Жаңалықтар

Жымиып еске аламыз жылы жүзін

1 сәуір – Күлкі күнінде «Орталықтың» оқырмандары екі талантты сатирикті сағына еске алып, газет бетінен жазбаларын іздейді.

Бірі – «Орталықтың» өз түлегі, «Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған жабық бәйгенің Оспанхан Әубәкіров атындағы сыйлығының иегері Базарбай Әлеуханұлы, екіншісі – сатирик, ұстаз Мартбек Тоқмырза. Екеуі де тіршіліктегі серуенін доғарып, мәңгілік мекеніне аттанған.

Бүгін Күлкі күніне орай әзірленген әзіл-оспақ отауында Базарбай ағаның екі әңгімесін жариялағанды жөн көрдік. Марқұмның жылы жүзін жымиып еске алайық…

РЕДАКЦИЯДАН.

Сурет: сайт мұрағатынан

Қара қоян келеді

Он бір жыл өтіп барады, қояндардың қырылысып жатқанына. Бұлар да бірнеше жүзге, түрге бөлінеді екен. Сұр қояндар сұңқылдап жатыр: «Келер жылды өзіміз басқарамыз. Қанымыз таза. Жанымыз таза. Адамнан бұрын жаратылғанбыз», – деп.

Ақ қояндар да қатты кетіп отыр: «Біздің жолымыз. Жан-жануарға біздей аңқылдаған адал, жайлы жыл болған емес», – деп.

Мұндай саяси тартыстардан көпшілік біле қоймайтын алапес қояндар, қызыл көз қояндар, қайқы бас қояндар және тағы басқалары да шет қалған жоқ. Олар сұр қояндарды да, ақ қояндарды да жетпіс жеті атасынан боқтап, өздерін ұсынып жатты. «Боқтау туралы шу шықса, кешірім сұрай саламыз ғой», – дейтін көрінеді. Бабаларының бірнеше рет жұт әкелгені, қырғын әкелгені естерінде жоқ.

Бұл әңгіме үй қояндары – кроликтердің де мазасын алып бітті. Ағайындардан келіп-кетіп жатқан жансыздар: «Кімді қолдайсыңдар? Ашығын айтыңдар!», – деп, зірк-зірк етеді. Зәресі ұшқан кроликтер адамдардан көргенін істеп, күнде төрт-бес рет жиналыс өткізеді. Қолдан келгенше бір-бірінің миын жейді. Өздері әбден қажыды. Көздері алақандай болып жүдеп кетті. Құлақтары ұзарып жерге жетті. Биттері торғайдай болып, түнімен тыр-тыр қасынатын болды.

Бір күні осы қораның құты, махаббаттан басқаны білмейтін, айқай-шуға қатыса қоймайтын егде кролик сөз сұрады.

– Қожайыны бар жануарлар саясатпен айналыспауы керек, – деді ол. – Тірлікті өзгерту оңай емес. Даурығып жүргендердің қайсысы жеңсе, соны қолдай салармыз…

Айтпағымыз – кешеден бері қояндар әлемі үнсіз қалды. Жансыздардың сөзіне қарағанда, көпке беймәлім Қара Қоян деген ноян келе жатыр екен. Өзі будан екен. Бойында бар қоянның қаны бар. Жолшыбай соққан ағайындары бірдеңе деген екен, «Қояншығым ұстамай тұрғанда, құйрықтарыңды қысыңдар!», – депті. Депті де, келесі жылы қанша алаяқ миллиардер болатынын, қанша жемқор ұсталатынын, қаншасы құтылып кететінін, қанша депутат пен министрдің орнынан ұшып кететінін, жаңадан салынған қанша тұрғын үйлер мен мектептердің және түрлі ғимараттардың жантая бастайтынын және қанша тұралап біткен жылу электр орталықтарының бір теңгеге мемлекетке қайтарылатынын сарт-сұрт айтып тастапты.

«Келер жылы сәбізден басқа тамақ жеуге болмайды. Менің штаб-пәтерім орналасатын жерде бір ел бар екен, билігінің мінезі кроликтерге ұқсайтын, соларға ғана ет жеуге рұқсат. Әйтпесе, аяқ астынан жүректері көтеріліп кетуі мүмкін», – деп бірінші бұйрығын жазып та тастапты.

Жансыздардың ақпаратына сүйенсек, тағы бірнеше бұйрықтың жобасы дайын екен. Соның бірі – «Кірмелер туралы. Аузына келгенін оттайтындар он жылға жер аударылады немесе сотталады».

Бір жерде сәбіз шырынына қызара бөртіп отырып: «Соғысқұмарлар өкінеді!», – депті. Өзі тек мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілде жазады екен.

Қысқасы, Қара Қоян келе жатыр. Жандайшаптарының айтысына қарағанда, Наурыз мейрамынан кейін жететін сияқты. «Түк өндірісі болмаса да, саяси жиналыстары көп ел екен. Соларын бітіріп алсын», – депті…

Штаттан тыс шпион

Ауыл дүкеншісінің үйінде отырмыз. Бұрынғы клуб қой, сатылып кеткен.

Бұ жолғы қонақтар ғалымдар екен. Бәрі – доктор, профессор. Ауру туралы ағызып ала жөнелдік.

– Өлуге жақынбыз, – деп бастады сөзін ауылымыздың ақсақалы Аудекең айқайға басып. – Ішім жүрмейді. Көксау­мын. Аяғымды зорға басам. Құлақтың біткеніне 20 жыл. Тегін тарататын дәрілерің бар ма?

Асаба бұ шалдың 90-нан асып кеткенін хабарлады. Сүйінші сұрағандай көтеріңкі леппен. Жұрт жадырап, ыржалаңдап қалды.

