АймақҚарағанды

Зиянсыз есірткі болмайды

Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін баға жетпес сый. Бірақ, сол сыйды бір сәттік ессіз қызық пен «оңай ақша» үшін құрбан етуге даяр жастардың көбейгені жанға батады. Қатерлі қауіп – қазір көзге көрінбейтін басқа кейіпке енді. «Есірткі» деген соқыр тұманның ішіне қалай кіріп кеткенін сезбей қалған өрімдей жастың тағдыры бүкіл қоғамның қасіреті емей немене? Әсіресе, оңай табысқа алданған жастардың есірткі тасымалы сияқты заңсыз әрекеттерге тартылуы қоғамды алаңдатып отыр. Бүгінгі сараптамамызда осы тақырыпты кеңінен таразылап көрелік…

Суреттер облыстық полиция департаментінен

Шырмауық шырғалаңы

Бүгінгі таңда студенттердің басты проблемасы – қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу екені әмбеге аян. Бірақ, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп, тез байып кеткісі келетіндер үшін есірткі бизнесінің әккі алаяқтары қауіпті тұзақ құрып қойған. Жалға берілетін пәтер ақысы, күнделікті ішіп-жем мен киім-кешек – осының бәріне ақша іздеген жасөспірім ұялы телефонынан: «Күніне 20-30 мың теңге табыс, жұмыс уақыты еркін, тәжірибе қажет емес» деген тартымды жарнаманы көреді. Міне, қитұрқы ойын осы жерден басталады.

Бұл арам бизнестің тізгінін ұстағандар көбіне шетелде із жасырып отыр. Олар үшін сарыауыз студент – небәрі «шығыс материалы». Олар жастарды Telegram арқылы басқарып, «курьер» немесе «кладчик» (тауарды жасырушы) қылып жұмысқа алады. Ең сорақысы, бұл «жұмыс берушілер» ешқашан бет-жүзін көрсетпейді, тек геолокация арқылы нұсқау береді.

Көшеде кезбе болып, ағаштардың діңгегін, тастың түбін, тіпті, ескі ғимараттардың маңында жер қопарып жүрген беймәлім жандарды көрген боларсыз. Бұл – сол жарнамаға алданған, өз тағдырын өз қолымен өртеп жүрген бейбақтар. Олар геолокация арқылы деректі жіберіп, өздері қашып кетуге тырысады. Әйткенмен, заңның құрығы ұзын екенін білмейді. Өкінішке қарай, полиция құрықтағанда зертхана иелері емес, көбіне осындай «аңғал шабармандар» ұсталады. Бұл – шырмауыққа шырмалған тағдырлардың қасіреті. Олар ақша табамыз деп, өз өмірлерін сатқанын әсте білмейді.

Құрықталған қылмыс

Есірткімен күрес – тек көшедегі тәртіпті күзету деп емес, ұлттық қауіпсіздік жолындағы үздіксіз майдан деп ұғынуымыз керек. Қарағанды облысы осы майданның алдыңғы шебінде тұр десек, асылық айтқандық емес. Өңірдегі ахуалды жіті бақылап отырған Қарағанды облысының полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Данияр Жакудаевтың айтуынша, есірткі нарығының сипаты түбегейлі өзгерген.

– Қазіргі таңда біз тек «көше саудагерлерімен» емес, жоғары технологиялық қылмыстық желілермен де тоқтаусыз күресудеміз. Өткен жылы біз облыс аумағында жасырын жұмыс істеп тұрған 5 есірткі зертханасын анықтап, қызметін тоқтаттық. Мұнымен майдан шебі түгесілмейді. Кәсіби жабдықталған, ірі көлемде есірткі өндіруге қауқарлы зертханалардың әлі бірнешеуі бары анықталды. Сонымен қатар, 3 ұйымдасқан қылмыс­тық топтың жолы кесіліп, олардың мүшелері жауапкершілікке тартылды, – дейді Данияр Әбілқасымұлы.

Шынында да, подполковник келтірген деректері кез келген жанды сескендірері анық. Соңғы жылдары өңірде есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар саны азайғанымен, мәселенің өзектілігі әлі де жоғары. Мәселен, 2024 жылы облыс аумағында есірткі саудасына байланысты 377 құқық бұзушылық тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 203 дерекке дейін төмендеген. Оның ішінде 120 қылмыс, 83-і әкімшілік сипаттағы теріс қылық ретінде тіркелген. Ал, биылғы жылдың алғашқы айларында ғана 64 дерек анықталып, оның 37-сі қылмыстық іс ретінде тіркелді.

Жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде өткен жылы заңсыз айналымнан 1 тонна 38 келі 480 грамм есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде ең қауіптісі – синтетикалық есірткі. Мамандардың айтуынша, 595 келі 250 грамма синтетикалық заттың тәркіленуі – бұл бағыттағы күрестің қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Сонымен қатар, марихуана, гашиш және қарасора секілді дәстүрлі есірткі түрлері де анықталған.
Ал, осы жылдың басынан бері 518 келі есірткі тәркіленген, оның басым бөлігін тағы да синтетикалық заттар құрап отыр. Бұдан бөлек, есірткі дайындауға арналған 1 тонна 775 келі 167 грамм прекурсордың қолға түсуі өңірде жасырын жұмыс істеген зертханалардың ауқымын аңғартады.

Қарағанды облысы бұл бағыттағы күресте республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Былтыр өңірде 5 есірткі зертханасы жойылса, биылдың алғашқы үш айында тағы 4 зертхана анықталған. Оның екеуі синтетикалық есірткі дайындайтын өндіріс болса, қалған екеуі үй жағдайында марихуана өсіруге арналған фитозертханалар.

Есірткі саудасына тартылғандардың қатарында жастар да аз емес. Өткен жылы осы қылмыс түріне байланысты 49 адам ұсталған, олардың ішінде зертхана ұйымдастырған 9 адам және есірткі сақтаған 6 адам бар. Өкінішке қарай, өткен жылы 8 кәмелетке толмаған жасөспірім де жауапқа тартылып, олардың екеуі 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал, биылғы жылдың басынан бері 8 адам құрықталғанымен, әзірге жасөспірімдер арасында мұндай дерек тіркелмеген.

Құқық қорғау органдары интернет кеңістігіндегі заңсыз жарнамалармен де күресті күшейтіп отыр. Былтыр есірткі жарнамасына қатысты 1095 сайт бұғатталып, «Антифрод» жүйесі арқылы 1105 күмәнді сілтеме жойылған. Биылғы жылдың өзінде 258 сайтты бұғаттау туралы ұсыныс беріліп, 136 күмәнді шот пен сілтеме анықталған.

Маманның пікірінше, есірткі саудасының желдей есуіне интернет пен әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар тікелей әсер етіп отыр.

– Жастар көбіне «тез әрі оңай ақша табу» иллюзиясына алданады. Бірақ, олар сол «жеңіл ақшаның» артында өмір бойы өкіндіретіндей ауыр қылмыстық жауапкершілік тұрғанын сезбейді. Біздің басты мақсатымыз да сол – жастарды құрықтау емес, оларды осы қақпаннан арашалап қалу, – деп түйіндеді Данияр Әбілқасымұлы.

Бұл бағыттағы жұмыстар тек жазалаумен шектелмесе керек. Департамент дерегіне жүгінсек, өткен жылы облыста 15 мыңнан астам профилактикалық шара өткізіліп, онда 186 мың адам қамтылған. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі қылмысының 11-ден 8-ге дейін азайғаны да көңілге сенім ұялатады.

Мидағы «мина»

Егер есірткімен күресті майдан десек, оның ең қанды шайқасы адамның санасында жүріп жатыр. Синтетикалық есірткі – бұл жай ғана химиялық зат емес, жалпақ тілмен айтқанда, бұл – мидың жүйесін біржола істен шығаратын «бағдарлама».

– Синтетикалық есірткіні тұтынушының миына кез келген сәтте жарылуы мүмкін мина орнатылғандай болады. Жан түршігерлігі – ол мина қашан және қандай жағдайда іске қосылатынын ешкім білмейді. Бір рет қана «қызық үшін» шегіп көрген кальянның немесе бір түйір таблетканың әсерінен адамның психикасы түбегейлі өзгеріп, кері қайтпайтын құмарлық құбылыстар пайда болуы мүмкін, – дейді психолог-нарколог Думан Нұрланұлы.

Нақты өмірлік мысалдарға тоқталсақ, жағдайдың қаншалықты мүшкіл екенін аңғару қиынға соқпайды. Есірткі тұтынушының санасында шындық пен қиялдың шекарасы жойылады.

