Бас тақырыпЖаңалықтарРуханият

Жыр бәйгесінде дара келді

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Elorda Aqparat» ЖШС ұйымдастырған «Тәуелсіздік және елорда» атты жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетіп, әріптесіміз, белгілі ақын Ілияс Мұқай жүлделі І орынмен марапатталды.

Жыр сайысының мақсаты – тәу етер тәуелсіздігімізді, егемендік бойтұмары – Астананы жырға қосу. Мұнымен бірге, желтоқсан айында тәуелсіздік бастауы – Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл толып отыр. Ұйымдастырушылар осы мүшәйра арқылы Алаш қайраткерлерінің еңбегін және Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ерлігін еске алып, тәуелсіздікке тағзым етуді көздеді.

Жыр додасы қараша айының басында жарияланып, өлеңдер бір айдан астам уақыт бойы қабылданды. Елімізге белгілі жазушылар мен ақындардан құралған қазылар алқасы келіп түскен туындыларды сарапқа салып, шешімін шығарды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ақындар мүшәйраның қорытынды кешінде марапатталды. Әдеби-сазды кеш форматында өткен жүлделерді тапсыру салтанатына Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, астаналық зиялылар, өлеңсүйер қауым қатысты.

103-ке жуық ақын қатысқан жыр додасының шарты бойынша топ жарған төрт ақынға жүлде берілді. Олар:

І орын – Ілияс Мұқай (Қарағанды);

ІІ орын – Аршын Нұрбақыт (Алматы);

ІІІ орын – Қарлығаш Қашқынбай (Павлодар),

Айдын Байыс (Астана).

ІЖыр бәйгесінен үздік келген әріптесімізді еншілеген жүлдесімен құттықтай отырып, қаламына қуат тілейміз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ. 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button