Алыстан келген асыл мұра
Қуаныштың да үлкен, кішісі болады, өткіншісі, ұзағы болады. Дүйім жұртқа, қалың елге қатыстысы болса, ол әрине, үлкен қуаныш. Егер сол қуаныш дүйім жұрттың, қалың елдің рухани әлемін нұрландырар болса, “ұзағынан сүйіндірді” деп соны айтады. Өйткені, уақыт аясында мал өледі, дүние тозады, уақыт құбылады. Өлмейтін, тозбайтын, өзгермейтін асыл өнер, аталы сөз ғана. Сондықтан да аталы сөз бен арқалы өнердің тәңірісі де Бұқар жыраудың Қытай архивінен отыз алты толғауының табылуының исі қазақтың мәдени-рухани өміріндегі зор қуаныш, елеулі жаңалық дейміз.
Ең алдымен осы жаңалықтың басында тұрған азамат Мұхтархан Оразбайұлын оқырман қауымына таныстырып, Бұқар жырау мұрасын қалай тапқаны жөнінде дерек келтіру – ғылым үшін де, кісілік үшін де парыз. Мұхтархан Оразбайұлы Шығыс Түркістанның Тарбағатай күнгейіндегі Дөрбілжің ауданының Көкжайдақ деген жерінде 1956 жылы дүниеге келген. 1976 жылы толық орта мектепті тауысқан Мұхтархан қытай классиктерін аударудағы шеберлігімен кезге түсіп, 1980 жылы Пекин Ұлттар баспасына жауапты редакторлық қызметке шақырылады. Бұл қызметте өнімді еңбек еткендіктен, кешікпей-ақ Пекин Жазушылар одағына және Қытай Мемлекеттер жазушылар одағына мүше болып қабылданады. Мұхтархан Қытай, Қазақ және Түрік тілдерінде бірдей жүйрік. Бұл тілдерде көркем шығармалар, ғылыми зерттеу еңбектер жазады. Мұның сыртында жетекші тілдерін және орыс тілін біледі. Мұхтарханның аударуында қытай классиктерінің көптеген шығармалары қазақ тілінде сөйлесе, «Құтты білік» сияқты классикалық мұраларымыз Қытай оқырмандарының рухани игілігіне айналды. Сондай-ақ, «Абайдың қара сөздері», «Оғызнама» сияқты кітаптардың қытай тіліндегі басылымдарына жауапты шығарушы болған.
Мұхтархан Оразбайұлы – өз жұртынан сөздің нарқын танитын қасиетті бойына дарытса, Қытай жұртынан тарихына деген ыждаһаттылықты, Европа жұртынан ой қорытқыштық қасиеттерді терең игерген ғалым. Сондықтан да, оның ғылыми зерттеу еңбектері Батыс пен Шығыс елдері оқырманын бірдей қанағаттандырып, тіптен қызықты өнегесімен ден қойғызып үлгерген жайы бар. Сөз орайында айта кетуге болады, Батыс пен Шығыс мәдениетіне бірдей жүйрік, олардың ойлау жүйесін тең игерген қазақ ғалымдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғаларымыз болса, осынау тамаша дәстүрді өзінің ғылыми еңбектерінде Мұхтарханның да үлгіөнеге тұтатыны байқалады, оның қаламынан туып, Шығыс Түркістан баспаларында жарық көрген «Орхон-Енисей мұралары жөнінде», «Құтты Білік» жөнінде, «Мақалмәтелдеріміздегі ерекшеліктер», «Ауыз әдебиетіміздегі тарихи шындықтың сыры», «Аталар мұрасын ақтарсақ», «Эпостарымыздағы ғылыми таным» деп аталатын зерттеу еңбектері тың тұжырымдармен назар аударады. Бұл еңбектерінің біразы қытай тілінде жарық көрді. Мұхтархан Шығыс Түркістандағы оқырмандарына сыршыл ақын, сындарлы жазушы ретінде танымал. Оның көркем шығармаларына халқының өткені мен бүгінін шендестіре көрсететін, болашағына жарқын үмітпен ден қойғызатын зерделілік тән.