– Адам дауыстар ести бастайды. Ол дауыстар оған бұйрық береді, мазасын алады, «сені аңдып жүр, анау адам саған қауіп төндіреді» деп сендіреді. Тіпті, «сенің қанатың бар, сен ұша аласың, терезеден секір де, биіктікті бағындыр» деп өлімге итермелеуі мүмкін. Былайша айтқанда, адам санасын бақылауда ұстай алмайды, – дейді Думан Нұрланұлы.

Бір қарағанда, сабағын жақсы оқитын, тәрбиелі көрінетін студенттің кенеттен ашушаң болып, бөлмесіне тығылып, ешкіммен сөйлеспей қалуы – алғашқы белгі. Көбіне жастар «ешкімге сыр білдірмеймін, өзім-ақ қоя салам» деп жүріп, батпаққа қалай батқанын сезбей қалады. Соңында миындағы сол «мина» жарылғанда, оны құтқаруға медицина да дәрменсіз болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, синтетикалық есірткіні бір-екі рет қолданған адамның жүйкесі мүлдем жұқарып, бойында шектен тыс агрессия пайда болады. Тәннің емес, жанның дерті. Қастерлі халқымыздың «еншілеп алған аурудың емі болмайды» деуінің де сыры осында: физикалық тәуелділікті емдеу мүмкін шығар, бірақ, талқандалған психиканы, шіріген ми жасушаларын қайта қалпына келтіру – адам баласының қолынан келмейтін іс.

Насихаттан – нәтижеге

Бүгінде нашақорлықпен күрестің форматы түбегейлі өзгерді. Қабырғаға плакат іліп қоятын заман келмеске кеткен. Тәртіп сақшылары мен мамандары жастардың тілінде сөйлеуді, олардың назарын қалай аударуды меңгеріп келеді.

Данияр Әбілқасымұлының айтуынша, профилактикалық іс-шаралардың ішінде жастарға ең қатты әсер ететіні – кинологтар мен арнайы дайындалған иттердің қатысуымен өтетін көрсетілімдер.

– Қазіргі жас буын ақпаратты экран арқылы қабылдайды. Сондықтан, жастар арасында трендке айналған «Шекер» сериалдары немесе соған ұқсас әлеуметтік туындылардың маңызы зор. Онда есірткі тасымалдаушының «жылтырақ өмірі» емес, оның соңындағы қорқыныш, темір тор мен талқандалған тағдыр ашық һәм анық көрсетіледі, – деп сөзін сабақтады ол.

Көбіне тәртіп сақшылары қолданып жүрген «бейне-интервью» әдісі – жойқын соққы іспетті. Темір тордың арғы жағында отырған, өздерімен қатарлас, кеше ғана студент болған жігіттердің өкінішке толы сұхбаттары кез келген дәрістен әлдеқайда өтімді. «Мен де сендер сияқты оңай ақша тапқым келген, бірақ қазір 10 жылымды жоғалттым…» деген сөз санасында саңылауы бар жастың жүрегіне жетпей қоймаса керек.
Профилактиканың тағы бір тиімді жолы – жастардың бос уақытын пайдалы істермен толтыру. Облыс көлемінде өтетін спорттық турнирлер, спартакиадалар тек жалаулы жарыс емес, бұл – салауатты субмәдениет қалыптастырудың алғашқы қадамдары.

Қарапайым ғана есірткіге қарсы ұрандары бар сәнді футболкалар, кепкалар, сапалы спорттық инвентарьлар – мұның бәрі жастардың «есірткісіз өмір сүру деген түсінігін нығайтады. Бұл жерде қоғамдық кеңес мүшелері мен волонтерлердің де рөлі орасан. Олар қала көшелеріндегі көрінеу жарнамалар мен QR-кодтарды өшіру арқылы цифрлық тазалық орнатуда.

Түйін

Тосқауыл – санада. Есірткімен күрес – тек құқық қорғау органдарының немесе дәрігерлердің ғана міндеті емес. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Бүгінгі жаһандану дәуіріндегі «бесік» – ол біздің бос уақытымыз, олардың араласатын ортасы және смартфондағы әлемі. Егер әрбір ата-ана баласына тосқауыл қоя білсе, яғни, дұрыс пен бұрысты, ажал мен өмірді ажыратуды үйретсе, сыртқы жаудың ешқандай елірген әрекеті де қатер тудыра алмайды. Ең басты жеңіс – санасы сергек, рухы мықты ұрпақтың қалыптасуы.
Ал, есірткінің зиянсыз түрі болмайды!

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button