Ресми

Жыр болған жел диірмені

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасының мақсаты – адамдарға қолайлы орта қалыптастыра отырып, экологияны жақсарту. Қарқаралы ауданында осыдан алты жыл бұрын қолға алынған жел электр станциясының да діттегені осы болатын. Дегенмен, арада осынша уақыт өтсе де қарқаралылықтарды қарық қылған электр станциясын көрмедік. Араға жыл салып аракідік жоба өкілдері ауданға ат басын бұрып, станцияның құрылысын сағызша созып келеді. Олар биыл тағы келді, жобаны іске асырамыз деп…

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 2017 жылғы №86 санында «Қарқаралы қаласында жел электр станциясының алғашқы іргетасы қаланды. Қайта қалпына келтірілетін энергия көзін беретін жоба ауқымды. …Жобаны жүзеге асыруды бірлесе қолға алған «Шаңырақ – 21» және германиялық «United Energies AG» ЖШС 2018 жылдың төртінші тоқсанында станцияны толығымен іске қосады» деп сүйіншілеп жазған болатынбыз.

Алайда, орны белгіленіп, қазығы қағылғанымен, құрылысы басталмады. Бес жыл ішінде екі рет жалға алған жердің мерзімін ұзартты.

Кешенді жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының бағдарламасы негізінде жоспарланып, инвестор «Шаңырақ – 21» ЖШС болды. Құны – 82 млн. евро. 10 жылдан аса шетелдік және отандық ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде желдің атласы, күші мен бағыты, ауаның температурасы, қысымын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аудан аумағынан, қалаға іргелес «Майор» тауынан 280,0 га жер учаскесі берілді. Ауданды баламалы табиғи электр энергиясымен қамтамасыз етумен қатар, мамандарды оқыту, баспанамен қамтамасыз ету, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде білім беру нысандарын да салу жоспарда болған-тын әу баста. Араға жыл аралатып, бір соғып, «әне-міне құрылысты бастаймыз» деп жүрген инвестормен хабарластық.

– Жоба құрылысының тоқтап қалуына әлемдегі пандемия, еліміздегі сатып алу заңнамаларға енгізілген өзгерістер әрі біздің серіктесіміз германиялық «United Energies AG» ЖШС-мен арадағы түрлі жағдайлардың әсері болды. Бірақ, біз жобаны іске асырудан бас тартып отырған жоқпыз. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін Қарқаралы қаласына барып құжаттарды реттеудеміз. «Қарағанды Жарық» мекемесімен келіссөздер жүріп жатыр. Егер оңынан шешілсе, құрылысты биыл бастап, сегіз айдың ішінде аяқтауды мақсат етіп отырмыз, – дейді «Шаңырақ – 21» ЖШС-нің коммерциялық директоры, құрылтайшының орынбасары Нұркен Садуақасов.

Орынбасарының берген жауабынан кейін іле-шала «Шаңырақ – 21» ЖШС-нің басшысы Мұрат Доштаев мырза да хабарласты. «Серіктестік 2014 жылы аталмыш жобаның негізінде құрылған. Жобаны іске асыруда түрлі жағдайлар орын алып, кедергі келтірді. Пандемия аяқталғаннан кейін жобаны қайта қолға алдық. Жерді жалға алу мерзімін тағы екі жылға ұзарттық. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыруда мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Атап айтқанда, кедендік төлем, тағы басқа да салықтардан он жылға дейін толығымен босатылған. Жел электр паркін іске қосуға кеткен қаражаттың 30 пайызға дейінгі мөлшерін мемлекеттің субсидиялайтыны тағы бар.

Құрылыс алаңына баратын жол салынды. Біздің компанияның бүгінгі күнге дейінгі шығыны 370 млн. теңгені құрап отыр. Қала басында балабақша салу да жоспарымызда айтылған еді, жоба құрылысы басталған соң, көмегіміз тиеді», – деді.

Егер жоба жүзеге асатын болса, 15 адамды мамандыққа оқытып, жұмыспен қамтымақ. Станция жұмысы автоматтандырылғандықтан, тәулік бойы жұмыс жасайды. Сол себепті құрылыс алаңында жұмыскерлерге арналған орын болады. Егер жоба іске қосылатын болса, аукционда анықталған бағамен «Шаңырақ – 21» ЖШС жеткізуші ретінде өндірілген өнімді «KEGOC» компаниясына сатады. Содан кейін барып қана, электр қуатына төлем бекітіледі. Станцияның қуаты сағатына – 62 МВт. Станция басынан қала басындағы КРЭК мекемесінің подстанциясына дейін 22 шақырым жерге бағандар қойылып, желі тартылады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

– «Шаңырақ – 21» ЖШС басшылары аудан әкімінің қабылдауында болды. Экономикалық жағдай, әлемдік пандемияға байланысты Германиядағы инвесторларымен байланысты үзгендіктерін жеткізді. Олар берілген учаскеде бірқатар жұмыстар атқарған. Ауыр жүк көліктеріне арналған І санатты жолды салып қойды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Әділжан Арғынов.

Қашпаған сиырдың уызынан дәмелі болғысы келмеді ме, аудан әкімінің орынбасары қысқа қайырды.

Осылайша, екі жақтың пікірі бір арнаға тоғысқандай. Жоба 2017 жылы жүзеге асуы керек еді, ал, пандемия 2020 жылы наурызда басталды. Сыныққа сылтау көп.

… Жобаға жауапты серіктестік «Күлтөбенің басында» күнде жиын өткізіп жүргенде, Қарқаралы ауданының әкімі үш рет ауысып үлгерді.

Сағыныш ӘБІЛ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button