Жаңалықтар

«ЖЖЖ» феномені

Жансая Жанғазыұлы Жарылғапов!

Иә, ол – құбылыс!

Өмірге құбылыс болып келген. Құбылыс қалпында ғұмыр кешіп келеді. Тағдыр соқпағындағы сүрлеуін пендешілікпен ластамай, алабажақ тірліктің алауына алаңдап, жалауына жанар қадамай-ақ, адами болмысына дақ түсірмей келе жатқан бір жан болса, ол – Жансая Жарылғапов.

Сурет автордан

…Біз өмір сүріп жүрміз ғой. Уақыт – жүйрік. Біздің буын да елу деген арғымаққа ер салып, еңку-еңку жер шалуға сапар бастады. Ақпанда талантты әнші Ержан Базарбеков, наурызда қаламы жорға журналист Болатбек Қауысов, маусымда айтыстың ақтаңгері Тілеген жырау, кеше таланты тағдырына дес бермеген Руслан Нұрбай құрдасым елудің ауылына қос тіккен. Бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жанғазыұлы құрдасымыз біз бой үйретіп қалған көшеге қоныс теуіп жатыр.

Маған екі көйлек, бір жейде тігуге болатындай матадан Жәкеме бір көйлек қана шығады-ау. Мейлінше кең пішілген сол етжеңді тұрпатына бар қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөз, жасаған қылық, нұр ойнаған жүзіндегі эмоциясына дейін жарасып тұратынын айтыңыз… Жасандылықтан ада, жағымпаздыққа жаны қас құрдасымның кейбір «қаламгерлердің» өзегіне шоқ болып түскен ғылыми пайымдары мен өткір пікірлері ғана бар. Әйтпесе, жер жаһандағы жеті миллиард пенденің ең сүйкімдісі ғой менің Жансая құрдасым!

Жалпы, Жансая екеуміздің мызғымас достығымыз бозбала шақтан басталған. Бала мұртымыз тебіндеп, қыз-қырқынға ұрын, балалыққа қырын қарай бастаған кезімізде қазақтың ақсүйек өнері айтыстың сахнасында табысқан екенбіз. Нақтысын айтқанда, осы жасымыздың отыз бесін жылында достықтың алтын бесігінде бірге тербеліп, қызық-шыжығымызды бірге өткізіп келеміз. Адал достыққа арқа сүйедік. Қуанышымызды бірге қызықтап, көңілің жұбаныш іздейтін жабырқау сәттерде бір-біріміздің жанымызға жалау бола білдік.

Әпсанамыздың өзінің сөзінен тарқатып, өз қалжыңымен өрбітпесек болар емес. Бірде жолаушылап келе жатқан Жәкең пойыздың үстінгі сөресінде жатып, қорылға басады ғой. Әлдебір жас ғалымның диссертациясынан шыққан, шаршаса керек. Құрқылтайдың ұясындай купені азан-қазан қылған Жәкеңнің қорылынан ұйықтай алмаған сапарласы амалы құрып, Жансаяны оятады.

– Аға, қорылыңыз қатты екен, қырыңыздан жатыңызшы, – деп өтініш жасайды сыпайы ғана. Сонда қалжыңынан жаңылып көрмеген Жәкең:

– Қарағым, менің қай жерімнен қыр көріп тұрсың? – деген екен.

Бірақ, Жансая достың тұрқында болмаған қыр қалпында мол. Әлгі «сегіз қырлы» деп жататын әмбебаптарыңызды сан орап алатын қыры бар. Сол қырларының қайсысынан бастарымды білмей, дағдарып отырғанымды қараңыз…

Ол – әуелі шешен. «Майдан қыл сырғандай» көсіле сөйлеп, шешіліп бергенде, асқар таудан сарқырай аққан кәусар бұлақтан су сіміргендей шөлің қанады-ау. Негізі, сұлу сөздің сөлі, мәнерлі тіркестің мәйегі Жансаяның қанында тулап, сүйегіне әбден сіңіп алған. Арғы аталарын қайдам, берідегі Жарылғап атасы суырып-салма ақындығымен аңызға айналып, айтқыштығымен айналасына ауыз аштырмаған екен. Кезінде Маясар ақынмен сөз сайысына түскен сүлейдің өзі болыпты. Ал, туған әкесі Жанғазы марқұмның «Деген екен» айдарымен айтылып жүрген әңгімесі – бір кітапқа жүк боларлық. «Жарылғап былай деген екен» деген әңгіменің желісі үзілмей, әкесі Жанғазы марқұмға дарып, одан Жансаяны жатырқамай қона салғаны бұл әулеттің асыл тегіне дәлел болып тұрған жоқ па?!