Екін­­ші ақсақалымыз, 80-дегі Егінбай шал да осы сөзді қайталады. Айырма­шы­лығы, бұның іші тоқтамайды екен. Дү­кенші келін шыр-пыр болды.

– Балдарын шақырыңдар! Алып кетсін. Бүлдірмей тұрғанда. Әйтпесе, тамақ бермеймін!

Асаба мәз. «Пәлен жыл партия-сәвет қызметкері болған қайынағаңыздың астын бір сүртсеңіз ештеңе етпес», – дейді. Қонақтар да күліп жатыр.

– Тізе ауыстыратындарың бар ма?

– Тіс деген бітті. Протез салатындарың бар ма? Насыбай атудан қалдық.

– Көзді жөндеуге қалайсыңдар?

Осы кезде әкім бала келіп, бұл кісілердің тарих ғылымының докторлары екенін хабарлады. Ауылдың жалғыз оппозиционері Темірбай мектептің тарихшылары мен әкімдік аппаратын емдеп кету туралы ұсыныс енгізді.

– Бәрібір доғдыр екенсіздер ғой. Бұл ауыл Қазақстанның өз еркімен Ресейге қосылған күнінен бастап, әлі күнге дейін пионер, комсомол күндерін тойлайды. 9-шы мамырда ауылдың кәрі-жасы екіге бөлініп рогаткімен атысады. Кемпір-шал «нарком» арағына тойып алып, түнімен жатпайды. Қызыл әскер күнін, милитса күнін атап өтеді. 7 ноябрь күні ата-бабасы тіріліп келгендей жатып ішеді. Менен басқалары… Әсіресе, пионерлер күні ауылдың шетіне алаулатып от жағып, түнімен айнала билейді. Ағаш керек болып, өткенде Қарғабайдың атшанасын, арбасымен қоса отқа тастапты.

Кейінгі кездері Валентин деген қуды іздеп жылап-сықтап жүргендері. Әсіресе, қыз-келіншектер.

«Хейлуен» деген той сәтті жалғасуда. Сол күндері жын-шайтанның маскілерін киіп алып, түнімен елдің есін тандырады. Кемі екі шалдың немесе бір кемпірдің жүректері жарылып өледі. Кереңдер мен соқырлар ғана тірі жүр. Ұлттық тәрбие қайда?! Онсыз да отыз жылымызды жемқорлар дей ме, жалмауыздар дей ме, біреулер жеп бітірді ғой. Іле атақты адамдардың аттарын атап, түрлерін түс­теді. Зәреміз кетті. Ғалымдардың да өңдері қашып, қозғалақтап қалды.

Әдеттегідей ушаскобый келмегенде, Темкең ауылдың ұры-қарылары мен арақ жасап сататындары туралы, айтуға болмайтын шаруаларды жайып салатын еді. Ия, Темірбайға бәрібір. Сырттан біреу келсе, аузына келгенін оттай береді. Солар түзеп кететіндей. Анада, облыстан өкілдер келгенде әбден масқарамызды шығарған. «Ауылдағы алты ұрының үшеуі – әкімнің іні-балдыздары, екеуі – ушаскобыйдың туған інілері», – деп. Ұяттан жұрдай. Әйтеуір, келген бас­тықтар жақсы екен. Қарқылдап күліп, қоя салды.

Темкеңді тұтқындап әкеткеннен кейін табақ тартылды. Ет туралғанша, ғалымдар сұрақтарға жауап бере бастады. Олар жағдайдың жылдан жылға жақсарып келе жатқанын, отыз жылдың тарих үшін түкке түрмайтынын, космостық есеппен бір жарым сағатқа тең екенін тәптіштеп түсіндірді.

«Аз уақытта арабтарды басып озамыз», – деді көзі ежірейген біреуі. Темкеңнің көршісі Аюбай мұғалім: «Біз космоста емес, ауылда тұрамыз ғой. Және ешкіммен жарыспай-ақ қойсақ…», – деп әңгімені көбейте бастап еді, әкімнің алдын ала берген тапсырмасы бойынша, бәріміз арадай жабылып, талап тастадық.

Бұ кезде отырған жеріміз мектептің дәретханасындай боқ сасып кетті. Бұрыңғы партия-совет қызметкері, бір дөкейдің осындағы ұлан-ғайыр жайлауының атқарушы деректірі, әрі штаттан тыс шпионы Егінбай шал бұтына жіберіп қойыпты. Жалмаңдап кәрі қойдың жамбасын жәукемдеп отыр еді. «Астым жылып кетті», – деп қояды. Көріңде өкіргір… Бұған бәлен деуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Қырсықса, бір-екі сиырың мен оншақты қой-ешкіңді жайлымға жібермей қояды.

Түк сезбегендей, демді ішке тартып, табаққа қол салдық. Әкімнің аты әкім ғой, «Есік-терезені ашып қойыңдар!», – деп, шұғыл тапсырма берді. Сөйтіп, тұншығып өлуден аман қалдық. Әкімге рахмет! Елдің жағдайын жақсы біледі екен. Жақында сайланып еді…

– Бір ауыздан дауыс береміз. Алаңдамаңыздар! – деп доғдырлардың

да көңілін көтеріп қойды. Сонымен, саяси бір іс-шара сәтімен аяқталды. Қау­қылдасып қоштасып жатырмыз. Аюбай ғана үнсіз. Екі иығы салбырап, екі көзін жерден алмай кетіп барады. Түбі Темкеңе қосылып, оппозиционер болатын шығар.

Болса – болсыншы…

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button