Басты тақырып

ЗИЯТКЕР

   Педагогикалық жаңа үрдістер, тың ізденістер – жаңашылдыққа үндейді. Осы орайда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға әсер ететін факторлардың ішінде білім беру мазмұны бар.

   Білім алушылардың алған білімдерін практикалық жағдайларда тиімді қолдана білуге баулу мақсатында Ақтоғай ауданы Ә.Бөкейхан атындағы ЖББОМ базасындағы Тірек мектебінде «Жаратылыстану пәндері сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық семинар өтті. Семинарға Қарағанды қаласы, Шет және Ақтоғай ауданынан 52 маман қатысты. Семинарды білім бөлімі басшысының орынбасары Гаухар Дуанбекова ашып: «Қазіргі уақытта дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін, функционалды сауатты, кез келген жағдайда алған білімін практикада қолдана білетін, бәсекелестікке қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру – аса өзекті», – деп өз ойын білдірді.

   ҚО ББД ОӘО әдіскері Зәуре Түкбаева «Жаратылыстану пәндері сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында дәріс оқып: «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары 2012 жылы Астанада бекітілген болатын. Соған байланысты ұйымдастырып отырған семинар оқушылардың белсенділігін, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай білу, өз кәсібін дұрыс таңдай алу, өмір бойы білім алуға дайын тұруы сияқты қажетті позицияларға бағытталған. Жалпы, функционалдық сауаттылық дегеніміз – оқушының мектепте алған білімін өмірде қолдана білуі, өмірден өз орнын таба білуі, –деп семинардың мақсатын ашып берді.

   Күрделі мәселелерді шешуге арналған семинарда мұғалімдер панорамалық, коучинг, шебер сынып сабақтарын көрсетті.

   Сарышаған ЖББОМ математика пәні мұғалімі А.Ибраева математика сабағы бойынша «Функционалдық сауаттылыққа бағытталған тапсырмалар құрастыру әдісі» тақырыбында шебер сынып, Абай орта мектебінің физика пәні мұғалімі «СТО стратегиясы – оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың тиімді жолдары», география пәні мұғалімі М.Тяжина «Топтық жұмыстарды ұйымдастыра отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, Ә.Ермеков атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі «Педагогикалық технологияны енгізу арқылы оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мен оқу жетістігін критериалды бағалау» тақырыптарында коучинг өткізді.

   Сабақтар аяқталған соң әріптестер өзара тәжірибе бөлісті. Өнер мектебінің көрмесін, Ә.Бөкейхан мұражайын тамашалады. «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі, Өнер мектеп ұжымы және Ә.Бөкейхан мектебінің мұғалімдері дайындаған кеш қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жарқын САТАНОВА,

Ақтоғай ауданы білім бөлімінің әдістемелік

кабинет меңгерушісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button