Жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облысымызда да жылумен жабдықтау желілерінің жай-күйіне талдау жүргізу орындалуда екені айтылды облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте. Бірқатар қалаларда зерттеулер жүргізілген, қалғандары жақын арада аяқталуы тиіс. Жалпы, жөндеу науқанына барлығы 96,4 млрд. теңге жұмсау жоспарда. Бұл өткен жылы бөлінген қаржының үштен біріне артық. Одан бөлек, жылу желілері мен жылу көздерін жаңғыртуға қаржыландыру ұлғайтылған.

 

– Мемлекет басшысының облыс бойынша тапсырмасына сәйкес жылумен жабдықтау желілеріне техникалық тексеру жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінде тексеру Қарағанды, Приозерск, Саран және Абай қалаларында жүргізілді. Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында жұмыс жалғасуда. Оларды осы айдың соңына дейін аяқтау қажет, – деді облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Сондай-ақ, Ербол Уәлиұлы энергия станциялары мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары туралы да мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы жылыту мау­сымына дайындық мамырда бас­талған. Қазірдің өзінде станцияларда 8 қазандық пен 6 турбина жөнделген. Кестеге сәйкес 16 қазандық пен 9 турбина жөнделіп жатыр.

Басқарма басшысы проблеманың да бар екенін айтты аппараттық кеңесте. Мәселен, бірқатар энергия көздерінің жұмыс кесте­сі бұзылған. «АрселорМиттал Те­міртау» АҚ ЖЭО-2, «Топар» негізгі энергия тарату станция­сы, Қарағанды, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарындағы қазандықтар мен дербес жылыту жүйелерін дайындау бойынша бекітілген мерзімнен қалыс қалу тіркелген. Инженерлік желілерді жөндеу бойынша кемшіліктер де жоқ емес. Олар облыс орталығында, Балқашта, Теміртауда және Ақтоғай, Нұра, Шет аудандарында анықталған.

Ербол Төлеуов жүргізіліп жат­қан жұмыстарды аяқтаудың соңғы мерзімі 1 қыркүйекке сәйкес келетінін де ескертті. Сондықтан, облыстық басқармалар ведомстволық бағынысты ұйымдардың дайындығын бақылауға алуы тиіс.

Ал, ықтимал тәуекелдер жайлы аумақтық энергетикалық қадағалау және бақылау департаментінің басшысы Ернар Хасенов мәлімдесе, қала және аудан әкімдері жылу желілерін жөндеу бойынша есеп берді.

Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков өзі басқаратын қалада алты жоба іске асырылуда екенін айтты. Одан бөлек, 30 шақырымнан астам жылу магистралінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қала әкімі жоспарланған жұмыстар мерзімінде орындалады деп сендірді.

– Өткен жылыту маусымы проблеманың бар екенін айқындады. Мұның бәрін алдағы қысқа дайындық кезінде ескеру қажет. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен тұрғын үй қорын дайындау жөніндегі жұмыстарды орындауда іркілістерге жол бермеу керектігін көрсетті. Энергетикалық қадағалау департаменті, энергетика басқармасы жөндеу науқанын бақылауды жалғастырсын, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, өңір басшысы жеке сектор тұрғындарының алдын ала көмір қорын жасап алуы үшін ақпараттық жұмыстарға назар аудару керектігін тілге тиек етті.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button