Мұхтархан Оразбайұлы 1984 жылы Пекиндегі мемлекеттік жазушылар одағы жанындағы жоға ры дәрежелі әдебиет институтын ойдағыдай аяқтаған соң, бір жылын орыс тілін меңгеруге арнайды. Мұның өзі Совет еліндегі әрісі Шығыстану, берісі түркология ғылымының жетістіктерін игеруге мүмкіндік береді. 1985 жылы Мұхтархан мемлекеттік шет ел тілдері университетіндегі Азия – Африка елдерінің тілдері жүйесіндегі түркология бөліміне өз қаражатымен түседі. Осы жылдары қазақ ғалымы «Қазақ халқының киіз үйі», «XV ғасырда жасаған қазақ ақыны Асан Қайғы», «Шыңғыс Айтматов және «Боранды бекет», «Қазақ дастандарының тарихи қалыптасу кезеңдері», «Орта Азия, қазақ түркілерінің ою-өрнегі» сияқты байсалды ғылыми еңбектерін қазақ, қытай, түрік тілдерінде жариялайды. Мұнан әрі Мұхтарханды Түркия ғалымдары қолқалап шақырады да, ғылымның нәтижелі болашағын ойлаған жас ғалым бұл шақыруды қабыл алады. Қазір Мұхтархан Түркиядағы Селжүк университетінде Азия тарихы және Қытай тілі маманы ретінде жемісті еңбек етуде. Мұнда келісімен «түрікшеқытайша-қазақша 900 сөз» атты тарихи кітабын жариялап үлгерді. Қазір тарихи «Түркістан жер аттары», «Қара Қожа» атты кітаптары Түркия баспаларынан шығып жатыр. Осынау қысқа қайырым деректерінен-ақ, болшағынан зор үміт күттіретін перзентінің ғылыми айдынында сеніммен құлаш ұрған талабын байқаймыз. Ұлт деген жалқылық ұғым болғандықтан, оның рухани әлемін біртұтас құбылыс ретінде зерттесе ғана үлкен шындықты тануға болады. Жасырары жоқ, қазір бір ғана бесжылдықтың тарихына немесе бір ғана жұрнақтың жазылу заңдылығына өмірін сарп ететін ғалымсымақтар көбейіп кетті. Мұхтарханның ғылыми өресі, ізденіс ауқымы методологиясы мен қызықтырғандай. Әрине қызыққанымыз да жөн, мақтаныш сезіміне беленсек те жарасады. «Сүйер ұлың болса сен, сүй, сүйінерге жарар ол» (Абай). Алайда, қызығып қана қоймай, мақтанып қана қоймай Мұхтархан сияқты халқының қамын ойлап жүрген азаматты Ғылым академиясы университетіміздің құрметті мүшесі сыйсияпаттың жолын ескерсек, бір ғанибет. Түптеп келгенде, жатағынан түңілген құлындай шырылдап жат жерде жүргенімен, еткен еңбегі мен төккен тері біздің академиямыздың, біздің университетіміздің мәртебесін өсіретін еңбектер ғой.
Заманның қыры деуге ауыз бармайды, табанымыздың бүрі жоқ, адамымыздың сұры жоқ десе қисыны бар шығар. Өзгеге жалтақтап, өзіне шалқақтаған біз кезең десе, оның қисыны да жоқ дей алмаймыз. Хош …
Енді Бұқар жыраудың отыз алты толғауын Мұхтархан Оразбайұлы қалай тапқан және ол туралы қандай ой-тұжырымдары бар деген мәселеге келейік. Пекин қаласындағы Байырғы Манжың патшалығының қоймасы аталатын Хуаңшишың сарайында Батыс өлке деректері сақталатын бөлім бар. Бөлімде күні бүгінге дейін қапқап болып жатқан қағаздарды көрсеткіштер тізіміне алу 1982 жылы Мұхтархан Оразбайұлын білікті маман ретінде шақыртады. Оған дейін парсы тілінің мамандары жазуын оқығанымен, мағынасын түсінбей қиналса керек. Мұхтархан осынау мол қағаздың әрісі орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың, берісі қазақ халқының рухани-тарихи мұрасы екенін бірден айырады. Күндердің бір күнінде сол жазбаларды кертіп қарап отырғанда «Қазақ өлеңдері» деген жазуы бар дәптерге тап болады. Шоқан, Ыбырай заманында жиі қолданылған кітап жазуымен жазылған ұзыны 30 см., ені 20 см. дәптердің 990 беті қазақтың жыр, толғаулары болып шығады. Соның ішінде 940 жолдық 36 толғау Бұқар жыраудың мұрасы екен. Әрине, қуанышта шек жоқ. Мұхтархан қытай достарымен тіл табыса жүріп, Бұқар мұрасын толық көшіріп алуға ұлықсат алады. Жай көшіріп шықпайды, қолжазбаны өткен ғасырдың бас кезінде Манжың өкіметінің Іле жыаңжүңі деп аталатын әкімшілігінде қызмет атқарған жергілікті қазақтардың тапсырғанын анықтайды. Бұл жөнінде сол кездің «Шың хандығы Жаузұң естелігі» атты шежіренің 790-томының 40-бетінен: «…Іледе істейтіндердің бізге жолдаған жодамалары ішінде жергілікті халықтардың өлең-жырлары да келіп отырады, олардың көбін жергілікті оқымыстылар жазып жіберген» деген деректі келтіреді. Шежіренің осы бетінде бұл деректі одан әрі орнықтыра түсетін мынандай сөздер бар: «Бұқар қазақтардың данышпан ақыны, кезінде Абылай атты ел басшысына ақылшы болған, аздап оқыма жазбасы болғандығынан қазақ рулары арасындағы заң-жарлықтарды шығаруға да қатысқан. Көп өлеңдер жазып қалдырған».
