Зілтемірді бағындырған қос алып
Әке мен баланың спорт сайыстарында қатар өнер көрсетуі сирек кездесетін құбылыс. Ал, екеуінің де ел абыройын асқақтатып, бір жарыста қатар жеңіс тұғырынан көрінуі – аңызға бергісіз оқиға. Ақадырлық әкелі-балалы Дәрібай Оспанов пен Абдулкәрім Қараманды бүгінгі күннің батырлары деп ауыз толтырып айтсақ та қателеспейміз. Себебі, қос спортшы спорттың ең ауыр әрі ең күрделі түрі пауэрлифтингтен ел намысын қорғап, төрткүл дүниені тамсандырып келеді. Бұған дейін де газетімізде сүйіншілеп, әкелі-балалы спортшының жетістігін жазған едік. Бірақ, бұл жолғы жетістіктері мүлдем басқа әңгіме.
Норвегияның Драммен қаласында пауэрлифтингтен Әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеге әлемнің 14 елінен 1400-ден астам зілтемірші қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ал, осы чемпионатта облыс атынан сынға түскен әкелі-балалы спортшылар ел байрағын көкке көтерді.
Дарибай Қараманұлы бұл байрақты бәсекеде 70 жастан асқан ардагерлер арасында 93 келіге дейін салмақ дәрежесінде күш сынаған. Ардагер спортшы өз салмағында қос аталым бойынша өнер көрсеткен. Нәтижесінде, пауэрлифтингтің классикалық түрінен – қола, арнайы жабдықпен көтеруден – алтын медаль еншіледі. Осылайша ардагеріміздің халықаралық жарыстан алған медаль саны – 22-ге, ал, әлем біріншілігінен алған жүлде саны – 10-ға жетті. Оның бесеуі – алтын, төртеуі – күміс және біреуі – қола жүлде. Осы уақытқа дейін Азиядан 10 алтын және екі күміс медаль еншілепті.
Ұлы Абдулкәрім Қараман да бұл чемпионаттан қос алтын алыпты. Спортшы өз салмағында классикалық түрінен 190 келіні бағындырып, қара үзді. Ал, арнайы жабдықпен көтеру аталымы бойынша 245 келіні бағындырып, қарсыластарына мүмкіндік қалдырмады.
– Ұлым Абдулкәрім осы чемпионатта халықаралық төрешілер қауымдастығының қатарына еніп, төрешілік етті. Әрі өзі де сайысқа түсіп, қос алтынның иегері атанды. Абдулкәрім шетел жарыстарында 20 медаль еншілеген. Әлем біріншілігінен жеті алтын, жеті күміс алған. Ал, Азия біріншілігінен алты алтын таққан. Аталған чемпионат жоғары деңгейде өтті. Әлемдік аренада ел абыройын асқақтату – біз үшін үлкен мәртебе. Әлі де бағындырар белесіміз көп болғай, – дейді Дарибай Қараманұлы.
Айта кетейік, Ұлттық құрама спортшылары қос сайыста да жалпыкомандалық есепте көш бастады. Ал, ерлер арасында сынға түскен ақтаулық Асқар Шоқанов абсолюттік чемпион атанды.
Ербол ЕРБОЛАТ
Сурет спортшылардың жеке мұрағатынан