Ұжымдасудың ұтары көп
Қазіргі ауылдардың болашағы қалт-құлт етіп, қыл үстінде тұр. Кеңшар тұсындағы онжылдық мектептердің дені негізгі мектепке айналған. Әне-міне бастауыш мектепке көшкелі отырғандары да бар. Басты себеп «бала жоқ» дегенге саяды. Шынтуайтына келсек, ең басты себеп ауыл адамдарының жақсы тірлік, жайлы тұрмыс қуып, қалаға түп қотарылып, қоныс аударуында. Ауыл халқы азайған соң бала санының кемуі заңды құбылыс. Кеңшарлар тараған бетте, бөлімше (ферма) біткен де қаңырап бос қалған. Әр ауылда кемі төрт бөлімше бар десек, әр шағын елді мекен тұрғыны орташа есеппен 20-25 түтінді құрайтын. Бұл дегеніміз ауыл түтіні шамамен 80-100 отбасыға кеміді деген сөз.
Жан басына шақсақ, әр шаңырақтан жоқ дегенде 7-8 адамнан шығады. Оны төрт бөлімшенің түтініне көбейтсек, шамамен әр ауыл 600-700 адамға азаяды екен. Ол тұста әр отбасынан бес-алты қара сирақ қайтсе шығатын. Демек, бұл төрт бөлімше мен кеңшар басынан 300- 350 бала мектеп табалдырығын аттайды дегенді білдіреді. Жан басы көп ауылдың тірлігі де қыз-қыз қайнап, түтіні де көкке тік ұшады. Бөлімшені жоқтап отырғанда, қауіп енді тікелей ауылдарға төне бастады. Ауыл халқы неге шуы мол шаҺарға үдере көшті? Бірі, «ауылда жан бағуға, екі қолға бір күрек жоқ» деді. Бірі, баласының болашағы үшін жылы орнын суытып, бірі «Жер жоқ, ауылда қалып, азын-аулақ мал өсіріп, қай ұшпаққа шығам» деп қала асқанын алға тартады. Сайып келгенде, «ауылды тастап, қалаға кеттің» деп олардың ешбірін айыптап, жазғыра да алмайсың. Уақыт солай еді. Жекешелендіру деген желеумен кеңшар, ферма басшылары, ағасы – жағасы, інісі – тынысы бар, қолы ұзын, еті тірі қауымға, жіліктің майлы басы тиген. Кеңшарға тиесілі ортақ мал мен мүліктен қара халыққа мандымды түк бұйырмады. Қожалық иелері, негізінен кез келген шаруаны атқаратын қара халық екенін, естен шығарып алды. Жекешелендіру кезінде құрылған шаруашылық жетекшілері, қожалық мүшелерінің үлесін басып қалып, қазіргі тілмен айтқанда лақтырып кетті. Ақыр соңында шаруаға қыры, іске ебі жоқ қожалықтардың 70- 80 пайызы жабылып тынды. Қазіргі қожалықтардың көбі, азын-аулақ малдың басын құрап, өз күшімен көтеріліп алған шаруалар. Ауылды тастап кеткендердің басым бөлігі де сол кеңшар қазанының құлағын ұстап, айналасында жүргендер.
Бұл – ауылдардың бір құрылымнан екінші құрылымға өткен, кешегі жекешелендіру кезінде басынан кешкен жалпы сипаттамасы. («Ауыл шаруашылық жерлерін жекеге беріп, сату керек» деп жүрген де сол жер иелері болуы әбден мүмкін). Ақмола, Қостанай облыстарында кеңшарларды таратпай, акционерлік қоғамға біріктіріп, әлі күнге бақуатты тұрмыс кешіп, табысты тірлік кешіп отырған ауылдар жетіп артылады. Бәленің барлығы сол тұстағы ауыл шаруашылық саласына деген теріс көзқарастан туындағанына бүгін нақты көз жеткізуге болады.
Жә, болары болды. Жіберген қателіктер мен кемшіліктерді енді қалпына келтіре алмайсың. Бүгінгі ауылдардың тыныс-тірлігі мен жай-күйін мәз дей алмайсың. Ауылда сұрыпталып, істің ыңғайы мен ығын, мал мен шаруаның жағдайын жетік білетін еңбек адамдары қалған. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда тірлік-тұрмысы да өзгерген.
