Жылжымалы кабинеттер ашылды
Облыстық клиникалық аурухананың хирургия орталығында жылжымалы емдеу және таңу кабинеттері ашылды.
Доңғалақты кешендер медбикелердің жұмысы үшін қажетті құралдар, вакутайнерлер, антисептиктер және қалдықтарға арналған ыдыстар қойылатын арнайы ұяшықтармен және сөрелермен жабдықталған.
– Ем-шараларды бастамас бұрын бөлімше медбикелері жылжымалы кабинетпен клиникалық фармация бөлімшесіне жіберіледі. Ол жерде әр пациентке қажетті дәрі-дәрмек алады. Жылжымалы кабинеттердің ыңғайлылығы осы жерде тағы байқалады. Себебі, медбикелер ауыр заттарды жұмыс істейтін бөлімшелерге өздері көтеріп әкелмейді. Кейін, палаталарда әр пациентке қажетті инъекциялар жүргізіп, сынамаларды алады, – дейді облыстық клиникалық аурухана өкілі.
Қазір орталықта сегіз жылжымалы емдеу және екі таңу кабинеті бар.
– Жылжымалы кабинеттер медбикелер үшін ыңғайлы. Өйткені қажет нәрсенің бәрі қолда. Бұған дейін сынама алу үшін лотоктарды бірге алып жүретін. Ал, әр науқасқа ем-шара жасағаннан кейін аталған лотоктарды ауыстырып отыру керек. Бұл – медбикенің уақытын алатын. Науқас енді медбикенің қолын қалай өңдейтінін, мөрленген құралдарды, препараттарды қалай ашатынын және қалдықтарды арнайы ыдысқа тастайтынын көріп отырады. Бұл әсіресе қозғалысы шектеулі пациенттер үшін өте ыңғайлы. Ауыр ота жасалғаннан кейін пациенттердің біразға дейін өздігінен жүріп-тұра алмайтыны белгілі. Осы жағдайда жылжымалы кешен пациент үшін де, медбике үшін де ыңғайлы болып тұр, – дейді аға медбике Хадиша Сүлейменова.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz