Бас тақырыпРуханият

Бұқар бабамыздың Қытайдан жеткен жырлары

Редакциядан: Осыдан ширек ғасыр бұрын Ақселеу   ағатайым тура осы мәтінді “Орталыққа” берген. Редакторым Рымқұл Сүлейменов маған тапсырды. Әлі есімде, тұңғыш рет компьютермен жасалған газеттің осы номерінде Бұқар бабамыздың Қытайдан жеткен жырларын жарияладық. Баба рухы қолдасын деп. Бұл – толық нұсқасы. Қабыл алыңыздар.

Мағауия СЕМБАЙ.

Ақиқатты іздеу
Ку Юрий Петровичтің “Ақиқатты іздеу” картинасы

Бірінші толғау

Ай, Абылай, Абылай,
Жеңбеген жауың қалмады-ау,
Алмаған жерің аз қалды-ау.
Бетке алсаң әсте қоймадың,
Алсаң тағы тоймадың,
Несібеңді елден ойладың.
Атаңды білмес құл едің,
Ата-тегіңді сұраса,
Арқар ұранды жат едің,
Қай жеріңде төре едің?!
Жұлдызың туды оңыңнан,
Жан біткен ерді соңыңнан.
Он сан Алаш баласын
Жусатып қойдай өргіздің,
Жұмсап жүрсің қолыңнан.
Ай, Абылай, Абылай,
Он бір ғана жасыңда,
Әшейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Әбілмәмбет төренің
Арқада жүріп қаңғырып,
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді-ау,
«Сабалақ» атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында,
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде,
Бақыт қонды басыңа,
Тақыт келді астыңа.
Отызға әбден келгенде,
Кең дүниеге кенелдің.
Отыз беске келгенде, ;
Қара судың бетінде
Соқтығып аққан сең едің.
Қырық жасқа келгенде,
Алтын тонға жең болдың.
Қырық беске келгенде,
Жақсы-жаман демедің.
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің бар баласын
Бастап өзің келдің де,
Аттарының бастарын
Бір кезеңге тіредің.
Алпыс жасқа келгенде,
Жақсы болсаң толарсың,
Жаман болсаң маужырап,
Жүнжіп барып соларсың.
Алпыс беске келгенде,
Әрбір атқа қонарсың.
Жұмсасаң балаң тіл алмай,
Қатының қарсы шабар ұялмай,
Көрген күнің сор болар.
Жетпіс жасқа келгенде,
Жаңылып сөзден қаларсың.
Жетпіс толған жел екен,
Шала ауырғанмен тең екен.
Жетпіс беске келгенде,
Жылуы болмас қойныңның,
Қауқары болмас сойылыңның,
Селкілдеп тірі жүрерсің.
Қатардан шығып аулақтап,
Жан құлазып қаларсың.
Сақал-шашың желкілдеп,
Мүжіліп әбден боларсың.
Әудем жерге жүре алмай,
Біреуге жүк боларсың.
Өлмесең де жойылдың,
Ар-аттаққа қойылдың.
Сексен деген сор екен,
Шындап ұрған пір екен.
Сексен бес жасқа келгенде,
Екі қара көзіңді алар,
Аузыңдағы сөзіңді алар,
Бойыңдағы әліңді алар,
Бетіңдегі нұрыңды алар,

Тәніңдегі шырынды алар,
Саудыратып тісіңді алар,
Өлмегенде не қалар?!
Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен.
Қарғиын десең ұмтылып,
Екі жағың ор екен.
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне
Түпсіз терең көл екен,
Елсіз жатқан шөл екен,
Келмейтұғын неме екен.

Екінші толғау

Күллі әлемді қаратқан,
Ең алдымен Алланы айт.
Бойыңа жан таратқан
Аты жақсы Тәңірді айт.
Төрт шәдияр Мұстафа
Кітап ашқан ғалымды айт.
Мұхамметтің аяты,
Алла сөзі құранды айт.
Пайғамбардың сүндеті
Бес уақытқы намазды айт.
Тәңірім салса аузыңа
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа жақсылық
Еткен таза арыңды айт.
Қара қылды қақ жарған
Наушәруандай әділді айт.
Арзы менен күрзіні айт,
Лауқа менен қаламды айт.
Құдіретімен жаралған,
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан,
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан,
Сөз анасы сәлемді айт.
Тірліктегі сыйласқан,
Ата менен анаңды айт.
Адам үшін жарасқан,
Қызықты нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан,
Қараң қалар денеңді айт.