Екеуміз студенттік жылдардың алғашқы екі жылында бір бөлмеде тұрдық. Жасыратыны жоқ, мен серілеу едім. Жәкең болса, жастанып жатып Әуезов пен Әбішті оқиды. Мұхтар Мағауинді талдайды. Дулат Исабековтің «Қарғынын» қадала оқып, Сайын Мұратбековтің «Жусан исінің» жұпарын жұтады. Кітап алатын жері – ұстазымыз, белгілі ғалым Мәуен Хамзиннің жеке кітапханасы. Содан Мәуен аға әр сабағында Жансаяны мақтайды-ай келіп… Достығымыздың адалдығы шығар, сол кезде де кеудемізде қызғаныш деген қызыл ит қыңсыламапты…

Ол әуелі айтыс өнерімен танылған. Айтары бар, ойы ұшқыр, мақамы әуезді, сүйкімі бөлек ақын болатын. Атасы Жарылғап Маясар ақынмен айтысса, Жансая Маясардың немересі Боранбаймен сайысқа түскен. Ғылымға бет бұрғалы айтысты қойып кетті.

Мәнері ғажап әнші еді. Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын» шиырғанда, өзінің де асығы алшысынан түсіп, ширығып қоя беруші еді. Әнді де ерте доғарды. Кім білсін, Жансая «Алтын домбыраның» соңында айтыс қуалап, ән әлемінде жүрсе, қазақ ғылымына Жарылғапов салған бүгінгі олжа осынша орасан болмас та еді…

Ғылымның әдебиет теориясы, әдебиеттану секілді салаларына тың серпін, тыңғылықты ізденіспен келіп, оқшау ой, ордалы пікірімен қазақ қаламгерлерінің біразын Жарылғаповтан жасқанатындай деңгейге жеткізген теорияның тарланы екенін біз жазбай-ақ қойдық. Өйткені, Жәкеңнің ғалымдығын көзі тірі классик Мұхтар Мағауин мойындап, академиктер Тұрсынбек Кәкішев пен Рымғали Нұрғали бағасын да, батасын да беріп кеткен. Бойына ұлылардан ұлағат дарып, қазіргі әдебиеттану ғылымының көшбасшысына айналған көшелі ғалым, көрнекті тұлғадан досым, құрдасым бар мен – бақыттымын! Ғылымдағы ғибратты жолына кеңірек тоқталып, кемел ой айтуға болар еді… Сағымбай әріптесі терең толғап тастаған екен. Мен досымның туған ауылына сапарлайын.

…Руханият көшіне жаһандану жай ойнатып, өркениет иігілігі қосылғалы ұлттық құндылығымыздың біршамасынан алшақтап бара жатқанымыз да жасырын емес. Ал, Жансая туған Жаңаарқаның ең шалғайдағы ауылы Ақтаудың маңдайдағы бағы – өркениеттен жырақта жатқандығы. Замана көшінен, уақыт диірменінен аларын алмаса да, Ақтау ауылы – қазаққа берерін берген құтты мекен. Алаштың абызы Ақселеудің алтын бесігі, қалам қайраткері Алдан Смайылдың, ұлттық прозаны төрге оздырған Төкен Әлжанның атамекені, айтыс өнерінің ақберені, ғалым Қойлыбай Асанның кіндік қаны тамған мекен.

Ақтауға жолыңыз түссе, ордалы Отаутасқа барар едіңіз. Сырбаз Сымтас көзіңізге шалынар еді. Тасқоралыға тамсанып, қазақтың соңғы ханы Кенесарының бекінісін аралар едіңіз. Қосағалыға қос тігіп, сұлудың жон арқасына білектей етіп өріп тастаған жалғыз бұрымдай болып сылаңдай аққан Атасу өзеніне шомылар едіңіз.

Ғалым Жансаяның бүкіл болмысын осы туған жерінен тануға болар. Отаутасқа барсаңыз, ол да – Жансаяның кең пішілген бітімі. Тек Сымтасқа ұқсамайтыны болмаса, Атасу өзенінің тұнықтығы Жансаяның жан дүниесін көз алдыңызға алып келеді. Анау хан Кененің бекінісіне барыңыз, ұлт руханиятының бүгінгі бекінісіндей болған Жансая Жанғазыұлының бекзат болмысын көресіз. Дарат тауындай дара болмысты ғалымның ғибратты жолы осындай қастерлі мекеннен бастау алған.

…Биыл Жансая мен Айзаттың «мың қарғасы» Елнар үйленіп, отау құрды. Алуадай аруды академиктер елі Баянауылдан алдық. Келініміздің ұзату тойында айтқан екі ауыз лепесімде «Академиктер ауылымен жекжат болып жатырмыз. Бүгінгі профессор құдаларыңыз Жансаяға да академик болуды жазсын» деген тілек айтқан едім.

Иә, алдағы алпысыңда «Академик Жансая Жарылғапов» деп сөз сабақтауды аманаттадым қаламыма.

Аман бол, алтын дос, алпауыт құрдас!

«ЖЖЖ» феноменінің отандық ғылымға салар олжасы еселене бергей!

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button