1 шілдеден бастап жәрдемақы көлемі өседі

Биыл 1 шілдеден бастап мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын жәрдемақы мен бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім көрсететіндерге берілетін жәрдемақы көлемі өседі. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Нұр-Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемі 30 % өсуі тиіс. 
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар күн көріс көлемінің 1,05 мөлшерінде 31 183 теңге жәрдемақы алып отыр. Ал, 1 шілдеден бастап оның көлемі 10 395 теңгеге өсіп, 41 578 теңгені құрайды. Айта кетейік, елімізде аталған екі жәрдемақы түрі 95 мыңнан астам адамға тағайындалған. Олардың 82 мыңға жуығы мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар болса, 13 мыңнан астамы бала кезінен I топтағы мүгедектерге күтім көрсететіндер. 
Жылдың ортасынан бастап көлемі өсірілетін жәрдемақының қайта есептелуін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері мен Еңбек комитетінің аймақтық департаменттері автоматты түрде жүзеге асырады, бұл үшін жәрдемақы алушылар қосымша құжат тапсырмайды. 
Жәрдемақы төлемдерін тағайындау шілденің және келесі әрбір айдың 1-нен 15-не дейін жұмыс күндері жүргізіледі.