Үшінші толғау

Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Ақиық бүркіт төмендер,
Екі қанат талғанда.
Сөге көрме Абылай,
Мен пақырда сән бар ма,
Уақытым мұндай болғанда?
Уақытым кетті басымнан,
Хан Абылай атанып,
Жайнап шықтың жасыңнан.
Малмен ісің болғанда,
Уақытыңыз толғанда,
Қарашың қашар қасыңнан.
Ханның жақсы болмағы –
Қарашының елдігі.
Қарашы халық сыйласа,
Алтыннан болар белдігі.
Жақсы жігіт ұл туса,
Патшадан болмас кемдігі.
Айтсам сөзім таусылмас,
Өзің ұқ артын ендігі…

Төртінші толғау

Он сегіз мың ғаламды жаратқан,
Айтар болсаң Алланы айт.
Кемелді етіп санатпен,
Саулық берген тәңірді айт.
Аузыңда иман үйірткен,
Ғалиассалам Мұхаметті айт.

Мұсылман болсаң алдымен,
Іншаллаһи, бисмілдәні айт.
Таңертең азан шақырған,
Даусы сұлу молданы айт.
Өз жынысының ішінде,
Даусы ащы тырнаны айт.
Тауық жүнді таз тырна,
Тақыршақ жерге қонбас па?
Таралып жүні қалмас па?
Ақсұңқар құстың баласы
Ұяда алтау тумас па?
Солардың да ішінен,
Біреуі ғана алғыр болмас па?
Алғырының белгісі —
Ұзақтан жемді ілмес пе?
Бірге туған ұялас,
Бірге сауға жемес пе?
Өзі аштан өлсе де,
Жемінен бөліп бермес пе?
Сөйтіп жүрген кезінде,
Алғырынан айрылса,
Қанат түптен қайрылса,
Құс жаманы жапалақ,
Оған да қор болмас па?
Адамзаттың баласы,
Атадан алтау тумас па?
Атадан алтау туғанмен,
Солардың да ішінен
Біреуі ғана арыс болмас па?
Арысының белгісі –
Ісінен айқын болмас па?
Сол арысы барында,
Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы ұстап,
Толғап дәурен сүрмес пе?
Сөйтіп жүрген кезінде,
Арысынан айрылса,
Ел шетіне жау келсе,
Ел ішіне дау келсе,
Бел буып жауға шаба алмай,
Белдесіп жауды ала алмай.
Ортасында бар жақсының
Қадірін де біле алмай,
Қадір-құрмет қыла алмай,
Артында қалған жамандар
Бас-басына тозбас па?

Бесінші толғау

Садыр, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымақпен жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп.
Мен — арғын деген арыспын,
Аузы кере қарыспын,
Сен — бұзау терісі шөншіксің,
Мен — өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітіссең,
Құдандалы таныспын.
Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын:
Көшің кетер бір жаққа,
Көш соңынан салпақтап,
Есің кетер сол шақта.
Жар басына қамалып,
Жарты лашық тігерсің.
Аузыңдағы асың кетер,
Көздеріңе жасың кетер.
Бұл қылығың қоймасаң,
Сонау кеудеңдегі қалқайған
Дулығалы басың кетер!

Алтыншы толғау

Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де
Қызыққа тоймас адамзат.
Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қайғылы күні қабарып,
Қазалы күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат.
Жақындап ажал төнсе де,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да,
Үмітін үзбес адамзат.

Жетінші толғау

Ай, заман-ай, заман-ай,
Басты мынау тұман-ай.
Істің бәрі күмән -ай.
Баспақ, тана жиылып
Фәни болған заман-ай.
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай.
Азаматын құлатып,
Ел талыққан заман-ай.
Арғымақтың жалы жоқ,
Жабылар жалымен теңелген.
Жақсылардың малы жоқ,
Жамандар малымен теңелген.
Мына заман қай заман?
Толқып жатқан заман-ай!
Арғымақ жалсыз, ер малсыз.
Алланың аманаты болған жан,
Қалай алар болжаусыз,
Толғандырған заман-ай.
Шашырап шыққан қандар көп,
Шашылып жатқан малдар көп.
Қайсы бірін айтарсың?
Айта берсең сөздер көп.
Үй артында төбешік,
Ерттеулі тұрған ат болар.
Көпті көрген қария
Жазулы жатқан хат болар.
Өзіңнен туған бел бала
Саудагердей сарт болар.
Өзіңмен бірге туысқан
Алаштан бетер жат болар.
Сиынған пірін саудалар
Бір Құдайға шет болар.
Өтермемен өтер ме
Жарлы-жақыбай байғұстар,
Байдың малын көтерме
Тайып кетсе табаның
Өлтіріп алсаң пәлесін
Төлеуге шашың жетер ме?
Аздың да ісі бітер ме,
Көптің де ісі жетер ме?
Қанша сөйлеп отырсаң,
Ұқпасқа сөзің өтер ме?

