Зуев ұлттық құрамаға шақырту алды
Ресейдің тумасы, футболдан жастар арасындағы Еуропа чемпионы Александр Зуев Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға шақырту алды. Қазірдің өзінде футболшының алаңдағы орыны белгілі болды.
Александр Зуев – Қостанай футбол мектебінің түлегі. 2003-2005 жылдары 9 жасына дейін «Тобыл» клубының секциясында жаттыққан. Кейін Ресейге көшіп, 2011-2018 жылдары Ресейдің жастар құрамасы сапында өнер көрсеткен. Кейінірек, «Спартак», «Ростов», «Рубин», «Химки» сынды белді клубтарда ойнаған.
Жаңа ойыншы алдағы оқу-жаттығу жиынына жарақатына байланысты қатыспайтын жартылай қорғаушы Аслан Дарабаевтың орнына шығуы мүмкін. Футболшы бұған дейін Ресей чемпионатының аяқталған маусымында «Крылья Советов» клубында 10 ойын өткізген.
Ал, ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев жаңа ойыншы жайлы өз пікірін білдірді.
– Құрамаға «Александр келеді» немесе «Басқа футболшы аламыз» деген ешқандай ой болмаған. Ойлаған да емеспіз. Қазірдің өзінде команда жігерлі жігіттерден жасақталған. Ал, Александрға келсек, шешімді өзі қабылдады. Қазақстан азаматтығын алды. УЕФА да келісімін берді. Біз тек осы мүмкіндікті пайдалануға тырыстық. Енді ол маусымдағы ойындарға қатыса алады. Оқу-жаттығу жиынында қабілетін көреміз, – деді бас бапкер.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz