Бұқар жырау ауданында «Жырмен өрілген өнеге» кітабының тұсаукесері өтті
Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде биыл туғанына 130 жыл толған жерлес ақындары Жүнісбек Жолдиновке арналған «Ақын да халық сүйген ер емес пе?!» атты ән-жыр кеші мен оның жаңадан жарыққа шыққан «Жырмен өрілген өнеге» кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл шараны аудандық орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырып, оның сценарийі мен кітаптың алғысөзін аталған кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарова жазып, оны бастан-аяқ жүргізді. Бұған дейін есімі ескерусіз қалған академик Арықтай Қайыпов, Кемпірбай ақын сияқты қаншама тұлғалардың аттарын қайта тірілтіп, бұқаржыраулықтарға танытуда Майгүл қарындасымыздың еңбегі зор екенін айту керек.
Сол күні Жүнісбек ақынның ән-жыр кешіне жиналған жұрт Мәдениет үйінің фойесінде оның өмірі мен шығармашылығы туралы «Ақын болсаң, артыңда сөз қалады..» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесімен және өмір сәттері бейнеленген фотогалереямен танысып, жаңа кітапты ақын ұрпақтарының қолтаңбасымен алып жатты.
Ән-жыр кешін Майгүл Асқарова Қуаныш Құрманбаевтың сөзіне жазылған Бауыржан Есебаевтың «Ел аман болсын!» әнін айтып ашып, Мәдениет үйінің қызметкері Айбар Жаңбырбаев Жүнісбек ақын бейнесінде домбырамен оның «Өмір» деген өлеңін толғады. Мұнда бала Жүнісбектің жасында көрген жетімдік тақсыреті мен есею жылдары суреттелген. Келесі «Ақын» өлеңі жастарға өсиет-кеңес түрінде айтылып, «Еліне өлең-жырын сыйға тартқан Ақын да халық сүйген ер емес пе?!» деген жолдармен аяқталады. Міне, осының соңғы жолы кештің арқауы етіп алынған екен.
Бұқар жырау ауданының Қотыр Қызылтау дейтін жерінде дүниеге келіп, 85 жыл өмір сүрген ақын бүгінгі ұрпағына баба есепті.
Біздің білетініміздей, суырыпсалма халық ақыны Жүнісбек Жолдиновтің «Ойлар» және «Өрендерге өнеге» жыр кітаптары 1966, 1969 жылдары «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Енді осы жолы оның туған немересі, Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Жанар Тұрлыбекқызы бұрын жарияланбаған бірқатар өлеңдері мен дастандарын жинастырып, «Жырмен өрілген өнеге» кітабын 100 данамен бастырып шығарған көрінеді. Сол жаңа жинақтың тұсаукесерін Жанармен бірге әкесі Тұрлыбек Жүнісбекұлы, Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли мен ардагер ұстаз Мақсұтхан Ақышев жасап, құттықтау лебіздерін білдірді. Асхат Сағадиұлы аудан халқы атынан Тұрлыбекке шапан жауып, Жанарға камзол кигізді.
Кезінде газетімізде жарияланған «Жүнісбек ақын жұртының жадында ма?» деген мақаламызда оның Бұқар жырау мен көршілес Павлодар облысының Баянауыл ауданына да ортақ перзент екенін жазғанбыз. Өйткені ол туған жер патша заманында бұрынғы Баянауыл сыртқы округінің Ақкелін болысына қарап, өзі де біраз уақыт сол Баянауыл ауданындағы Қаныш Сәтбаев атындағы кеңшардың бөлімшесі Теңдік (қазір Мұса Шорманұлы ауылы – автор) ауылында отбасымен тұрған. Сол себептен Жүнісбек ақынның мерейтойына он шақты баянауылдық келіп, осылардың арасынан Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Нескен Мәлікқызы тебірене сөйлеп, өзінің естелігімен бөлісті: – Біз ақын Жүнісбек атамызбен Теңдік ауылында көрші тұрдық. Мен ол кезде клуб меңгерушісі едім. Аудан, облыс көлемінде бір мәдени шара өтсе, оған қолқа салсам, өтінішімді жерге тастамай, барған жерін өлең-жырымен қарық қылатын.
Жүнісбек Жолдинов сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі болғаны көпке мәлім. Ол суырыпсалма ақындығымен қоса өз өлеңдеріне ән жазған сазгер, ауруларды емдеген тәуіп, асқан биші де болған. Халқымыздың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков «Уақыт керуені» атты кітабында Алматыдағы бір үйлену тойында Жүнісбек қарттың қыран құстың жемін ілген қимылын айнытпай келтіріп, жастармен қосыла билегенін сүйсіне жазып, онымен танысып, қазақтың беймәлім билерінің оқиға желісінен, қозғалыс тәсілдерінен көп мағлұмат алғанын айтады. Осы орайда Саран қаласындағы Балалар өнер мектебінің хореография пәнінің мұғалімдері Асылбек Санархан мен Мөлдіржан Темірбек орындаған қазақтың буын биі өте орынды болды.
Соңынан Жүнісбек жұрағаттары ақын атасына «Аққу» мейрамханасында ас беріп, дұға бағыштады.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы