Бас тақырып

Зорлық – ұрып-соғумен шектелмейді

Еліміз бірнеше жыл қатарынан шешуге әрекет етіп келе жатқан өзекті мәселенің бірі – тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Мемлекет бұл жайтқа түбегейлі тоқтау салуға барын салғанымен, барлығы әзірге айтарлықтай нәтиже шығармай тұр. Мәселен, былтыр Қазақстанда агрессорлар қолынан 69 әйел мен жеті бала қайтыс болғанын көрсетеді статистика. Ал, республика бойынша тек Қарағандыда ғана бар «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы» ашылған жарты жылдың ішінде 500-ге тарта абьюзерге қарсы шара қолданған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ерекше тоқталған болатын. «…Қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды» деген Мемлекет басшысы қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қою керектігін де айтты.

Бірақ, өкініштісі, біздің қоғамда әйелдердің дені өздеріне қатысты жасалған құқыққа қайшы немесе адамгершілікке жат әрекеттерді зорлық-зомбылық деп санамайды. «Право» қоғамдық қорының психологы Әлия Төлеуханова осылай дейді.

– Қоғамда зорлық-зомбылық түсінігі дұрыс қалыптаспаған. Көпшілігі оны тар контексте қабылдайды. Мәселен, әйелдер үшін ұрып-соқпайтын немесе жыныстық зорлық көрсетпейтін күйеу – жақсы күйеу. Басқаның барлығын олар тұрмыстағы зорлық-зомбылық деп есептемейді. Мінезі нашар деуі мүмкін, еркек болған соң, дөрекілік оған тән деуі мүмкін, әйтеуір, ақтап алуға тырысады. Бірақ, сайып келгенде, өзіне де, балаларына да қатысты зорлық-зомбылық жасалып жатқанынан бейхабар. Тек, таяққа жығылмаса болғаны, – дейді Әлия Нұржанқызы.

Кәсіби писхолог тұрмыстағы зорлық-зомбылық түрлеріне де тоқталды. Айтуынша, адамның еркінсіз қолайсыз жағдайға қалдырудың өзі – зорлық. Мәселен, толыққанды демалуға кедергі келтіру, отбасы бюджеті үшін әйелді көңілі қаламаған жұмыс істетіп, жүйкесінің әбден сыр беруіне жеткізу де зорлық-зомбылықтың белгісі. Әлия Төлеуханова бұған физикалық зорлық-зомбылық деген анықтама береді.

Одан бөлек, психологиялық зорлық-зомбылық түрі де бар. «Оған бопсалау, қауіп-қатер тудыру, қызғаныш салдарынан басқан ізін аңду, жазалау үшін сөйлеспей қою, әлеуметтен алшақтату, дәрменсіз ретіне көрсету сияқты әйелдің өзін-өзі бағалауы мен сенімділігін жоғалтуға ықпал ететін әрекеттер жатады», – дейді психолог.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың тағы бір түрі – экономикалық зорлық-зомбылық. Бұл – қаржы немесе тұрғын үй жағынан күйеулеріне тәуелді әйелдерге тән.

– Аталған жағдайда күйеулері әйелдерінен қарапайым қажеттіліктері үшін жұмсаған ақшаның есебін сұрап, қорлайды. Менің тәжірибемде ұрып-соғудан кейін көп кездесетіні осы – экономикалық зорлық-зомбылық. Оған әсіресе, өкінішке орай, бала күтімімен үйде отыр­ған әйелдер ұшырайды, – дейді Әлия Төлеуханова.

Маман «ұят» ұғымының тамыр жайып алғаны сонша, әйелдер үйдегі зорлықты сыртқа шығаруға дәрменсіз екенін айтады. Айналасындағылардан, жақындарынан ұялып, зорлық-зомбылыққа төзіп, өмір сүре беру әдетке айналған.

– Қазақта, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал бар. Отбасында анасының зорлық-зомбылық құрбанына айналғанын көрген бала ертең өмірде өзі де соны қайталайды. Сондықтан, балаларының болашағын ойлаған әке де, ана да алдымен өздерін тәрбиелегендері дұрыс. Баланың қоғамдағы мінез-құлық моделі отбасындағы мінез-құлық моделін көрсетеді. Егер бала жастайынан ешқандай зорлық-зомбылықты көрмей өссе, онда өзгеге де әлімжеттік көрсетуден аулақ болып қана қоймай, өзіне де зорлық-зомбылық жасауға жол бермейді. Бала кезінен жеке шекаралар мен жеке өмірге қол сұғылмау­шылық туралы ұғымдар қалыптасса, бұл оның толыққанды, еркін және нәтижесінде бақытты адам болып өсуіне мүмкіндік береді, – дейді Әлия Төлеуханова.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button