Руханият

Ақын Салтанат Смағұлтегінің «Өлеңге қарап тұр күнім…» атты оқырманмен кездесу кеші өтті

Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Салтанат Смағұлтегінің «Өлеңге қарап тұр күнім…» атты оқырманмен кездесу кеші өтті. Ақынның мерейлі сәтінде мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген «Күз күмбірі» кітабы таныстырылды.

Сурет автордан

– Жүрегімнің назарын адамның көңіл күйіне бұрамын. Өйткені, әр адам – жеке бір ғалам. Сол ғаламның тылсымына үңіліп, оның ғажабын да, азабын да сөзбен суреттегім келеді. Адамның сөзіне, көзіне қарап, жан толқынысын сезінемін. Сезінген сәтте ғана шынайы өлеңнің оты тұтанады жүрегімде. Сол себепті де, әр өлеңіме бір әлем деп қараймын, – деді Салтанат Смағұлтегі.

Ақын Серғазы Қабылдаұлы мен облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай бастаған бір топ мейман ортаға шығып, Салтанат Смағұлтегінің шығармашылығы турасында пікірлерін айтып, лебіздерін жеткізді.

– Салтанаттың шығармашылығын жоғары бағалаймын! Мамандығы – психолог. Қаламгер атаулы адамның жанына үңілгісі келіп жүреді. Адамның жанына зерттеуге ақындық қасиет көмектеседі. Ал, Салтанатта қасиет те, кәсіби білім де бар. Оның өлеңдері сонысымен де селт еткізеді деп ойлаймын. Отбасына амандық, деніне саулық, шығармашылығына қуат һәм шуақ тілеймін, – деді Руслан Нұрбай.

Кеш соңында Салтанат Смағұлтегі университет қабырғасында оқып жүрген жас ақындарды ортаға шығарып, өлең оқытты. Осылайша жас шайырларға оқырмандарының алдында жарқ етуге септігін тигізді.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button