Зорлықты тыйғың келсе, үнсіз қалма!
Отбасылық зорлық-зомбылық қоғамда өршіп тұрған дерт. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Бұл – адамгершілікке, ұлттық дәстүрімізге жат әрекет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылыққа жол бермеу қажеттігін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүйелі. Ал, Қарағанды облысында аталған бағытта қолға алынған жаңа бастамалар, құрылымдық өзгерістер мен кешенді алдын алу шаралары арқылы отбасылық зорлық-зомбылық жағдайларын азайтуға күш салуда.

Жаңа баптар – жаңа міндеттер
2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қарағанды облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 46,7 пайызға артқан. Яғни, 2024 жылы тіркелген 45 жағдай биыл 66-ға жеткен. Бұл өсімнің басты себебі – Қылмыстық кодекске жаңадан енгізілген баптар бойынша тіркелген фактілер.
Қарағанды облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Гүлбану Сатпаева-Алпысбаева Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптар жөнінде пікірімен бөлісті.
– Атап айтқанда, 2024 жылы енгізілген ҚК-нің 108-1-бабы (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша 10, ал 109-1-бап (психологиялық қысым көрсету) бойынша 16 қылмыс тіркелген. Осы екі жаңа бапты есепке алмағанда, жалпы қылмыс саны 40 болып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 45 жағдайымен салыстырғанда 12,5 пайызға төмендегенін көрсетеді, – дейді Гүлбану Сатпаева-Алпысбаева.
Әкімшілік жауапкершілік һәм алдын алу
Отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте профилактика мен әкімшілік бақылау – негізгі құралдардың бірі. Осы бағытта да оң нәтижелер байқалады. Мәселен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 73-бабы (денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 2,77 пайызға төмендеп, 2 845 адамды құраған (былтыр – 2 924).
Дерекке сүйенсек, қорғау нұсқамаларының саны 4,8 пайызға өсіп, 4 363-ке жеткен. Ерекше талаптар белгіленген жағдайлар 7,1 пайызға артып, биыл 967-ні құрады. Ал, ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша жауапқа тартылғандар саны бір жылда 393-тен 524-ке дейін өсіп, 48,1 пайыздық өсім көрсетті. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 2,3,4-бөліктері бойынша жауапкершілікке тартылғандар 912 адам, өткен жылғы 754-тен 17,3 пайызға көбейген.
Әріптестік және әлеуметтік қолдау қалай?
Полиция департаменті мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар 14 қоғамдық ұйыммен бірлесіп жүргізілуде. Олардың ішінде, алты дағдарыс орталығы зардап шеккендерге уақытша баспана мен кешенді көмек көрсетуде.
Бұл орталықтар Қарағанды, Теміртау, Қарқаралы қалаларында және Бұқар жырау ауданында орналасқан. Жыл басынан бері сенім телефонына 1 200-ден астам адам жүгінсе, олардың 879-ы – әйелдер.
Полиция подполковнигі Гүлбану Сатпаева-Алпысбаева осы бағыттағы жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады.
– Біз үшін ең маңыздысы – дер кезінде көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың алдын алуға күш салу. Бұл үшін қоғамдық ұйымдармен және жергілікті әкімдіктермен бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді ол.
2025 жылдың алты айында полиция мен ҮЕҰ өкілдерімен бірлесіп, 52-ден астам қоғамдық шара өткізілген.
Нақты шешім алаңы
2023 жылдың тамыз айынан бері облыс әкімдігі мен полиция департаменті бастамасымен «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы» жұмыс істеп келеді. Орталық жұмысы аясында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 960 адам қабылданды. Олардың ішінде, 132 адам (54 әйел мен 78 бала) дағдарыс орталықтарына орналастырылса, 346 адам психологтың, 351 адам заңгердің кеңесін алды.
