясы сонда Сәкен станциясы болып өзгертілгенін ел біледі. Сол станция қайтадан Сәкен атын иеленетін уақыт келіп қалды ғой деп ойлаймын» деп бастап берген Ұлқаш аға сөзіне дүр етіп кептерқанат шапалақтар соғылды. Ол өзінің байыпты баяндамасында қазақ ұлтының бағына біткен үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет мерейтойларының қатар келгенін қаперлеп өтті. Осы үш бәйтерек бастап құрған Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық тойы да олардың мерейтойымен тұстасып тұрғанын еске салды. «Сырсандық» өлеңінен үзінді оқи келіп: «бұл шумақтар көркемдік қуаты жағынан әлем әдебиетінің ең үздік шығармаларымен тайталаса алатын, шедеврлермен шендесе алатын туынды. Сәкен – ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінің негізін салған тарихи құбылыс. Қазақ әдебиетін жаңа бағытқа салып берген көшбасшы. Абайдың жаңашылдық рухын тұңғыш жалғастырған ұлы шәкірті деп айтар едім. Саясатты жырлаған шығармаларын айтпай-ақ қойғанда, осындай қадауқадау шығармаларымен әдебиет тарихынан орнын алып отыр» – деп, Затаевичке қазақ әндері мен күйлерін жинатқан еңбегін де атады.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Сәкенге қатысты бірталай істерге ұйытқы болып жүрген Оралбай Әбдікәрімов ағамыздың құттықтау сөзінен соң тізгін Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ағамызға тиді. Дүйсен аға елге Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды қазақтың үш арысының мерейтойы құрметіне «ТҮРКСОЙ» ұйымы Германиядан басып шығарған «Үш арыс» альбом-кітабын таныстырып, тұсаукесерін жасап, біразын сондағы зиялы қауым өкілдеріне таратты. «Мұнда үш арыстың суреттері мен шығармаларындағы образдар қылқалам шеберлерінің көзімен берілген» деді Дүйсен Қорабайұлы.

Атақты тарихшы, академик Хангелді Әбжанов социалистік қоғамдағы қазақ зиялыларының шығармашылық өрісі туралы ғылыми баяндама жасады. «От пен судың арасында жүріп, ұлттың ең қастерлі қазынасы ауыз әдебиетін жинақтауы, оған ғылыми зерденің өшпес сәулесін түсіруі – алмағайып заманадағы мүмкін болған ең ұлы таңдаулардың бірегейі. Бұл ретте Сәкен мұрасы бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы күн тәртібіне қойған прагматизм, ұлттық код, сананың ашықтығы сияқты міндеттермен мейлінше үндес. 1925-1956 жылдары әр саланың өз Сәкені шықты. Әдебиетте – Әуезов, ғылымда – Сәтбаев, Марғұлан, саз өнерінде – Жұбанов пен Төлебаев, суретте – Қастеев, театрда – Қожамқұлов, тағы басқалар. Осы құндылықты Қасым Аманжолов «жақсы өлеңдерімді асырау үшін жаман өлеңдер жазып жүрмін» деп дәл сипаттаған» – деп қайырды.

Бұдан кейінгі кезекті алған қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның сөзі де көкейге қонымды шықты.

Сәкентанудың сеңгір шыңы Тұрсынбек Кәкіш ағамыздың жары, профессор Күләш Ахмет апайдың баяндамасы конференция мазмұнын, тіптен, арттыра түсті. «Сәкен ұлттың алдында да, Алаш арыстарының алдында да, ешқандай қателік іс жасамаған. Қоғам қайраткері ретінде Сәкеннің Алаш азаматтарымен қатарласатын да тұстары, озып кететін тұстары да бар. «Қазақты қазақ дейік» мақаласын Премьер-Министр креслосында отырғанда жазды. Сонда Сәкенді «тәкәппар» деп жазғыра бастады. Сәкеннің тәкәппарлығы – ұлтының тәкәппарлығы еді! Сәкеннің жазған осы мақаласын сол кездегі қазақ зиялыларының бір де біреуі қолдауға, қоштауға жарамады. Бұл мақаласы – Сәкеннің өзінен бұрын түрмеге түскен мақала! Ол ақталған соң да, тәуелсіздік алған жылдарға дейін шығармалар жинағына кірмей қалған мақала! Қазақ даласында тұңғыш рет Ахмет Байтұрсынның 50 жасқа толған мерейтойын атап өтіп, мерейтой сөзін де енгізген Сәкен!» деп бір өтті. Бұған дейін «Ortalyq Qazaqstan» газетінде Сәкен туралы мақаласы шыққан автордың айтқандарын осыдан-ақ ұғуға болатын шығар…

Бұдан кейін Түркиядан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Мехмет Иылмаз, профессор Айгүл Ісмақова, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы, тағы басқа ғалымдар мен қаламгерлер баяндама жасап, тарихи тұлғаның шығармашылық жолы мен қайраткерлік қасиеттеріне кең тұрғыда сипаттама берді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button