Жаңалықтар

Зиялы қауымға жүктелер міндет зор

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас газетіміз Egemen Qazaqstanға берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» тақырыбындағы көлемді сұхбатында өткен жылдың еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болғанын, алдымызда одан да зор міндеттер тұрғанын атап өтіпті. Сұхбатты тұшына оқып шықтық.

Күнтізбе бойынша тағы бір жылды қорытындылап, Жаңа жылға қадам басқан шақта бәріміздің де көңіл төрімізде келер күнге деген үміт, болашаққа деген болжам тұрары хақ.

Тарих қойнауына аттанған 2023 жылы елімізде саяси-экономикалық және әлеуметтік салаларда бірқатар өзгерістер болды, елдің әл-ауқаты өсті. Саяси жүйе толығымен жаңарды, жаңа заңдар қабылданып, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі артты. Президент жылдың осындай жетістіктерін атап өте келіп, азаматтарымыздың жаппай несиелік қарызға батып отырғанына алаңдайтынын білдірген. Мемлекет басшысы осы орайда бірқатар нақты шаралардың жасалып жатқанына тоқталды.

Президент сондай-ақ, өзінің сындарлы сұхбатында «Күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор» деп баршамызды болашақ ұлы мақсат-міндеттерге бағыттайды. Өткен ғасырларда керемет болғанбыз деп мақтанып-масаттана берудің орнына, болашақта кім болатынымыз маңызды екендігіне баса назар аударады. Осы орайда әділ бағасы берілу үшін өткен тарихымыздың көп томдығын отандық және шетелдік тарихшы-ғалымдардың бірлесіп зерттеп-жазып жатқаны, сталиндік репрессия құрбандарын ақтау жөнінде көлемді зерттеу жұмысы аяқталғанын айтып өтті.

«Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зиялы қауым өкілдері осы миссияны өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ». Президентіміздің осынау сөздері біз сияқты аға буын өкілдеріне зор міндет жүктеп отыр. Біз білгенімізді, өмірлік тәжірибемізді, білімімізді бүгінгі және келер ұрпақтың бойына сіңіріп, олардың ұлттық құндылықтарды бәрінен жоғары қоятын саналы ұрпақ болып өсіп-жетілуіне ықпал етіп, елдің ыдырауына емес, бірігуіне жұмыс істеуіміз керектігін айқындап бергендей.

Өз басым Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық сұхбатынан осындай тағы­лым алып,терең ой түйдім.

Сағат БАТЫРХАНОВА,
Халықаралық журналист,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Back to top button