Теміртау театры халықаралық фестивальде «Үздік ансамбль» атанды
Теміртау қалалық балалар мен жасөспірімдер театры киелі Ұлытау жерінде өткен Жанат Хаджиев атындағы IV Халықаралық театрлар фестивалінен жүлдемен оралып, кеншілер өлкесінің мерейін тасытты.

Ұлытау төрінде халықаралық деңгейде ұйымдастырылған театрлар фестивалі еліміздің мәдени өмірінде ерекше орын алатын маңызды шараға айналды. Биылғы фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей мен Қырғызстаннан келген театр ұжымдары қатысып, өнер бәйгесінде бақ сынады.
Фестиваль – қазақ театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті режиссер Жанат Хаджиевтің рухына тағзым ретінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Театр майталманының есімін иеленген бұл өнер мерекесі жас режиссерлер мен актерлерге шабыт сыйлап, ұлттық өнердің көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді.
Биыл құрметті қонақтар қатарында Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр және кино өнерінің тарланы Тұңғышбай Жаманқұлов пен Жанат Хаджиевтің жұбайы, өнер жанашыры Рашида Хаджиева болды.
Осындай ауқымды, әрі мәртебелі байқауда Теміртау қалалық балалар мен жасөспірімдер театрының өнері жоғары бағаланып, ұжым «Үздік ансамбль» номинациясын жеңіп алды. Бұл – актерлердің сахнадағы шынайылығы, өзара үйлесімі мен режиссерлік шеберліктің айқын көрінісі.
Жас актерлердің рөл сомдау қабілеті мен сахнада біртұтас ансамбль ретінде жұмыс істеуі қазылар алқасының ерекше назарын аударды. Театр ұжымы бұл жеңісті өздеріне көрсетілген үлкен сенім ретінде қабылдап, алдағы уақытта да ізденіс пен биік мақсаттардан таймайтындарын жеткізді.
Теміртау театрының бұл жетістігі – тұтас Арқа өңірінің рухани-мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Балалар мен жасөспірімдер театрын кәсіби деңгейге көтеріп жүрген шығармашылық топты шын жүректен құттықтай отырып, мол шығармашылық табыс тілейміз!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»