Жыр алыбы
Ақындық талант тұншықтырылып, жойылуға айналғанда дүр сілкініп, қолына домбыра ұстаған Жамбыл ЖАБАЕВТЫ тарих жоққа шығармайды. Өйткені, ол ақындық өнерді сән үшін емес, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау үшін пайдаланды. Жыр алыбы қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең мен сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы.
Зерттеушілердің айтуынша, Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар – үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ екен. Ал, негізінде жас ақынның алғашқы өлеңдері Жетісу бойына атағы жайылған Сүйінбайға қатты ұнаған. Содан бастап, шәкірт етіп, ақынға ақыл қосып, өнерді сүйе білуге баулыған. Әділдікті жырлауға үндеген. Осыдан кейін Жамбыл ақын өзінің өлең шығару шеберлігін де, айтыстағы шеберлігін де арттыра түскен. Сол замандарда жалшылықпен жан баққан жандардың тағдырына алаңдап, Жамбыл: «Қайтіп жаның ашымас, Неткен заман қатыбас? Еткен еңбек, төккен тер, Қалай түкке татымас?», – деп әлсіздерге араша болды.
Жамбылдың айналасындағылар әндерді, күйлерді, импровизация мен жыраулық өнерді жоғары бағалады. Жазушы Мұхтар Әуезов бұған жете тоқталған. «ХІХ ғасырдан бастап қазақ халқында ерекше дамуға ие болған импровизация өнері Қазақстанның барлық жерлерінде көлеңкеде қала бастады, бірақ, Жетісуда, оңтүстік өңірлерде өркендей бастады. Біріншіден, оңтүстік аймақтардан бұрын басқа аймақтарды қамтыған отарлау саясаты өнер дәстүрлерінде өзіндік із қалдырды. Жетісу маңы осы жағымсыз әсерден алшақ тұрды. Екіншіден, импровизация өнерінің осы өңірлерде ежелден қалыптасқан дәстүрлері ХІХ ғасырдан кейін ерекше дамуға ие болды» деп баға берген екен ұлы жазушы. Расымен жыр алыбының айтыстағы бір ерекшелігі ат сүрінгенше сөз табатындығы және ақындық өнерін тиісті бағытта кеңінен пайдалана білгендігі анық аңғарылып тұрады. Айтыста алдаспандай жарқылдаған ақынның 1881 жылы Құлманбетпен айтысы көпшілік көңілінің пернесін тап басқандай еді. Көбіне айтыстарда рулы елдің намысын қорғағанымен адамдық қасиет, өнегелі өсиет Жамбыл ақынның өлеңінде көптеп кездеседі. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт», – деп сөзімен төпелейді Жамбыл ақын. Сонымен қатар, сол тұстағы байлардың әлсіздерді жәбірлеуі надандық екендігін ашық айтады.
– Уа, Құлманбет, сөз тыңда, Байларым деп салмақтап, Не қыласың құр мақтап, Өңкей ақымақ есекті! Елдің сиқын кетірген, Кәсіп қып өтірік-өсекті, – деп қарны жуан байларға лағнет айтады. Ақынның сатиралық өлеңдері де, оқырманға ой салды. Оның «Мәңке туралы» деген бір болыс жөніндегі сатиралық өлеңінен анық көруге болады.
– Заңғойдың болысы пысық келеді, Мұрындары пұшық келеді. Екі арада ептеп жерінде, Көздерін қысып келеді, Сөздерін ұзарта келеді, Өңешін қызарта келеді, – деген мысқылға толы ақынның сатирасы ұстарадай өткір екендігін аңғарамыз.
Ақынның «Көрғұлы», «Ерназар-Бекет», «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы», «Тезекбай мен Сүйінбай», «Жамбыл мен Құлмамбет айтысы», «Абылай ханның Бұқар жырау мен үш жүздің арасын аралағаны», «Шежірелер», «Әр түрлі термелер» атты шығармалары көңілімізге қонып, жүрегімізді тербеді. Жалпы, Жамбыл жайлы мәліметті 1925 жылы «Терме» журналы альманағына Шамғали Сарыбаев берген. Осы мәліметтер негізінде 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жамбыл ақын фольклорды көп біледі» атты мақала жариялады. Біз мұны да оқи отырып, Ұлы даланың жыршысы екенін, шындықты замана болмысын жасырмай суреттегенін, өзінің өкініші мен күйінішін жырлағандығын зерделейміз. Кейбір деректерге жүгінсек, 1936-1945 жылдар аралығында жарияланған өлеңдері көлем жағынан 13 мың тармақтан асады. Ол ерекше ынта-жігермен ел өміріндегі жетістіктер мен жаңалықтарды, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халықтың жеңісі мен ерлігін ерекше жеткізді. Бұл жөнінде талай қаламгер жазған болатын. Сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин: «Жамбылдың өлеңдері теңіз түбінде жатқан інжу-маржандай. Оларды жинап, халыққа тапсыру әрқайсымыздың азаматтық парызымыз, – деген екен.
Расымен де, Жамбыл – поэзияның сарқылмас қайнар көзі, мәңгілік құндылық. Ақын мұралары қазақ өнерінің барлық түрлері мен жанрларында көрініс тапты. Ол халықтың ұлттық рухын жоғары көтерген ұлы тұлға ретінде танымал болды. Тарланбоздың туындылары әрдайым халықпен бірге жасай бермек.
Нұрдос КӘРІМ.