«Өзіңнен шықпай, өзегің майланбайды»
Ақтылы қой өргізіп, ақбас сиыр асырап, ағарғанын айырған қазақ осы күні шетелден келетін асыл тұқымды, «Абердин-ангус», «Симментал,» «Герефордты» өсіруге әуес. Себебі, мемлекет тарапынан төмен пайызбен несие беріп, сүбелі субсидия да қарастырылған. Кезінде одақты етпен қамтамасыз еткен ақбас сиырды өрістен некен-саяқ кездестіреміз. Жан-жақты қолдауға ие болып, қазақы түліктің орынын басқан асыл тұқымды ірі қара шын мәнісінде өнім көлемін арттырды ма?
Қарқаралы ауданында асыл тұқымды мал өсіретін 23 шаруашылық бар. Барлығы дерлік етті және сүтті бағыттағы. Облыс бойынша жүзден асса, еліміз бойынша мыңнан асып жығылады мұндай шаруашылықтар. Ғылым қарқынды дамыған тұста төрт түліктің де түрленуі – заңдылық. Кез келген өзгерісті уақыт талабы деп қабылдайтын бізге асыл тұқымды мал өсіру қиынға соққан жоқ. Мал басын көбейту үшін «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары қабылданып, төмен пайызбен несие де беріледі. Ұмтылыс көп, ұтылыс жоқ. Мәселен, «Ангус» сиырларының салмағы – 600 кг, бұқалары – 800 кг тартады екен. Осындай алыптан туған бұзаулары күн санап салмақ қосады. Шотландиядағы жергілікті сиырларды қолдан сұрыптау нәтижесінде пайда болған ангустің терісі қалың болғандықтан Қазақстан климаты қолайлы болып келеді. Жем-шөбі, суы мол болса, етті болады. Әрі еті мәрмәр тектес. Атына заты сай өнімнің бағасы да қымбат. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді, тек стейк ретінде қымбат мейрамханаларда ұсынылады. Ірі қалалар да жоғары сұранысқа ие. Етті бағыттағы «Герефорд» сиыры да Англиядан келген. Бағалы мал өнімінің бағасы да шырқап тұр. «Импортный» болып келген ірі қара экспортқа қолайлы. «Симментал» сиыры сүтті бағыттағы аналық мал басы. Пайдасы ұшан теңіз. Тәулігіне 20-30 литрге дейін, жылына 5 мың литр сүт береді. Майлылығы – 4 пайыздан жоғары.
– Ауылды жерде тұрғандықтан мал өсіреміз. Жыл бойғы күтіміне сай мол өнім алған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, қолда бар үш сиырымды асылтұқымды сүтті екі сиырға айырбастап алдым. Екі мезгіл сауамын, 30 литр сүт аламын. Оны ауылдағы сүт өңдеу кооперативіне тапсырамын. Ай соңында қомақты ақшамды алып, қажетіме жаратамын – дейді Матақ ауылының тұрғыны Ләззат апай. Ауыл тұрғыны үшін үлкен көмек. Дегенмен, осындай қаржының көзін табысқа айналдырған ауыл әйелдері құрт жайып, май шайқаудан қала ма деген күдік те жоқ емес.
Сайып келгенде, мал басын асылдандыру – көл-көсір пайда. Қажетіне жарата білген адамға. Үкімет қармақ берді, әрі қарай балықты аулау мен оны қазаныңда қуыру – өз қолыңда.
«КҮПІ КИГЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІН, ШЕКПЕН ЖАУЫП ӨЗІНЕ ҚАЙТАРАМЫН»
Өткен ғасырларда Ресей базарлары қазақтың даласында өскен сиыр етімен қамтамасыз етіліп отырғандығы туралы деректерді кездестіруге болады. Қазақ сиырларының салмағы мен сүттілігі өзінің құнын жоғалтқан емес. Осындай ерекше қасиеттерін назарға ала отырып, будандастыру арқылы асылтұқымды мал басын көбейткен. Жоғарыдағы «импортный» сиырлардың түпкі атасы – қазақы түлік. Ал, қазақтың төл түлігі саналған қазақтың ақбас сиырларының «симментал» мен «ангустан» қай жері кем?! Сиыр етін экспортқа шығаруда ұтамыз деген саясатпен сырт елдерден «кірме малдардың» келуі, ақбас сиырдың өрісін тарылтты. Яғни, кірме мал әспеттеліп, барлық мемлекеттік қолдау ресурстары осы бағытқа жұмылдырылды. Ақбас сиыр өнімділігі нашар мал ретінде танылып, «біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» болды.
АСЫЛ ТҰҚЫМНАН ХАЛЫҚҚА НЕ ҚАЙЫР?
Малды асылдандырудың басты мақсаты – өнім көлемін арттыру. Шын мәнісінде солай ма? Экспортқа ет тапсыруда шаруашылықтарды шарлап кететін жауапты мамандарды қалай түсінуге болады? Берілген мерзім ішінде тонналап ет тапсыру қызу әрі жауапты науқанға айналған. Ал, сүтті бағыттағы асылтұқымды малдан мол өнім алдық. Онда неге сүт өнімдерінің бағасы шырқап тұр? Дүкен сөрелеріндегі Ресейден келетін өнімдер мен отандық өнімдердің бағасы – бірдей. Арзаны жоқ. Қазақстаннан несие алып, Америкадан асыл тұқымды мал сатып алғандағы ұтқанымыз қайсы? Ата-бабаларымыз асырап, ұрпағына талғажау еткен түліктің құтын қашырмай, қайта қолға алсақ… «Еті мол» дегеннің етін татып көрмесек, «сүтті» дегеннің өнімі қымбат болса, асыл тұқымдыдан халыққа не қайыр? Түптеп келгенде «өзіңнен шықпай, өзегің майланбайды-ау».
Сағыныш ӘБІЛ.