Мұхтархан Оразбайұлы тапқан бұл деректер мен Бұқар толғаулары қазақ халқының рухани тарихы үшін бірнеше қасиеттерімен құнды.
Біріншіден, Бұқар жыраудың бізге жеткен мұрасы ең әрі қойғанда өткен ғасырдың соңында (Г.Н.Потанин), ең бері қойғанда осы ғасырдың басында (Мәшһүр Жүсіп Көпеев) хатқа түскен. Бұл ретте Бұқар жыраудың толғауларының Пекин нұсқасы бір ғасырдай көнелілігімен бұрынырақ ден қойғызады.
Екіншіден, Қытай шежірелері Бұқардың хат танығаны, өз толғауларын жазып қалдырғаны жөнінде екі ұштылығы жоқ нақты дерек келтіріледі. Осы орайда бұл жазба әдебиетімізді қай кезден бастап жүрміз, қандай ғылыми принциптерге сүйеніп жүрміз деген келелі мәселелерді қайта ойласатын проблеманы да күн тәртібіне қойғандай.
Үшіншіден, Бұқар жырау толғауларының Пекин нұсқасы XVIII ғасырда қазақ халқының басынан өткен оқиғалардың қыр-сырын анықтай түсуге септігі тиетін дерек көзі ретінде де назар аударады.
Төртіншіден, Бұқар жырау толғауларының Пекин нұсқасы мен текстологиялық зердемен шендестіру арқылы ғылыми пәтуаға келген үлгісі жасалса, ұлы жыраудың мұрасы, сөз жоқ, салмақтана түседі.
Сөз соңында, Бұқардың бұл мұрасы менің қолыма қалай түсті деген жайды айта кету керек. Мұхтархан Оразбайұлы — Қазақстанның мәдени-рухани өміріне мұқият ден қоя отыратын зерделі азамат. Әсіресе, Бұқар жырау мұрасын зерттеп, жинаған ғалым-фольклоршыларымыздың еңбектерін індете зерттеген. Және олар туралы объективті пікірбағасы бар. Бұқар жыраудың отыз алты толғауын Пекин архивінен тапқан соң ғалым ретінде өз ой-тұжырымдамаларын білдіруді парыз санаған сияқты. Нәтижесінде бір баспа табақтай (25 беттей) ғылыми – деректік мәні мол «Ескерусіз қалған елеулі мұра» атты мақала жазыпты. Шетте жүрген азаматтардың зерделісі болған соң Мұхтархан еңбегіне мен де ден қойып жүруші едім. Ашық хат жазысуға біздің секемшіл саясатымыз мүмкүндік бермегендіктен, келіп-кеткен ағайындардан ауыз сәлемін айтысып, кейін хат беріп танысқан болғантынбыз. Содан ой-ниетіміз жарасқан болу керек, Бұқар жыраудың отыз алты толғауы мен бір баспа табақтай алғы сөзі бар қолжазбасын (барлығы 74 бет) Мұхтархан бауырымыз қырғыздың белгілі кинорежиссері Болат Шамшиевтен маған беріп жіберіпті. Мен өз тарапымнан дәнекер болып, хал-қадерімше осылай қызмет етіп отырған жайым бар. Мұхтарханның алғы сөзін қоса ұсынуға газет көлемі көтермеді.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, біздің шет елдегі бауырларымызбен байланысымыз қашанға осындай жекелік жолмен, бұқпалаумен, сыбырласып қана жалғаса бермек?! Мәселен, ғылыми және туыстық қарым-қатынасымызды ашық түрде жандандыру үшін тиісті орындардың қамқорлығын қашан көрер екенбіз деп амалсыз пұшайман боласың!
Қазір Мұхтархан Оразбайұлының қолжазбасы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде сақтаулы.
Қуаныш құтты болсын, бауырлар!
Ақселеу Сейдімбек,
“Орталық Қазақстан”