19 азамат медиатор көмегіне жүгінді. 12 адамға (оның екеуі бала) құжаттандырылды, ал, 91 адам жұмыспен қамтылды. Алимент өндіру мәселесі бойынша 786 азамат сот орындаушыларына жүгініп, нәтижесінде жалпы сомасы 97,3 миллион теңге алимент өндірілді. Сонымен қатар, 26 атқарушылық іс жүргізу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, 17 отбасы медиативтік келісімге келген.
«Бұрын отбасындағы мәселелерді сыртқа шығаруға ұялатын едік. Қорған болар жер жоқ деп ойлайтынбыз. Қазір полиция мен арнайы орталықтардың нақты көмегі бар екенін біліп отырмыз. Өзім бір көршімнің осындай дағдарыс орталығына орналасуына көмектестім. Психолог та, заңгер де тегін кеңес береді екен. Осындай қолдау көрсетіліп жатқанына қуаныштымын. Ең бастысы – үнсіз қалмау керек екен» – дейді аты-жөнін атамауды өтінген қала тұрғыны.
Психолог маман Думан Нұрланұлы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың физикалық қана емес, адамның өзін-өзі бағалауына, психологиялық саулығына соққы екенін айтады.
– Бізге жүгінетін әйелдердің көбі жылдар бойы психологиялық қысым мен манипуляцияда өмір сүрген. Қазір қоғамда бұл тақырып ашық айтылып, мамандар көмегі қолжетімді бола бастағаны – үлкен өзгеріс. Психологиялық қолдау арқылы адам қайта сенімге ие болады, өз құқығын қорғай алатынын түсінеді. Бұл – зорлықтың қайталануын болдырмаудың басты жолы, – дейді ол.
Арнайы бөлімше құрылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №409 Жарлығын және Ішкі істер министрлігінің 2025 жылғы 5 қаңтардағы №2 бұйрығын орындау аясында Қарағанды облысы ПД құрамында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі арнайы бөлімше құрылды. Жаңа құрылымға қосымша 39 штаттық бірлік бөлініп, жалпы саны 54 бірлікке жеткізілді.
Бүгінгі таңда солардың 39-ы (яғни 72,2 пайызы) нақты қызметке тағайындалған. Оның 9-ы – ПД аппаратына, қалған 30 қызметкер – аумақтық бөлімшелерге бөлінген.
Халықаралық тәжірибе не дейді?
Әлемдегі дамыған елдерде отбасылық зорлық-зомбылықпен күресудің түрлі жолдары бар. Мәселен, Швецияда, зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше мән беріледі. Мұнда әр шағым міндетті түрде тексеріледі, ал, зорлық көрген адамға дереу психолог пен әлеуметтік қызметкер тағайындалады. Арнайы баспаналар мен қайта әлеуметтендіру бағдарламалары жақсы жолға қойылған.
Ал, Канадада отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық қылмыс ретінде қаралып, жәбірленушінің қауіпсіздігі басты орында. Бұл елде «нөлдік төзімділік» саясаты жұмыс істейді. Бір ғана шағым негізінде қорғау бұйрығы дереу шығарылады.
Аустралияда полиция мен әлеуметтік қызметтер тығыз байланыста. Зорлық-зомбылық фактісі анықталған жағдайда, отбасындағы бала автоматты түрде психологиялық бақылауға алынады. Ал, зорлық көрсетушімен міндетті түрде түзету жұмыстары жүргізіледі.
Түйін
Облыста отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүйелі әрі нәтижелі сипат алып келеді. Жаңадан енгізілген заңдық нормалар, құрылған бөлімшелер, азаматтық сектормен серіктестік және ақпараттық жұмыс – барлығы мемлекеттің зорлықсыз қоғам құру жолындағы нақты қадамдары. Байқауымызша, отбасылық зорлық-зомбылық деңгейін азайту үшін атқарылып жатқан алдын алу шаралары аз емес.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған әр адамға қолдау бар. Ең бастысы – үнсіз қалмау және мұндай жағдайларға немқұрайды қарамау…
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»