Әдебиет

“Зілге толы көптен жүрек…”

Зілге толы көптен жүрек,

Шаттығымнан басым қайғым.

Күйінішпен өткен жүдеп,

Қарақайыс – Қасымдаймын.

Жасырайын қалай ғана,

Зейнетімді бейнет ұтты.

Күңіренген Абайға да

Ұқсай қалам кейде тіпті.

Көңілді бір көтермей де,

Кеудемдегі күйім кеміп.

Сияқтанып кетем кейде

Мәдиімше құйын болып.

Махамбетше өз басымнан

Айрылып та қала жаздап…

Күйік таптым көз жасымнан,

Шабыт оты шала маздап.

Біріндей боп бақсыз жанның

Азынадым әр уақта.

Балқашымдай бапсыз қалдым,

Аралымдай аңырап та.

Қалжыратты салмақтылау,

Сан алуан ой тым мені.

Қабағыма саулап қырау,

Қалғып кеттім кей күндері…

Свет Оразаев.

Басқа материалдар

Back to top button