Сегізінші толғау

Абылай ханның асында,
Бұқарекең жырлайды,
Жырлағанда не дейді,
Соғыспа деп жырлайды!
Зарын қосып жырлайды,
Соғыспа деп жырлайды.
Бұқар деген кәріңіз,
Соғыспен кетер сәніңіз.
Жауластық жолды сүймеңіз.
Мынау жалған сұм дүние
Өтпейді менен демеңіз.
Сырдарияның суынан
Кесіп әрі өтіңіз.
Үш жыл малды тусытып,
Жиделібайсын жетіңіз.
Шұрайлы жердің ұйығы , —
Адамы жүзге келмей өлмеген,
Малы екі рет төлдеген,
Ел-жұртыңның қамы үшін,
Солай таман кетіңіз.
Менің жасым тоқсан үш,
Мұнан былай сөйлеуім
Маған болар әлі күш.
Өліп қалатын тай үшін,
Иен қалатын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал, ерегес.
Егер тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай,
Сені мен алғаш көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің.
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет төренің
Қызметінде тұр едің.
Қалтылдап жүріп күнелткен,
Үйсіндегі Төле бидің
Түйесін баққан құл едің.
Сен жиырма беске келген соң,
Бақ қонды да басыңа,
Алтын тақтың үстінде

Ақ сұңқардай түледің.
Дәулет бітіп басыңа,
Қызыр келді қасыңа,
Бейішке нақ түнедің.
Алыстан тоят тіледің.
Қылышыңды тасқа біледің,
Алмасаң жауыңды қоймадың,
Алсаң да әсте тоймадың,
Ырыздықты елден ойладың.
Уа, сен қанжығалы Бөгенбай,
Тоқымы кеппес ұры едің.
Түн жастанып жүр едің,
Қабанбайдан бұрын найзаңды
Қашан жауға тіредің?
Абылай-ау, Абылай,
Момынға келіп бек болдың,
Атаңды ұқпас ұл едің.
Қарсы менен құзарда
Жалаңаяқ жүр едің.
Жалаңаяқ жар кешкен,
Бөз тоқыған сарт едің.
Ата тегіңді сұраса,
Арқар ұранды жат едің,
Қай түріңмен төре едің?
Шешеңді және сұраса,
Қай алтынның буы едің?
Оны да мен білуші ем,
Түрікпеннің жерінде,
Қашып жүріп күнелткен
Мәскенің қара күңі едің.
Жұлдызың туды оңыңнан,
Жан біткен ерді соңыңнан,
Ақ жол тапты күніңіз.
Арсы менен күрзіге
Тайталасты үніңіз.
Өзің болған күніңде.
Жер-жиһанға сыймады,
Азат болған құлыңыз.
Ашуланба, Абылай,
Ашулансаң, Абылай,
Көтерермін, көнермін,
Көтеріп қазыға салармын.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Басына мұнша көтерген
Еліңе жаулық сағынба!
Күнінде мендей жырлайтын,
Мініңді айтып сынайтын,
Тоқсан үштегі қария
Ендігәрі саған табылмас!

Тоғызыншы толғау

Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Тірнектеп жүріп іс қылған
Жарлыны жарлы демеңіз:
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға көшпес демеңіз.
Қарайласар кімі жоқ
Жалғызды жалғыз демеңіз:
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір майданда жолығып,
Кегін алмас демеңіз.
Құлан жортқан қу шөлге
Қурай бітпес демеңіз.
Қурайы шалғын көк жонда
Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.

Оныншы толғау

Ай не болар күннен соң?
Күн не болар айдан соң?
Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Мата болар тозған соң.
Төрде отырған қарт қазы
Төреден жаңылар малдан соң.
Доңғалақ арба жүре алмас,
Қос арысы сынған соң.
Жігіт жақсы бола алмас
Алғаны жаман болған соң.
Қосыла көшкен қос орда
Қосыла қонбас малдан соң.
Бала өркешті сары атан
Қом жасамас майдан соң.
Төсі аршынды сұлуың
Күйі белгілі байдан соң.
Байдың ұлы көрпелдес
Шұбалаңқы тартады
Айдап жүрген малдан соң.
Үлдемен басын ораған,
Тарақпен шашын тараған,
Қиғаштап қырын қараған,

Күрек тісі қасқиған,
бұрала басып бұлғақтап,
Қынай белін буынған,
Не болар ол ерден соң?

Он бірінші толғау

Ақсамнан биік тау болмас,
Бауырында қашқан
күзен көрінбес.
Ертістен үлкен су болмас,
Аққанда беті білінбес.
Қарағайдан артық ну болмас,
ішінен аспаны көрінбес.
Ақшам батпай күн шықпас,
Ажал жетпей жан шықпас.
Ақ таң атпай күн шықпас.
Асыққанмен жаз келмес.
Етекті кессең, жең болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас.
Қара қойдың терісін
Сабындап жусаң ағармас.
Жалған көңіл табылмас.
Қара торғай қаз болмас,
Шағала келмей, жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас,
Іштен қыңыр туғанды
Тезге салсаң түзелмес.
Қанша бағып, қақсаң да,
Өзіңнен тумай, ұл болмас,
Екі жаман дос болмас,
Дос болғанмен, қош болмас.
Екі жақсы дос болса,
Дос болса түбі бос болмас.

Он екінші толғау

Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Алладан жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Кірлі көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақыт намаздың
Біреуі қаза болмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алты қанат ақ орда,
Ардақтаған аяулың,
Күнінде барып біреуге
Тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шартарап,
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Тойға жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Қара жамылып озандап
Қайғырып жесір қалмасқа

Он үшінші толғау

Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене?
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей немене?
Өз ағасын сыйласа,
Азамат емей немене?
Өз інісін аяса,
Озат емей немене?
Қамшылаумен жүгірсе,
Шабан емей немене?
Айтқаныңды білмесе
Жаман емей немене?
Қалағаныңды бермеген
Сараң емей немене?
Ел еңбегін көп жеген
Арам емей немене?
Ішке бүккен қулығың
Амал емей немене?
Сусағанда ішкен су
Шекер емей немене?
Еңбексізге біткен мал
Бекер емей немене?

Он төртінші толғау

Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып тастады.
Қазақтың бір қорғаны
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті Бөгенбай.
Қиядан қиқу төгілсе,
Атының басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Түршігіп беті қайтпаған.
Қазақ деген халқынан
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан қайрылып,
Қорғасындай балқыған.
Батырың өтті Бөгенбай.
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласында жайылған,
Мылтық атқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жеріңді
Аң етімен тау қылған,
Батырың өтті Бөгенбай.
Асу салған, тас бұзып,
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп,
Бөрілі деген көлінен,
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәуілің ерінен,
Қоныс қылған найманға
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті Бөгембай.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек.
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Ормандай көп Орта жүз.
Содан шыққан төрт терек,
Тұғыр болған сол еді,
Сіздей төре сұңқарға.
Бәйгелі жерден бақ болған,
Сіздей жүйрік тұлпарға.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Келмей тұр аузым айтарға,
Батырың өтті Бөгенбай.
Өкпе қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарып қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойла келмесін,
Тағдырдың керемет келтесін,
Сорғалатып көз жасын
Қарияң келіп жырлап тұр
Егіліп кеттік ел үшін
Бүгіліп кетті бел де шын.
Жоқтау айтып тұрмыз тек

Еңбегі сіңген ер үшін.
Батырың өтті Бөгенбай!

Он бесінші толғау

Кәрілік шіркін не қылмас,
Аяғың қалар басылмай.
Қолыңа таяқ ұстатар,
Бүгілер белің жазылмай.
Келіндерің келгенде,

Аузың қалар ашылмай.
Уақыттың ісі қиын-ақ,
Кәрілік әбден жеткен соң,
Айтып-айтпай не керек,
Мезгіліміз жеткен соң.
Кеудедегі жалын-өрт
Су құйылып өшкен соң.
Жастық дәурен, жалын мәрт
Басымыздан көшкен соң.
Айтуға бәрін әлім жоқ,
Уақытым менің өткен соң.
Кәрілік шіркін не қылмас,
Мезгіліміз жеткен соң.
Қатты тағам шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстан ем айбарлы,
Бұл күнде қауқар, күш бар ма?
Кәрілік шіркін не қылмас
Мезгіліміз жеткен соң.