Айталық, Ақтоғай ауданында «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы Кежек ауылынан басқа елді мекендерге ауыз су толық тартылып біткен. Қаланың жайлы тұрмысы ауылға да жетті. Ыстық-суық су, үй-үйге еніп тұр. Бірлі-жарым отбасының қаладан ауылға бет бұра бастағаны да байқалады. Демек, ауылдың болашағына нүкте қоюға әлі ерте.
Мемлекеттің де аймақ пен аудан, ауылдың да ең басты байлығы адам десек, бұл тұрғыдан алғанда бүгінгі ауылдардың байлығымен мақтана алмайсың. Халық аз. Біле білсек, ауыл – қазақтың ұлттық кодын сақтап тұрған алтын құрсағы, қазақтың тілін, ділін, әдет-ғұрпын жоғалпай ұстап тұрған алтын қазығы. Сондықтан ауыл тақырыбын мезгіл мінберінен, күн тақырыбынан ысырып тастауға болмайды. «Ауылға келем, мал өсірем» деген адамдар болса, жергілікті билік жан-жақты қолдау көрсетіп, құшақ жая қарсы алуға бейілді. Ол үшін ең алдымен сол ауылға бет түзеуге пейілді қауымды еңбекпен қамтып, бұрынғы экономикалық тиімді ұжымдық шаруашылықтардың бойына қан жүгіртіп, акционерлік қоғамдар мен ауыл шаруашылық кооперативтерін жандандыру істерін қолға алуды жеделдету керек. Ұжымдық шаруашылықтардың тиімді екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұл тарапта ұжымдық шаруашылықтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен түрлі қаржылық мүмкіндіктер де мол (Субсидия, жеңілдетілген, қайтарымсыз несие түрлері).
Ауылға келгісі келетін елдің алдынан шығатын бірінші кедергілік, жер мәселесі. Көптеген жер құжат жүзінде қожалары болғанмен тусырап бос жатыр. Қожалары сол бұрынғы, не қазіргі атқамінерлер. Кейбір жер иелері шөбін шауып, саудалап, кейбірі екінші бір тарапқа жалға беріп қойған. Пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару туралы пәрмен бар болғанмен, жүзеге асыратын дәрмені жоқ. Бірер жыл ілгері ауыл шаруашылық бөлімі ішінен жер мәселесімен шұғылданатын арнайы инспекторлық штат та ашылған. Бірақ, ол инспектордың тусырап бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару барысындағы әрекетінен әзірге түк шықпай отырғанынан да хабардармыз. Алайда, қазір талап басқа. Қолданыста жоқ жерлерді мемлекет иелігіне қайтарып, ұжымдық шаруашылықтар мен жеке тұлғалардың өз істерін ашуға мүмкіндігі бар.
Анығында, бүгінгі, аудан бойынша есепте тұрған кейбір шаруашылықтардың «қожалық» деген құр аты. Санда бар, санатта жоқ.
Сөзіміз жалаң шықпас үшін құжатты сөйлетіп көрсек. Шағын мақала аясында тұтас ауданның шаруашылығы қақындағы статистикалық мәліметті шолып шығу мүмкін емес. Сондықтан, тек бір ауылдың жері мен мал басы жөніндегі мәліметтен мысал келтіре кетейік.
