Жаңалықтар

Зорланғаннан кейін 10-қабаттан секірген қызға қатысты тың деректер шықты

Павлодарлық дәрігерлер зорланғаннан кейін 10 қабатты үйден секіріп кеткен жасөспірімнің жағдайын айтты, – деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

фото: Pavlodarnews.kz сайтынан алынды

Басылым мәліметінше, қазір зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы тұрақты, бірақ ішкі ағзалары мен сүйектері зақымданып, ауыр жарақат алған. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыздың жағдайы өте ауыр болған, ол ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығымен бірнеше рет телемедициналық кеңес өткізілген.

“Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, аман сақтап қалды. Әрине, оның өміріне қауіп төнді, өйткені мұндай жарақаттармен аман қалу өте сирек кездеседі. Реаниматолог, травматолог, хирургтер, облыстық балалар ауруханасының көп салалы мамандарының шеберлігі мен күш-жігері өз нәтижесін берді. Қыз аман қалды”, – дейді басқарма өкілі. 

Еске сала кетейік, жантүршігерлік оқиға жайлы «НеМолчиKZ» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында жазды. Павлодарда Жастар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісі зорланған. 16 жастағы жасөспірім 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен. Ол ағаштарға құлап, тірі қалған.

Тергеу ісі облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында. Полицейлер кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі, 121-бабының 3-1-бөлігі және 105-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Күдіктілер қамалды. 

Басқа материалдар

Back to top button