Он алтыншы толғау

Асу-асу бел келсе,
Атан өрлер бүгіліп.
Алыстан қара шаң көрсе,
Тұлпар шабар тігіліп.
Ел шетіне дау келсе,
Шешен сөйлер жүгініп.
Тентекпен ел бүлінсе,
Билер шешер жүгініп.

Он жетінші толғау

Балалық он жасыңыз,
Балғын өскен құрақтай.
Жиырма деген жасыңыз,
Ағып жатқан бұлақтай.
Отыз деген жасыңыз,
Жарда ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз,
Ерттеулі тұрған құр аттай.
Елу деген жасыңыз,
Ол да бір үлкен бел екен.
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғы, мұңды шөл екен.
Жетпіс деген жасыңыз,
Жетім қалған күн екен.
Сексен деген жасыңыз,
Қараңғы тұман түн екен.
Тоқсан деген жасыңыз,
Ажалға таяу маң екен.

Он сегізінші толғау

Мінген атың арыса,
Көз көрім жер мұң болар.
Қара көзден нұр тайса,
Бір көруің зар болар.
Жаман сайға су түссе,
Өткел бермес өтуге.
Қайырымсызға мал бітсе,
Сусын бермес ешкімге.
Жаман болса алғаның,
Күнің қараң кешерде.
Қымбатты есіл бір басың
Еңкейіп кетер кеселге.

Он тоғызыншы толғау

Өлең – сөздің данасы,
Шындықтың шырақ анасы.
Жаныңның жайлы панасы,
Ойыңның өткір санасы.
Шын жолында сөйлесең,
Басыңа келер пәлесі.
Сонда да басыңды име сен

Жазылар өлең жарасы.
Шығаннан шығар шыққанның,
Жабылар саған жаласы.
Ондайдың сөзін тыңдасаң,
Ескі даудың шаласы.
Өтірікті шын қылған
Күндестіктің хәласы.
Ақылыңа көнбейтін
Арам ойы шарасы.
Айтқаныңа жүрмейтін
Көңіліңе бүккен аласы.
Өлең ойлап есіме
Түседі қазақ данасы.
Ауыл маңын мал жесе,
Ауыл сәнін кетірер.
Елдің ішін дау жесе,
Елдің сәнін кетірер.
Көрші аралас өтпесе,
Көңілдің көркін кетірер.
Абысын тату өтпесе,
Ағайын сәнін кетірер.
Ағайын тату өтпесе,
Ұлыстың сәнін кетірер.
Бірін-бірі кешпесе,
Ең соңында өштесіп,
Қарайып қаны кектесіп,
Бірін-бірі өлтірер.

Жиырмасыншы толғау

Алтын, күміс байда бар,
Сақтаған орап бүлдемен.
Құйрығы бітеу қойда бар,
Қысы, жазы борланған.
Жүйрік жарау атта бар,
Бәйгені жылда қоймаған.
Қиыла қарап жымиған,
Бұралған бикеш тағы бар,
Назына жаның тоймаған.
Өмірдің сырлы жағы бар,
Ойыңды бөліп қоймаған.
Адамзаттың бағы бар,
Тірлігінде тойлаған.
Өлеңде менің хақым бар,
Қанағат қылмай ойлаған.
Ойланыңдар, жарандар,
Сөзіме бір толғанған.
Бұл күнімде орным тар,
Елім үшін тарманған.
Шөлде суға болдым зар,
Түтегім түтеп зарланғам.
Бұл тірліктен алдым зар,
Жаным түңіліп жалғаннан.
Ажалдан кім қалған бар,
Өтті күнім қарманған.

Жиырма бірінші толғау

Асқар таудың өлгені –
Басын қырау шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені –
Аса алмай таудан қалғаны.

Ай мен Күннің өлгені –
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені –
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені –
Қар астында қалғаны.
Өлмейді, не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді.