Ақтоғай ауданына қарасты Айыртас ауылы бір кездегі іргелі шаруашылықтардың бірі. Табиғаты сұлу, жері шұрайлы, аумағы үлкен нағыз «мал өсірем» деген елге таптырмайтын қоныс. Міне, осы Айыртас ауылында ауыл шаруашылығына арналған жердің көлемі 71 464 гектарды құрайды. Бір заманда өзге түлік түрін есепке алмағанда шамамен 40-50 мың бас қой өсірген, әлеуеті зор ірі шаруашылықтың, күні бүгінде бар-жоғы 18 шаруа қожалығына қарап, бар-жоғы 1550 бас ірі қара, 2076 бас қой, 771 бас ешкі, 715 бас жылқыға қарап отыр дегенге кім сенеді. Оған кеңшардың кезіндегі үлкенді-кішілі автокөліктері мен трактор секілді техникалық күшін қосыңыз. Ауылға елдің келгісі келмейді емес. Келгілері келеді. «Жер жоқ». Айыртас ауылының ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі жоғарыда тұр. Енді мына статистикалық мәліметке зер салыңыз «Қуаныш» шаруа қожалығы мал басы: 67 бас ірі қара, 7 бас ешкі, 2 бас жылқы. Иелігіндегі жер 8168 гектар. «Мектеп» ш.қ. мал басы: 12 бас ірі қара, 8 бас жылқы. Жер көлемі 1457 гектар. «Сарыарқа» ш.қ. мал басы: 27 бас ірі қара, 31 бас қой, 20 бас ешкі, 27 бас жылқы, жері 7295 гектар. Статистикалық мәліметті одан әрі осылайша сөйлете берсек шет-шегіне жетпейміз. Мұндай мысалды барлық ауыл-ауылдан келтіруге болады. Егесі бар, тігерге тұяғы жоқ, тусырап жатқан жерлер қаншама? Мысалға, Абай ауылында 21 192 гектар жері бар ТОО «Қошқар kz» дегеннің тігерге тұяғы жоқ. Тіптен, қожалық құрылғалы қожасы төбесін де көрсетпеген. Жер кезінде «Ойма тазға он теңге, қырма тазға қырық теңге» деген қағидамен таратылып кете барғанын бәріміз білеміз. Бұл проблеманы шешуге жоғарыда айтып өткеніміздей жергілікті атқарушы биліктің әзірге шамасы шектеулі. Кедергілік көп.
«Мал баққанға бітеді». Оны алты жыл Шопан ата таяғын ұстаған адам ретінде жақсы білем. Ауданға қарасты шаруа қожалықтарының көбісінің әлеуеті төмен. Ауыз толтырып айтар ірі қожалықтар тым аз. Көбі азын-аулақ малын үйсіз-күйсіз кезбелерге бақтырады. Қаңғыбас баққан малдан не қайыр, не үміт.
Бүгінгі күні еліміздің нарығын алысжақын шет елдердің ауыл шаруашылық өнімдері мен өзге де азық-түлік түрлері толтырып отырғаны жасырын емес. Сол кемшілік пен олқылықтың орнын толтырып, отандық ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру арқылы, ішкі нарықтың әлеуетін арттыратын уақыт жетті.
Десе де, аймақтың ауыл шаруашылық саласын дамытатын әлеуеті де, болашағы да зор. Мемлекет тарапынан аграрлық салаға басымдық берілген. Әсіресе, ұжымдық шаруашылықтарға көрсетілетін қолдау көмек мықты. Сондықтан, халық «оңаша бұзаудың» бауырына жабыспай, «ортақ өгіздің» мүйізінен ұстап, кооперативтер мен акционерлік қоғам құрып, ұжымдық шаруашылыққа бет бұрғаны жөн. Түптің-түбінде жер асты байлығы сарқылған жаһан жұрты ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы тірлігіне талғажау еткен төрт түлігіне тәуелді болып қалады. Демек, осы бастан ауыл шаруашылық саласына ден қойып, мал басын арттырып қана қоймай, сапаға басымдық беріп, өнімділігін арттыру бағытында жұмыс жүргізуді қолға алсақ, ұпайымыз түгелденіп, ұтылмаймыз. Ол үшін ауылдың халық санын арттыру бағытында жатпай-тұрмай әкімдер әрекет жасау керек. Бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, босаған жерлер мал өсіруге құлшынып отырған жандардың иелігіне өткені дұрыс. Бірер жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан он шақты отбасы Қарабұлақ ауылына келіп қоныс тепті. Қазір елмен етене араласып, қоян-қолтық еңбек етіп, мал тауып жүр. Міне, ауыл, аудан қалаберді облыс атқамінерлері мен ауыл шаруашылық министрлігі осы шалғай елді мекендерге ел қоныстандыру ісін мықтап қолға алса, барлық мәселе өзді өзінен шешілетініне күмән жоқ. Яғни, ауыл тағдырына мемлекеттік деңгейде мән берілуі қажет. Тек сонда ғана ауыл мәселесі оң шешімін таппақ.
Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,
АҚТОҒАЙ ауданы.