АймақБалқаш

«Жыр» болған автобус

Бір ай бұрын Балқаш қаласына жаңа автобустар келген болатын. Сатып алынған 22 автобус әлі күнге дейін тұрақта қаңтар­ылып тұр. Тасымал көліктерінің іске кірісер түрі жоқ. Қала тұрғындары ескі автобуспен қатынауға мәжбүр. Су жаңа техниканың біреуін де мініп көрмеген жергілікті халық шағым айтып, наразылықтарын білдіруде. «Экспонатқа» айналған автобустар мәселесінің мән-жайын анықтап көрдік.

Сурет: ekaraganda.kz сайтынан

Жауапты мекеме мамандардың мәлімдеуінше, балқаштықтар көптен күткен жаңа автобустар мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алып, жолаушыларды тасуға дайын-ақ тұр. Алайда, екі тарап субсидия мәселесіне келісе алмауда. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Орталық Транс Сервис» ЖШС-не 2024 жылға арналған жолаушылар тасымалына 1 миллиард 100 миллион теңге көлемінде субсидия бөлу туралы шешімді ұсынуы тиіс болған. Тоқсандық сома шамамен 300 миллион теңгені құрайды. Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әнуар Сәмиевтің айтуынша, шығынын төлейтін белгілі бір есептеулер бекітілген. Бухгалтерлік және техникалық шығындары туралы деректер негізінде құжаттар ұсынылған. Бірақ, тасымалдау­шы тарап одан да көп қаражатқа сұраныс жасаған.

– Бұл жерде біз заңға жүгінуіміздің маңыздылығын атап өтуіміз керек. Қазіргі тасымалдаушының айтып отырған сомасы миллиардқа тең. Шағын қала мұндай шығынды көтере алмайды. Тіпті, авиакомпаниялар үшін мұндай субсидия жоқ. Біз мұндай үлкен қаражатқа келісім бермегеннен кейін тасымалдаушы мекеме жаңа автобустарды қолданысқа шығармай отыр. Өткен жылы есеп бойынша қаладағы 13 бағыт бойынша жалпы тасымал 350 миллион теңгені құраған. 11 бағыты бойынша шығын 280 миллион теңге көлемінде болды. Жылдағы кесте бойынша бізге бюджеттен қаржы бөлініп, арамызда келісім жасалған еді, – дейді Әнуар Сәмиев.

Ал, «Орталық Транс Сервис» ЖШС алған беттерінен қайтар емес. Олар есептеулерінде негіз барлығын және сұралған қаражат толығымен дұрыс есептеліп, жоба ұсынылғандығын айтады.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі атынан қалалық әкімдік бізбен құжатта көрсетілген субсидиялау шартына қол қоюдан бас тартуда. Қалаға жаңа автобустарды әкелуге біздің компания бастама болған еді. Қолымызда бұл келісімшарттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде бірнеше данасы бар. Мөрленген құжат өзіміздің қолымызда тұр. Сыйымдылығы үлкен автобустар Балқаштың климатына сәйкес келеді. Отандық өнім. Біздің талабымызға сәйкес автобусты мейлінше жолаушыларға ыңғайлы етіп жасаған. Заманауи үлгідегі ұзындығы 10,5 метр болатын іші кең өте қолайлы. Сонымен қатар, қыс айларында автобус ішін жылыту үшін пештер саны көбейтілген. Балалы жолаушылар мен мүгедек адамдарға  арнайы орындар бар. Олар басқа орындарға қарағанда ерекшеленіп тұрады. Жаз айларында қапырық ыстықты басатын кондиционері, камерасы бар, – дейді «Орталық Транс Сервис» ЖШС бас инженері Алексей Макаров.

Айта кетейік, қазір қалаішілік жолаушыларды 25 автобус тасымалдауда. Жұртшылыққа шағын және тозығы жетіп, жұрттың наразылығын тудырған ескі қоғамдық көліктерді жаңадан алынған 22 автобус алмастырады деген үміті су сепкендей басылды. Субсидия мәселесі шешілмейінше, жаңа автобустар жолға шықпайтын түрі бар. Жаңа автобустардың мәселесі қашан шешілетіні әзірге белгісіз. Оған дейін балқаштықтар ескі, тар автобус­тарда жүре тұруына тура келеді.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button