Жиырма екінші толғау

Қалмаса қайнар азайып,
Аққан дария суалмас.
Қалмақтан алдың бір зайып,
Сүйегіңді жоғалтпас.
Абылайымсың алқатқан,
Отының болсын жантақтан.
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан,
Сегіз қиыр шартарап
Төрт құбылаң түгел боп,
Төріңде отыр, салмақтан.
Он екі айда жаз келер,
Көктемеде қаз келер.
Айтып-айтпай не керек,
Дәуреніңіз аз келер.
Сондай заман жеткенде,
Шаңырағың күл болар.
Еліңе қауіп төнгенде,
Ата ұрпағың құл болар.
Қараларың қас болар,
Қаскөйлерің бас болар.
Орыстар келер ғалым боп,
Әулиедей көрінер.
Боптары болар сазандай,
Кітабы болар қазандай…
Ақыретқе барғанда,
Ақсүйекті қор тұтқан,
Қараны одан зор тұтқан,
Орыстарды пір тұтқан,
Сорлы болған қазағым,
Тартарсың солардан
жазаңды-ай!

Жиырма үшінші толғау

Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса, үй кетер.
Жатқа тізгін берсеңіз,
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болмаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Тоныңды түгел түлкі етер.
Шын досыңмен сырлассаң,
Езіліп ерек сыр шертер.
Сыпайыға сыр айтсаң,
Ақырын ғана бүлк етер

Жиырма төртінші толғау

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан суға сүңгімей,
Көлден көлге қоныңыз.
Бай ұлымен бас қосып,
Алшаң басып жүріңіз.
Біліктімен кеңесіп,
Байсалды үйге түсіңіз.
Өсек таңған ат өлсін,
Іші күйіп жат өлсін,
Жат бойынан түңіліп,
Арам ойы жоқ болсын.
Бір енеден туғандай
Ортаңда бірлік тоқ болсын.
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек
Бұлдырап ұшар жаз күні.
Боз мойынды сұр үйрек
Көлге қонар мәз күні.
Бұралған назды сұлулар
Көл жағалар жаз күні.
Бағылан өскен шоралар
Қыз қыздырар саз күні.
Қымызсыз жиын, той болса,
Қызықты болмас жаз күні.
Қызыл турам ет болса,
Қызғаныш болар аз күні.
Мал бергенің болмаса,
Пайдасы болмас аз күні.

Жиырма бесінші толғау

Көктен бұлт сөгілсе,
Күркіреп жаумай не пайда?
Қара көзден жас шықса,
Қамықпасаң не пайда?
Дін мұсылман болмаса,
Тіл мұсылман не пайда?
Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда?
Ерге дәулет бітпесе,
Қызыл тілден не пайда?
Мал араға жүрмесе,
Құт айтқаннан не пайда?
Байға қайыр бітпесе,
Малынан келер не пайда?
Өзіңе еркіндік бермесе,
Азат бастан не пайда?
Шын қуанып күлмесе,
Ыржиюдан не пайда?
Өзге алып еліңді
Егестіріп өзіңді
Билегеннен не пайда?

Жиырма алтыншы толғау

Жарандарым, қойсаң дес,
Өлеңді өмір тудырған.
Бір кезім бар көп елес,
Көліме із қалдырған.
Дауыл болған жиырма бес,
Далбасамен қаңғытқан.
Батыр болған жиырма бес,
Беті қайтпай танытқан.
Бура болған жиырма бес,
Қызықты шақты қыздырған.
Арам болған жиырма бес,
Асау толқын бұздырған.
Қызды ауылды көргенде,
Бұлаңдатқан жиырма бес.
Төскейде жортқан түлкідей
Сылаң қаққан жиырма бес.
Арқырата кісінетіп,
Айғыр мінген жиырма бес.
Күрек тісін қасқитып,
Сұлуды құшқан жиырма бес.
Бұлбұл боп ұшты көзімнен,
Іздесем де табылмас.
Өкінтіп өткен оңдырмай,
Ойымдасың, жиырма бес!

Жиырма жетінші толғау

Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаманнан қатын алмаңыз.
Айтқанымды тексермей,
Алды-артыңды тектемей,
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Ақылымды ескермей,
Жаманнан қатын алсаңыз,
Топқа түсер ұл тумас.
Жаман қатын алғаның –
Төркініне бере алмай,
Тең құрбысы келгенде
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан аққан тас бұлақ,
Тасыса құяр теңізге,
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
Жақсыдан жаман туса да,
Тарпай қоймас негізге.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button